– Соғыстың қиын кезеңінде еңбектің ащы дәмін, заманның тауқыметін тартса да, еш мойымай, саналы ғұмырында бар күш-жігерін елі үшін жұмсап, өзгелердің сый-құрметіне бөленген азаматтар еліміздің әр қиырында баршылық. Бүгінгі кейіпкеріміз солардың бірі де бірегейі. ҚазАқпарат тілшісі 1937 жылы Ақмола облысындағы Зеренді ауданының Еңбекбірлік ауылында дүниеге келген Қазима Хасенова жайлы баяндайды.
Қазима Хасенованың отбасы біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, жұрт қатарлы бейбіт өмір сүріп жатты. Әкенің құшағында, ананың бауырында болудан артық қандай бақыт болушы еді?! Бірақ, қаршадай қыз үшін балалықтың қызығы көпке бармады.
Сұм соғыс басталған кезде екі ағасы майданға аттанып, ол әкесі мен анасына серік болып, бұғанасы қатпай еңбекке араласты. Иә, тағдыр кішкентай қызды еркелеткен жоқ, қыспаққа да алды, тәлкекке де салды. Бір ағасы соғыстан қайтпады.
«Соғыс!.. Осы бір ауыз сөздің қалай ызғарлы, қалай суық естілетінін білсең ғой. Сұм жау бейбіт жатқан кеңес еліне басып кіріп, жұрттың құтын қашырып, тыныштығын кетірді. Соғыс дүрмегінен шалғайда жатқан қазақ елі де ортақ Отанның азаттығы үшін сырт қала алмады. Қаралы күннің қайғы жасын жұтып, қамыққан жандар жауға қару алып ұмтылды. Өз еріктерімен сұранып, өшпенді жаудан кек алмақ болған қазақтың қаншама жас ұландары ерліктің өшпес өнегесін көрсетті. Отбасында алты бала болсақ, оның екеуі ұл еді. Сол екі ағам Тоқтауыл мен Матай да майданға атанды. Соғыс аяқталған соң Тоқтауыл ағам елге оралды, ал Матай болса, Жеңіс күніне бір ай қалғанда Польша жерінде қайтыс болды», – деп еске алады қария.
«Көппен көрген ұлы той» демекші, сарыауыз баланың сағын ешкім сындыра алмады. Ауылда ата-анасымен мал бақты, шөп шауып, отын жинап, картоп еккен. Күзде жиған-терген өнімді әкесі Ахметпен бірге Көкшетауға ат арбамен әкеліп, керек жарағына айырбастап күн көрді. Сөйтіп жүріп бой жетіп, өмірлік серігі Cағдиді кезіктіріп, Қошқарбай ауылында шаңырақ көтереді. Қыз бойындағы әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған өткірлік пен қайсарлық, еңбекке деген құлшыныс отбасылық өмірінде пайдасы тиді. Жеті баланы дүниеге әкеліп, оның алтауын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, өндірді. Бүгін сол балаларынан немере, шөберлер сүйіп отыр.
Еңбек және тыл ардагері Қазима әжейдің пошта саласындағы еңбегі де бір төбе.
«Бүгінгі күн биігінен қарасақ, пошта таратушы қызметі 1970-1980 жылдары керекті де құрметті мамандық иелерінің бірі болғаны белгілі. Мен сол жылдары Қошқарбай мен Заборовка ауылдарына хат-хабар жеткіздім. Екі ауылдағы жүзге тарта шаңырақтың барлығы газет алдыратын. Кем дегенде аудандық және облыстық газеттер арқылы жергілікті жаңалықтардан хабардан болып отыратын. КСРО халықтары сол жылдары әлемдегі ең сауатты азаматтар болды деген деректі өз басым қос қолдап құптаймын. Өйткені, күн сайын жалпы салмағы 30-40 кг шамасындағы баспасөз өнімдері таратылды», – дейді Қазима әжей.
Қарияның сөзінше, сол кезде баспасөзге жазылу әдеттегідей күз айларында басталатын. Газеттер мен журналдар каталогі көпшіліктің қайта-қайта парақтағанына шыдамай осы тұста тозығы жететін. Себебі, әр үйдегі балалар, жастар мен үлкендердің барлығы өзіне керектісін жаздыруға тырысатын. Бір қызығы, материалдық жағдайы жақсы шаңырақтың кейбірі газет-журналды тартынып екі-үшеуден асырмайтын. Есесіне, ол заманда да бюджеті жұқа мұғалімдер оннан астамын бір-ақ алдыратын.
