Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Асылдың тұяғы - АРҚА АЖАРЫ

Асылдың тұяғы

Төсекте жаны бір, төскейде малы ортақ Атығай – Қарауылдың ұрпақтары әрқашанда бауырмалдығымен, ержүректігімен, көрегендігімен ерекшеленіп, еліне қамқор бола білген. Қарашадан шығып хан атанған Зілқара Көкшетау дуанының аға сұлтаны болған кезінде ақ патшаға кілең бір түсті, асыл тұқымды үш жүз арғымақты сыйға тартып, санжар-бекзадаларды таңдай қақтырды. Ал, әкесінің атақ-даңқын қазақ сахарасына жайып, батыр атанған Әлібек әннің ақсұңқары Ақан серіні бауырына тартты. Шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік Құлагердің атағын ең алғаш үш жүзге жайды. Міне, осылай Көкшетау-Қызылжар өңірі мен Орта жүзге әйгілі болған ұлы тұлғалар Зілқара-Шопан-Әлібектің тәуелсіз қазақ елінің кемеңгер перзенті Мақтай Рамазанұлы Сағдиевтің жетінші аталары екендігін қалайша мақтан етпеске. Атығай әулетінің шежірелі ғұмырнамасын қасиетті де киелі Көкше жерімен байланыстыруымыздың тағы бір себебі – ордалы бұл мекен Мақтай Рамазанұлының нағашы жұрты болады Бәлкім «жігіттің жақсысы нағашысынан» деген қағида осыдан туындаған шығар.

Келесі жылы 95 жасқа толатын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ел ардақтысы Мақтай Сағдиев те –саналы ғұмырын халқына адал қызмет етуге арнап, ел тарихында айшықты із қалдырған тұлға. Бұғантрактор-егіс бригадасының есепшісінен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы лауазымына дейінгі мәртебелі өсу жолдары айқын дәлел болса керек. Мақтай Рамазанұлы Сағдиев 1929 жылғы 12 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданындағы Өндіріс ауылында өмірге келді. Семей педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, мұғалім әрі мектеп директоры ретінде шәкірт тәрбиеледі.

Білім саласында осылай абыройы асқақтап тұрған шағында Мақтай аға да мемлекеттік лауазымды қызметке тартылып, совхоз парткомының хатшысы, директоры болды. Тыңда түлеген шаруашылықтардың экономикасын өрге бастырып, өзі де үлкен тағылымнан өтті. Осындай ұйымдастырушылық және саяси қабілетінің арқасында 1966 жылы Соколов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сайып келгенде, Солтүстік Қазақстан өңірінде саналы ғұмырының жиырма бір жылын арнаған Мақтай Рамазанұлы дарынды басшы әрі тәлімді тәлімгер ретінде жерлестерінің шынайы ілтипатына бөленді.

Республика басшылығы парасатты тұлға Мақтай Сағдиевтің ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегін әрдайымда жоғары бағалап, мемлекеттік деңгейдегі жауапты қызметтерді сеніп тапсырды. 1971-1986 жылдары Торғай облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі, Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып істегенде де өнеркәсіпті, құрылысты дамытуда, азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруда айрықша табандылық таныта білді.

Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген  1985-1989 жылдары Мақтай Рамазанұлы алмас қылыштай жарқылдап, бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін киелі өлкенің өркендеуіне арнады. Келешекті көрегендікпен болжай білетін дарынды басшы халық шаруашылығының әр саласына бірдей көңіл бөлуге тырысты. Көкшетау облысының басты қазынасы астық болғандықтан Шортандыдағы бүкілдақтық егіншілік ғылыми-зерттеу институтының тәжірибесіне сүйеніп, жоғары сортты бидай өсіру көрсеткішін 99,5 пайызға жеткізді. Арнайы мамандандырылған 40 шаруашылық қой өсірумен, 18 совхоз ірі қараны бордақылап семіртумен айналысты. Сүт сауу көрсеткіші артып, құс шаруашылығының дамуына даңғыл жол ашылды.

Жаңадан фарфор заводы, каолин комбинаты, тоқыма-тігін және тұрмыстық бұйымдар фабрикалары ашылып өнеркәсіптегі өнім өсімі 14 пайызға молайды. Обкомның бірінші хатшысының тікелей бастамасымен «Тұрғын үй-90» арнайы бағдарламасы қабылданып, ойдағыдай жүзеге асырылды. Колхоз-совхоздарда жыл сайын 15-20 пәтерден, 200-дей кулинар дүкендер салынып, 100 совхозда санаторий-профилакторий ашылды.Көкшетау-Бурабай автомобиль жолының бойындағы Жамантұз ауылында бой көтерген сәулетті коттедждерсол кезде біздің күнделікті тұрмысымызда сирек кездесетін құбылыс болды.

Ал, облыс орталығында салынған «Центральный» және «Васильковка» шағын аудандары, Абылай хан даңғылы іскер басшының айшықты қолтанбасы іспеттес. «Бурабай», «Синегорье» және «Сыбаға» дүкендерінің тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуі республикаға озық тәжірибе ретінде таратылды.Абылай хан және Нұрсұлтан Назарбаевдаңғылдарының қиылысындағы даланың жалпақ тастарынан қаланған биік төмпешікті халық «Мақтай тауы» деп атайды. Бұл жерге көкшетаулықтар мен қала меймандары жиі келсе, жас жұбайлар, мектеп түлектері ескерткіш жаңында фотоға түседі.

Халқының бай тарихын құрметпен бағалап,салт-дәстүрімізді қастерлей білген іскер азаматтың мәдениет пен өнерді, жалпы әлеуметтік саланы өркендеуге сіңірген еңбегі де ерекше. Мақаңның қамқорлығыменСырымбетте Айғаным ханшаның усадьбасы, Шоқанның мұражайы салынып, Ақан серінің ауылын бұрыңғы ата жұртына көшіруге үкімет қаулысын қабылдатты. Облыс орталығында жыр дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серінің композициялық ескерткіштерінің бой көтеруі де – Мақаңның кең масштабтағы кеменгер тұлға екендігін тағы бір айғақтай түскендей. Жалпы, М.Сағдиев кеңбайтақ республикамыздың әр түпкірінде қызмет істеген кездері әдебиет пен өнер қайраткерлерімен, жазушы-ақындармен тығыз қарым-қатынаста болды. Көкшелік көрнекті қаламгерлер Естай Мырзахметов, Ибрагим Салахов, әйгілі «Ақан сері» романдарының авторы Сәкен сері Жүнісов, ақындар Төлеген Қажыбаев, Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабеков, әншілер Кәрім Ілиясов, Бисара Мәкенованың туған  жердің мәртебесін жырлаудағы, ән-жырмен аялаған Көкшетауының ғажайыбын құлпырта жазудағы еңбектерін жоғары бағалап, қолдау көрсете білді.

Көкше жерінде, республикамызда айтыс өнерінің туын көтерген дарынды ақын, соғыс ардагері Көкен Шәкеевтің шығармашылығын ерекше бағалай отырып, 1987 жылы оған «Қазақ КСР-нің халық ақыны» атаған алып берді. Бұл өнер мен жырды шын бағалайтын жалпақ жұртшылық үшін де, Көкеннің өзі үшін де,  соған атсалысқан облыс басшысы Мақтай Сағдиев үшінде үлкен мәртебе, зор абырой еді.Дарынды басшының іскерлігі, көрегендігі жоғары бағаланып, 1989 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, ал, 1991 жылы Қазақстан Республикасы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Заң шығарушылық қызметті одан әрі жетілдіріп, еліміздің тағдыры шешілген сындарлы сәттерде ақылман ақсақал ретінде байсалды пікірін айтып, қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына лайықты үлесін қосты. Ел ардақтысының мемлекетіміздің мәртебесін өсіру жолындағы қажырлы еңбегі ескеріліп, Ленин, Октябрь Революциясы, «Парасат», үш мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталып, «Ақмола облысының құрмет азаматы» және «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атақтары берілді.

Көкшетаулық ардагерлер мен зиялы қауымның ел ардақтысы Мақтай Рамазанұлына деген ілтипаты шексіз. Біздің өтінішіміз бойынша облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен 2019 жылы Көкшетау қаласының бір көшесіне Мақтай Сағдиевтің есімі берілді. ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, тарихымызды жаңғырту мақсатында Мақаңның туған-туысқандарының өтініш-тілектерін ескере келіп, облыс басшылығына Көкшетау қаласындағы өзі негізін қалаған «Мақтай таудың» жанынан бюстін орнату жөнінде де өтініш білдірдім. Жыл сайын Мақаңның мәпелеп өсірген ұлы Ерболдың шақыруымен көкшетаулық қариялар Зерендідегі мемлекеттік ұлттық паркке ағаш отырғызуды да дәстүрге айналдырды. Өмірдегі ақылшым әрі ұстазым, тәлімгерім болған ардақты ағатайым, Мақтай Рамазанұлының рухына бағышталған жүрекжарды сөзімді Көкен ақынның мына жыр өлеңімен аяқтағанды жөн көріп отырмын.

Қуаныштан асыл жыр ақтарылшы,
Жақсылардың ақынды мақтар ісі.
Денсаулық зор, табыс мол бола берсін,
Уа, Мақа, Сіз елімнің мақтанышы!

Көкше десе қоса айтады Мақтайды,
Адам атын адалдықпен ақтайды.
Сынға салып, салмақтасам еңбегін,
Мақтайдай ұл, әзір Көкше таппайды.

Шияп ӘЛИЕВ,
КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты,
Мақтай Сағдиевтің 1989-1991 жылдардағы көмекшісі. 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар