Облыстық мәслихат депутаты Айдын Төребаев Қосшы қаласындағы №2 мектеп оқушыларының тамақтану мәселесіне байланысты туындаған наразылық бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын. Ізін суытпай осы мәселенің мән-жайын анықтап, шаралар қабылдау мақсатында фракция отырысы ұйымдастырылып, Қосшы қаласы білім бөлімінің жетекшісі Қанат Ахметов баяндама жасады.
Жалпы, Қосшы қаласында 5 білім беру ұйымы бар. Қала мектептерінде барлығы 1622 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған, 1297 бірінші сынып оқушылары үшін бюджет есебінен тегін тамақтану ұйымдастырылған. Жуырда Қосшы қаласының №2 жалпы білім беретін мектебінің асхана мәселесіне қатысты әлеуметтік желіге тараған наразылыққа байланысты қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қосымша тексерістер жүргізген. Тексеріс нәтижесінде кемшіліктерді жоюға уақыт беріліп, айыппұл салынған. Мектептегі бракеражды комиссиясының құрамы қайта қарастырып ата-аналар тарапынан күн сайын кезекшілік ұйымдастырылған. Болған жағдайдан кейін мектеп әкімшілігі асхана жұмысын, ас мәзірін, тағамның сапасын күнделікті қатаң бақылауға алды. Фракция мүшелері облыстық білім басқарамасы мен облыстық санитарлық-эпидимиологиялық департаментінің жетекшілерін тыңдай келе, заң талаптарын сақтай отыра, оқушылардың сапалы, құнарлы тамақпен қамтылуын қадағалауды тапсырды.
Депуаттық фракция отырысының нәтижесінде бірқатар ұсыныстар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға орындалу үшін жолданды.
«Балалардың өсіп жетілуі, құнарлы, дәрумендерге бай тамақпен қамтылуы мектепте баланы қадағалап отырған ұстазға, асхана иесіне, отбасында ата-анаға байланысты. Осылайша баланы үшжақты қамқорлыққа алып, шын мейіріммен қарап, баптап-күткенде ғана дені сау, болашағы жарқын ұрпақты қалыптастыра аларымыз анық. Сондықтан бұл мәселе партияның қатаң бақылауында болады»,- деді жиын соңында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Берген Беспалинов.