«Аудандық «Коммунизм таңы», «Заря коммунизма», облыстық «Көкшетау правдасы», «Степной маяк», республикалық «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», балаларға арналған «Дружные ребята», одақтық «Комсомольская правда», «Пионерская правда» жастардың «Лениншіл жас», ұстаздарға арналған «Учительская газета», «Білім және еңбек», қыз-келіншектердің «Қазақстан әйелдері», көпшілік сүйіп оқыған «Мәдениет және тұрмыс» журналдары, әзіл-сықағымен сойып салатын «Ара», «Шмель», одақтық «Крокодил» журналдары, инженер-механиктер алдырған «Изобретатель и рационализатор», кәсіподақтардың «Труд», ауыл тұрғындарына арналған «Сельская жизнь» жүздеген миллион данамен шыққан «Известия» мен «Правда», әдебиет сүйер қауымның «Қазақ әдебиеті», неміс диаспорасына арналған, сирек болса да келіп тұратын «Фройндшафт» (Достық) газеті, баласын әскерге жіберген отбасыларға келетін «Красная звезда» газеті, түрлі-түсті суреттерімен жарқ-жұрқ еткен, бағасының қымбаттығынан бірлі-жарым үйлер ғана ала алатын «Огонёк» журналы, партия мүшелерінің «Қазақстан коммунисі», «Коммунист», шет елдер тынысын жазған «За рубежом», туристердің «Вокруг света», бірен-саран автокөлік иелері жаздырған «За рулем» журналдары баспахана лентасынан шығысымен қап-қап болып жеткізіліп жатты. Партия идеологиясы жоғары рухани құндылықтарды насихаттаған сол тұста, газеттер мен журналдар тұнып тұрған ілім-білім мен тәрбие еді. Қызыққан балаларым бас салып оқуға кірісетін. Оқуға құмарлықтың арқасында барлығы таңдаған жоғары оқу орындарын аяқтады, бүгінде өз кәсіптерін жүргізіп отыр», – деп толықтырды Қазима әжей.
Зерендіден таңғысын толтыра тиелген «ГАЗ-53» жүк автокөлігі ауданның үштен бірін аралап, түстен кейін Қошқарбайға жеткенде босап қалады екен. Ол кезде қазіргідей интернет, әлеуметтік желі деген жоқ, жұрттың бәрі газет-журналдарға жаппай жазылады.
«Газет-журналдың үйіп-төгіп келетін күні, әр айдың соңғы сенбісі еді. Республикалық, одақтық журналдар мен апталық газеттердің жарыққа шығатын кезеңі соған сәйкестендірілді. Келген хат-хабарды иелеріне сол күні жылдамдатып жеткізу үшін, мектеп жасындағы балаларым көп қолғабыс етті. Алқа-қотан отыра қалып, әр үйге тиесілі газеттер жеке сұрыпталып, шекесіне шаңырақ иесінің есімін жазып, пошташының үлкен сөмкесіне тоғытылатын. Әрмен қарай, поштаның арнайы берген көлігі – жазда ат-арбаға, қыс айларында шанаға тиеліп, бес шақырымдағы Айдарлыға (Заборовкаға) жолға шығатынмын. Қыстың қақаған аязы мен алай-дүлей борандарына, шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан хат-хабар және қариялардың қашан келер деп күтіп отырған зейнетақыларын қолдарына тезірек тигізу үшін жолға шығып жүрдік. Ол тұста әр үйде сегіз, оннан бала болды. Көп балалы аналарға тиесілі жәрдемақы мен қариялардың зейнетақылары да пошта жүйесімен таратылды. Қаржы-қаражат қашан да асқан мұқияттылықты, зор жауапкершілікті керек етеді. Сол кездегі өлшеммен санағанда, екі ауылға ай сайын тиесілі жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері бір «Москвич» автокөлігінің құны шамасында болды. Сол қаражаттың соңғы тиынына дейін алушы қолына тигізіп, міндетімді адал атқардым. Адалдық пен жауапкершілік – шаңырағымыздың басты ұстанымы. Өмірлік серігім Сағди екеуіміз балаларымыз мен немерелерімізді де соған баулыдық. Атадан қалған осынау асыл тәрбие арқасында қаумалаған немере, шөберені иіскеп отырған күйге жеттім», – деп түйіндеді кейіпкеріміз.
Осы ретте, Ақмола облыстық пошта саласының қызметкерлері өздерінің осындай ерен еңбектерімен үлгі болатын еңбек және тыл ардагерлерін әрқашан мақтан тұтады.
9 мамыр – Жеңіс күнін қарсаңында соғыс және тыл ардагерлерін құрметтеп, кейінгі толқынға үлгі-өнеге ретінде көрсету мақсатында «Қазпошта»АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Қайрат Бекенов Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай ауылында тұратын, пошта саласында хат тасушы болып қызмет еткен, еңбек және тыл ардагері Қазима Хасенованың шаңырағына барып, мерекемен құттықтады және сый-сыяпат жасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жеңіс күніне орай ақмолалық соғыс ардагерлері 1,5 млн теңгеден алатынын жазған едік.