Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғалымнан із қалады - АРҚА АЖАРЫ

Ғалымнан із қалады

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қайыржан Ғабдоллаұлы  Қожабаевты еске алуға арналған «Заманауи математикалық білім: тәжірибе, проблемалар, келешек» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Өзің жақын білетін адамың туралы өткен шақта естелік жазу оңай емес екені белгілі.Адам бақилық болған соң ең басты байлығы,оның артында қалған өшпейтін ізі, елдің игілігіне жұмсаған жақсылығы емес пе?! Тіршілігінде халқына адал қызмет еткен, отбасына, ағайын-туыс, дос-жаранға сыйлы болған, университетіміздің тарихы мен аңызына айналған Қайыржан ағамызды Көкшетауда, білім саласында білмейтін адам жоқ шығар, сірә… Сонау 60-жылдардың басында осы, Тың өлкесі, солтүстік аймақта мамандар даярлау үшін мұғалімдер институты, яғни, педагогикалық институт ашылғанда алғашқылардың бірі болып оқытушылық қызметке кіріп, қатардағы мұғалімнен проректорға дейін, профессор, академик деңгейіне көтеріліп, маңдай алды ұстаздардың бірі болуекінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық.

Қайрекең  киелі Омбы жерінің тумасы ғой. Кезінде қазақтың зиялы қауымы, Алаш қайраткерлері, оқымыстылары Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгерұлы, Нығмет Нұрмақов, Мағжан, Міржақып, Әлихан, Ахмет Байтұрсыновтың оқыған, қызмет істеп, ағартушылықпен айналысқан жері емес пе. Талай би-батырлар,шешендер, қажылар  шығып,қазақ тарихының түгі қалған жер деп айтады тарихшылар. Омбының Есілкөл ауданы, ағамыздың туған жері,  әлі де қазақы иісінен айырылмаған, қаймағы бұзылмаған ел. Кезінде қазақ мектептері, қаланың өзінде қазақ педагогикалық училищесі, мешіттер молынан болған. Қайыржан ағаларымыз жасынан ел аузындағы әңгімелерді, ескі көз қариялардың есті сөздерін естіп өскен ғой. Бәлкім, осы өскен ортасы ма екен, кейін 1957 жылы Қызылжар пединститутқа оқуға түсуіне әсер еткені. Сол Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтында Қосыбай Айтқожин,Қадыржан Әбуев, Тыныштық Мұқатқызы сынды аға-апаларымыз, бәрі бірге оқып, танысады. Оқуды бітірген соң бірқатар мектептерде мұғалімдік қызметте болып, 1965 жылдан осы бертінге дейін, жарты ғасырдан астам Шоқан Уәлиханов атындағы жоғары білім ордасында тапжылмай жұмыс істеген. Университет тарихында осыншама елге қызмет еткен адам,сірә, жоқ шығар деймін.

Алғаш Қайыржан ағайментанысқанымұмытпасам, 1989 жылы болуы керек, үлкен қарындасым Әсия тұрмысқа шығатын болып, ол кезде мен Зерендіде аудандық «Білім» қоғамында қызметтемін, той-құдалық дегендей, дайындық үстіндеміз. Әсия менің қолымда тұратын. Содан Кіші Жамантұз ауылында құда күттік. Құдалар Ленинград ауданының Бостандық деген жерінен, бірақ, түбі Қызылту,Омбы жағы. Қайрекең құдағиымызға ағайындас болып келеді екен, құдалардың қатарында келді. Ол кезде ағамыз пединститутта проректор еді, бір-екі күн дәмдес болдық, таныстық, білістік дегендей. Кейін мен де 1994 жылы осы институтқа тарих пәнінен оқытушы болып орналастым, қоян-қолтық бірге істедік, ақылын әрқашанда айтып отыратын, апай екеуі жас демей қонаққа шақырып, жақын тартып жүрді. Кіші ұлы Арман үйленгенде басы-қасында жүріп, қолдан келгенше қолғабыс бердім.

Қайрекеңнің заманында ақсақалдарымыз, абыздарымыз біраз бар еді. Бәрі қандай еді, шетінен ғалым, ұстаз, тәлімгер… Біразының көзін көрдім. Жапар Теңізбаев, Қуандық Жоламанов, Евгений Боярский, Нарбай Ыбыраев, Жағыпар Мусин, Оғаз Сұлтаньяев, Қадыржан Абуев, Вильгем Белц,Нұрбек Бозов,Наталья Еремия және тағы басқалары. Үш факультет, филология, физмат, шетел тілі мамандықтары ежелден келе жатқан қара шаңырақ болып табылады. 1962 жылы ашылған физика-математика факультеті жүздеген түлектер шығарып, алтын әріппен тарихқа жазылды. Әр жылдары факультетте Володарский, Субханкулов, Марченкова, Мұсабаев, Киршова, Боранбаев, Есмұханов,Домалевский, Вайдеман, Аширов, Омарқұлов, Мұсабеков, Сейтенов, Мәліков, Байшағыров,Хамзина, Рахымжанов, Мұхамедин, Құттықожаева сынды білікті мамандар, ғалымдар іздерін қалдырды. Қайрекең өмір бойы осы кафедрада істеді, шәкірттер тәрбиеледі, ғылыммен айналысты.

Соңғы жылдары  «Жоғары және орта мектеп дидактикасы» зертханасын меңгеріп, басшылық жасады. Ғылыми жұмыспен айналысқан кафедра мұғалімдері, жас ғалымдар Қайыржан Ғабдоллаұлының жетекшілігімен кредиттік технологияны қолданып, оқу үдерісін жобалаудың теориялық негіздерін зерттеп айқындаумен айналысты, сонымен қатар, оқушылар мен студенттер мемлекеттік жалпы стандарттар бойынша оқудың, білімнің білім деңгейіне әсерін,дамуын қадағалап, болашақ математика мұғалімінің кәсіби сапасының қалыптасуының шарттарын, мектептің математика курсының түйінді, базалық және арнайы құзыреттілік қасиеттерінің психологиялық-педагогикалық дамуын, қалыптасуын қамтамасыз ететін шарттарын зерттеумен, өңдеумен айналысты.Қайрекеңнің кезінде аталмыш лаборатория бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, оған Ұлыбритания, Белоруссия, Ресей, оның Омбы, Тольятти, Кострома, Саратов, Ижевск, Курск, Белгород қалалары, Қырғызстан мен еліміздің көптеген қалаларынан ғалымдар мен мектеп мұғалімдері қатысқаны есімде. Зертхана үнемі ауыл мектептеріне қамқорлық жасап, тығыз байланыста болды. Оларды қажетті әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіп отыратын. Қайрекеңнің өзі «Математиканы тәрбиелей дамыта оқыту», «Математиканың мектеп курсын тәрбиелік-дамытушылық оқыту тұрғысындағы теориясы мен әдістемесі», «Мектепте математиканы тәрбиелік-дамытушылық оқыту және болашақ мұғалімдерді даярлау» сияқты бірнеше ғылыми еңбектер жазғанын білетінбіз.

Бар өмірін ғылым мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған Қайыржан ағамыздың беделі елімізде де, таяу шет елдерде де үлкен еді. Мәскеу, Новосибирск, Тольятти, Омбы  ғалымдарымен тығыз шығармашылық байланыста болып, бірнеше университеттерде диссертациялық кеңестің, республикалық әдістемелік кеңестің мүшесі лауазымын абыроймен атқарды. Академик лауазымына дейін көтерілуі, көптеген марапаттардың иесі атанып, Париж кітап көрмесінің алтын медалін алуы,Ресей ғалымдарының энциклопедиясына кіруі, «Үздік оқытушы» атағына ие болуы, математика мамандығы бойынша докторантура ашуы, осының бәрі ағамыздың қажырлы да қайратты көп жылғы еңбегінің жемісі дер едім. Шәкірттерінің өзі бір төбе емес пе.Соның біреуін ғана айтайын. Көп жылдар бойы қала, облыс көлемінде партия, комсомол саласында қызмет атқарып, кейін кәсіпкерлікпен айналысқан, қазірде облыстық мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағын басқаратын Боранбай Бегалин әлі күнге дейін ағамыз туралы жылы лебіздерін айтып, еске алып отырады. Ғылым жолына түскен шәкірттері де, оқу орнымызда өзі сияқты аға жолын қуып, абыроймен жүріп жатыр. Бұл орайда, Гүлнәр Баянқызы, Рашит Мұсайбеков, Рүстем Ғабдуллиндерді ауыз толтырып айтуға болады. Жуырда ғана тағы бір шәкірті Сымбат Зікірина докторлығын өте сәтті қорғады. Қай қалаға немесе ауылға барсаңыз, мектеп директоры ма, мұғалім бе, алдынан шығып сәлем беріп жатқанын көретінбіз. Әр ұлттан, әр елден дегендей. Бүгінге дейін хабарласып жатады, еске алады. Қайрекеңнің салып кеткен даңғыл жолы барлық жерде сайрап жатыр, ылайым солай болғай.

2018 жылы жаз айы болатын, университетімізге жаңа басшы болып тағайындалғанына көп болмаған Марат Қадірұлы Қайрекеңнің 80-жылдық мерейтойына қатысты. Ұжыммен жаңа танысып жатқан кезі, әдейі ағамыздың тойына арнайы Астанадан белгілі әнші, республикамыздың еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықпаевты шақыртқан екен. Көкшеліктер бәрі де таң қалысты. Атышулы өнер адамының әдейі ат басын ағамыздың тойына бұруы үлкен абырой болып еді. Бірнеше ән айтып, мерейімізді аспанғабір шығарып кетіп еді. Ағамыз да қатты риза болып, әншіге иығына шапан жауып, батасын берген-ді.

Көп пе, аз ба білмеймін, бірақ, ағамен жақсы сыйласып өттік, өмір болған соң пендешілік болуы мүмкін, аз ғұмырыңды сыйластықпен өткізгенге не жетсін. Адам осы өмірдің қонағы, артыңда қалатыны ізгі істерің, атқарған амалдарың. Қайрекеңдердің өмірінің біраз бөлігі, балалық шағы соғыс уақытына, жоқшылыққа, аш-жалаңаш кезеңге сәйкес келді. Соғыстан кейінгі елдің тұрмысы көпке дейін оңалып кете қойған жоқ.  Әкесі соғысқа қатысты, анасы тылда жан аямай жұмыс істеді. Интернатта оқыды, бірде бар, бірде жоқ дүние. «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп Абай атамыз айтқандай,  осының бәрінің әсері болу керек, ол кездегі балалар тез есейетін, ерте қара жұмысқа тартылып, жауапкершілікті жете түсінетін, ата-анаға қолқабыс болу, кіші бауырларына қарау, бәрі мойнына түскен заман жүгі еді ғой.Осының бәрін ағаларымыз көрді.Тәуелсіздік алысымен 1991 жылы тәрбие, идеология сұрақтары бойынша проректор болып үш жыл қызмет атқарды. Оңай болған жоқ әрине, көп жыл бойы советтік құлдық сана мен психологиядан арылумен күрес жүргізді. Сол кездегі ректорымыз Абай Ахметқалиұлы сенім білдіріп құрмет көрсетті, себебі, өзара сыйластықтары жақсы еді. Абай ағамыз Қайрекеңнің тау тұлғалы бітімін көріп «Қайыржан батырым» деп еркелетіп жүретін.

Қазақта жақсы азаматтың жалынды ісін, жарқын тірлігін көргенде, ел-жұрты сүйсініп,шынайы ризашылық білдіріп жатады. Ақсақалдар, абыздар кез-келген ортаның әдемі көрінісі, тарихы, абырой-беделі  емес пе?!Оғаз, Қайыржан, Қадыржан ағаларымыз оқу орнына келгенде кәдімгідей ғалымдардың аталары келгендей, университеттің іші бір нұрланып тұрғандай көрінетін. Ғылымның да,ордамыздың да көркі осы профессорларымыз екен-ау… Әлдебір пендешілікке немесе күйбең тірліктің қарбаласына кіріп кетсең, осы ағаларымыз тоқтау айтып, сабырлылыққа шақырып, тәубеңе келтіріп отыратын. Осы кісілердің сара жолымен өзіміз де бой түзедік, өстік, тәрбиелендік, ұқсап бақтық, көрген-түйгенімізді өзімізден кейінгілерге үйретуге тырыстық. Қазір де осы жағдай өз басымызға түсіп жатыр, біреуге ақыл айтасың, үлкендігіңді білдіресің,  жастар түсіне ме түсінбей ме, кім біледі?! Үйренеріміз көп екен. Қайрекеңдердің бітім-болмысы, тұла бойы, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзі, сабырлы қалпы бір өнеге еді.Қарапайым ғана, жымиып өтіп, бәрімізбен басын изеп амандасып, өзінің ондаған жылдар бойы кіріп-шығып жүрген аудиториясына көтеріліп бара жататын. Бәрі шетінен өте қарапайым, шын ғалымға тән, өздерінің істеріне берік, байлық-мансап қумаған, тек ғылым мен білімді шамшырақ етіп ұстанып өткен жандар еді. Бойларынан бір ізгілік, мырзалық, зиялылық пен тұлғалық лебі, академиялық қасиет  есіп тұратын. Ескінің көзі дерсің. Әңгіменің өзі қандай еді ол кісілер туралы. «Қожабаевтың кафедрасы», «Қожабаевтың шәкірті», «Қайыржан ағай келе жатыр» дегендей. Бесінші этаждағы кафедрасы, кабинеті, лекция оқитын мінбесі, әлі де көз алдымызда, әлі де өзі шығып қалатындай көрінеді… Не айтамыз, бақилық өмірінде бәрі ойдағыдай болсын, ұрпағына жақсылығын берсін дейміз. Ғалымның хаты да, аты да мәңгілік болғай!

Аманай СЕЙТІҚАСЫМОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
ректорының кеңесшісі.

Loading

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар