Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұнар да, мұнар дүниенің Манарбек ақыны - АРҚА АЖАРЫ

Мұнар да, мұнар дүниенің Манарбек ақыны

Талантты ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Манарбек Қыдырбайдың  шығармашылығы жайлы ой  мен толғау сөз.

Cәні кетті-ау қорқау толы ортаның,
Сол себепті жалғыз өзім жортамын.
Шын мәнінде достарым көп ақпейіл,
Бірақ олар адамдар ғой…
Қорқамын!
               (Манарбек Қыдырбай,
«Жұпарлы жаңбыр»   кітабынан).

 Құдіретті де қасиетті поэзия әлеміне саяқ жүріп, жалғыз өзі жорта жүріп келген осы бір ақын жігіттің жүріс-тұрысындағы бір кербездікті байқай отырып, «бұл не қылған керім-кербездік екен?» деп сынай да қараған, ойлана да қараған кезім болды.

Жас қой, бәлкім жастықтың желігі, енді-енді бүр жара бастаған ақындықтың көктем лебі де бар, ол да қуаттандырып, қанат бітіріп, желпініп жүретіні содан шығар деп ойлағаным да бар. Алайда, бәйге алар хас тұлпардыңкөздері оттай жанып, басын шұлғып, өз жанын  өзі жеп  жер тарпып,  бауырын жазып армансыз бір шабуды көксеген күй мен  көңіл  ақын Манарбектің бойында да бар екен.

Ақын Манарбектің бәйге алаңы мына мұнар да, мұнар кең дүниенің  шексіз, шетсіз алабы! Сол шексіз де шетсіз дүние алабын жыр апшысымен қуыруға ақын Манарбектің ой әлемі, жүрек сезімі, көңіл қиялы жетер ме екен?! Осыны ойладым да, ақынның қолымдағы «Жұпарлы жаңбыр» жыр кітабын ұзақ уақыт қайра-қайра оқумен болдым. Ақынның әр жырынан ой іздедім! Таптым!

Өлең аулап тасқа біткен қынадан,
Шөл қандырдым тылсым қайнар тұмадан.
Сұлу ойға шомылдырдым санамды,
Жүрегімді алшақ ұстап күнәдан.

Көздерімді Күн нұрына өптірдім,
Маңдай терді ақ самалға кептірдім.
Құба таңнан тауды жортып торымен,
Кеш батқанда өлең аңқып кеп тұрдым… («Өлең болып туармын», 59- бет).

Осы бір «Өлең болып туармын» атты алты шумақтан тұратын Манарбек ақынның жырынан оның өз айналасындағы бар жаратылысты көкірегіне қондыра білгендігі  және сол көкірегінде жатқан әлемнің тылсым сырынан үн мен әуез естіп, кез-келген адам баласы қос  құлағымен ести де алмайтын, қос жанарымен  көре де алмайтын мұнар да мұнар дүниенің  бояуын да, ойын да, мұңы мен қасіретін де, махаббаты мен ғадауатын да жүрек көзінің жыр тілімен жеткізуге ұмтылған  ойының  жүйріктігін аңдадым.

Әманда ақын ойы суреткерлікке ұласып, ұштасса игі! Ақын Манарбектің жалпы суреткерлігі, өз айналасындағы тіршілік атаулының жайы мен күйін жыр полотоносына сөзбен салуға келгенде  ой бояуын қанық әрі әрлі етіп түсіре алатын өзіне тән шеберлігі бар.

Найзағайымен аластап теген көкті,
Меруерт моншақ шашудай себелеп өтті.
Жұлынған гүлдің жанарын жаңбыр шылады,
Жуынған гүлдің жамалын көбелек өпті.

Бір ғана сәт себелеп өткен жаңбырдың  құдыреті мен қасиетін суреттеуге келгенде ақын қиялы қиядағын шалады, сол жаңбыр жұлған гүлдің жанарындағы жасты көреді, сол жаңбыр жуған гүлді өпкен көбелекті көреді және де:

Шудалы бұлтты аспанның күркірін алып,
Бусанды дала жаңбырға кірпігін малып,
Сырғалы гүлден сырғыған тамшымен бірге,
Кеш кемеріне құлады бір күнім ағып…
Кеш кемеріне құлады бір күнім ағып!, –

деп ақын Манарбек мына мұнар да мұнар мына дүниенің адам баласының басынан «сырғыған тамшымен бірге» сол тамшыдай болып өтіп бара жатқан өмірдің, кетіп бара жатқан уақыт керуеннің көшін  қимастықпен «кеш кемеріне құлады бір күнім ағып» деп екі қайталап күрсінеді де, сенің де жүрегіңді шымыр еткізеді.

Бұл ақын күрсінісінің жүрекке жеткені болар! Бұл ақын жырының жүрек гүлінен тамшылаған сезімі болар! Солай және де Манарбек ақынның өмірге ойлы көзбен қарай білетін қасиеті, ақынның әр жырындағы терең ойы мен таза сезімі жыр болып «Кеудеме көшті, жұпарлы жаңбыр лебі» деп  («Жұпарлы жаңбыр», 17-бет) ақынның өзі айтып тұрғанындай оның жырлары дәйім өз оқырманының  жүрегін де, жанын да жаңбыр тамшысы болып, жаңбыр лебі болып шайып, тазартып тұрары бар!

Бүгінгі бұлыңғыр заманның адам көңіліндегі ала да нала бұлтын ыдыратып, көк аспанда жарқ етер күннің жарық сәулесімен нұрландыра алатындай қасиет бар ақын Манарбектің жырында.

Қиялым бар көкті кезген қырандай,
Қос жанарым қарашығы бөрінің, –

деп ақынның өзі айтып тұрғанындай («Табиғи болмыс», 14-бет) қырандай қиялы, бөрінің қарашығындай қос жанары бар Манарбектің кез-келген ақын байқай да, көре де білмейтін өмір ақиқатын ертеректеу сезініп келе жатқаны да бар.

«Бірін бірі талап жеген пенденің» («Ақтабан»,20-бет) осы күнгі тіршілігін сезіне біліп, «Адалдығын итаяққа сатпаған» (Ақтабан», 19-бет) хаюанның тіршілігінен артық көретін ақын жанының  мұңға батып, сыр шертер сәттерінде тербелер де, тебіренер де кездері аз емес-ті. Өйткені, Манарбек ақынның жүрек түпкірінде мәңгілік тербеліп бір сағыныштың жатқанын аңдау керек.

Жүрек түпкірінде мәңгілік тербеліп жатқан сол сағынышын көкті кезген қыран қанатының  қиялымен өзінің туған топырағына қондырып,  бөрінің қарашығындай қос жанарымен балалықтың іздерін шарқ ұрып өткен күндерден іздейді. Биіктен сөйлейді, асқақтай сөйлейді, адал сөйлейді ақын жүрегі.

Жаннаттай жанға жайлы ұйық мекен,
Өрісің арқа-құлжа, киік-бөкен.
Кіндік қаным тамған жер, беу, Делуін,
Мен сені бар ғаламға сүйікті етем!, –

дейді ақын Манарбек! Айтса да, жырласа да өзі туған мекенінің бәсін арттыра сөйлеп тұрған ақын үнінен әлдебір қыранның шамырқанған да ширыққан мінезін  («Туған жер», 39-бет) осы бір жыр жолдарынан тағы да аңдауға болар еді. Манарбек ақында қыранның алғыр мінезі болмаса, жаны да ойы да кіршіксіз таза болмаса ол мынаны:«Кіндік қаным тамған жер, беу, Делуін, мен сені бар ғаламға сүйікті етем! , –  айта алар ма еді деп ойға қалдым.

Ми қатпарын меңіреулік жаулаған,
Мезі қылды, екі жүзді дау қоғам.
Жансарайы ұқсамайтын ешкімге,
Сырт келбеті Көксеркеден аумаған,
Мен де бір күн… Өр тұлғалы тау болам!

Осы бір жыр жолдарына («Тау баласы»,38-бет)  қайра бір зер салып, ақын жүрегінің сырына қайра бір құлақ түрелікші. «Жансарайы ұқсамайтын ешкімге» өр тұлғалы тау болғысы келетін ақын Манарбектің бар жан дүниесі, бар бітім-болмысы да өз туған жерінің құнарлы топырағынан нәр алып, таза ауасы мен кәусар бұлағының тазалығындай мөлдірей жаралған адами келбетін таныр едік.

Осы күні қулығы мен сұмдығы жоқ, жаны да ары да таза, ой-өресі биік те терең  жан баласы болса, сол жалғыз дүниеде. Бәлкім мына екі жүзді  дау қоғамнан мезі болып, жалғыздықты сезіне бастаған мына мұнар да мұнар дүниенің Манарбек ақыны өр тұлғалы тау болғысы келетіні де содан шығар!..

Ақын Манарбектің мына мұнар да, мұнар дүние кеңістігінің адалдығы мен тазалығын, мейірімі мен жақсылығын  тек өзі туып өскен туған жерінен іздей беруінің де сыры тереңде жатыр еді.

Өткен күн елесі санамда,
Мен кеше боз жусан даламда.
Бабамның салтымен күн кешкем,
Киіз үй дейтін ғаламда.

Өткен күн елесі миымда,
Мен кеше жүрсем де қиырда.
Дәстүр мен салтымды бермедім,
Замана соқтырған құйынға, –

дегенді  айта білген ақынның («Жадымдағы жаңғырық», 42-бет)  «киіз үй дейтін ғаламда» дүние танымы қалыптасқандығын ескерсек, енді ол адамның да биіктігіне,  аспанның да биіктігіне  қиял көзін киіз үйдің шаңырағынан   көкке  көз сала отырып іздейтін болады.

Түндігі түрулі киіз үйдегі  жүк аяқта жатып күн сәулесінің жарығы мен жылуынан қуат алып, туырлығы түрулі киіз үйдің  саумал самалының иісі мен лебіне желпініп өскен Манарбек ақынның ендігі жыр ғұмыры жұмақ жер, жұмақ жыр болып жалғаса берері бар. Мұны ақын өзі айтады:

Айнакөлге шомылғанда Ай мүсін,
Жалын жүрек алақанын жайды шын.
Ақ отау деп ақ қағазға қондырдым,
Алып қашып жасын жырдың Ләйлісін.

Пырақ жырға қарғып мініп бұлт астым,
Арасында жүрсем дағы кіл қастың.
Сауық құрып сексен көлде сенделмей,
Сауырына өлең өрдім Пілтастың!

Баураса да жер шоқтығы көркімен,
Айықпадым жұмақ жырдың дертінен,
Қанжар қанат қыран ұшса елтемін,
Қанат қағып Бөлектаудың бөркінен! («Жұмақ жер-Жұмақ жыр», 46-бет).

Міне, ендігі жыр тағдыры жұмақ жер Көкшенің  даласының апшысын қуырып, шаңын көтере шабар ой-қиялы Құлагер тектес жүйрік Манарбектей бір ақын Оқжетпестің биігінен қыран болып саңқылдарына да,Кербез Көкшенің қайыңы мен қарағайының әр бұтағына байланған жапырақ сылдырының сырын да, Сұлу Көкшенің сексен көлінің айдынына  қонған аққу құстың сыңсыған махаббатын да, мұңын да  жүрек тілімен жырлай берері бар. Біз соған  тілекшіміз!

…Мұнар да мұнар мына дүниеде қыран қиялды, тұлпар шабысты,бөрі жанарлы, «итаяққа» адалдығын сатпайтын текті Манарбек Қыдырбай атты ақын бар! Зер сал, тыңда ғалам!

                                                                                      Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
                               жазушы-драматург, Қазақстанның
 еңбек сіңірген қайраткері.

Манарбек ҚЫДЫРБАЙ: 

Сан күдікпен сарғайып сағынышым,
Мұң аймалап барады жанып ішім.
Қара түнге қауырсын малып алып,
Өлең жазып отырам бағым үшін.

Көңіл мұңлы, көз ояу сілкінеді,
Ұйқымды ұрлап алғандай түн түнегі,
Құлын бейнең келеді елес болып,
Періште боп келерсің мүмкін енді…

Манарбек Қыдырбайұлы – 1991 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Делуін сұмынында дүниеге келген. Актер, ақын, драматург-сценарист, “Жұпарлы жаңбыр” жыр жинағының авторы.

Манарбек – 2009 -2013 жылдары Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мəдениет колледжінде “Драма театр артисі” мамандығы бойынша білім алған. 2014-2018 жылдары Қазақ Ұлттық Өнер университетінде “Кинотеледраматургия” мамандығы бойынша білімін шыңдап, үздік дипломмен тəмамдаған. Өлеңдері мен əңгімелері ұжымдық жинақтар мен республика газет- журналдарда ұдайы жарияланып келеді.

2018 жылы түсірілген “Біржан сал елі” деректі фильмі мен “Менің құрбым Мира”, “Құштарлық”, “Үскірік” атты қысқа метражды фильмдердің сценарийін жазған. “Сал-Серілер” атты драмалық инсценировкасы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында сахналанған.

ҚР Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының лауреаты; Халықаралық “Шабыт ” фестивалінің дипломанты; Халықаралық “Ауылым алтын тұғырым” атты ақын-жазушылар байқауының драматургия жанры бойынша I – ші орын жүлдегері; Республикалық “Тəуелсіздік толғауы-2017” байқауынан драматургия жанры бойынша III – орын иегері; “Жастар жалыны-2015” республикалық байқауының ІІІ – орын иегері;

2020 жылы тұңғыш рет өткізілген Сәкен сері Жүнісов атындағы прозашылар байқауының жеңімпазы; 2020 жылы өткізілген “Құлагер” шығармашылық конкурсының драматургия жанры бойынша жеңімпазы. 2021 жылы өткізілген “Жыр арқауы азаттық “халықаралық жыр мүшәйрасының 1-орын иегері; 2021 жылы ұйымдастырылған “Құлагер” шығармашылық конкурсының  проза номинациясы бойынша жеңімпазы.

Манарбек Қыдырбайұлы – қазіргі таңда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемлік жетекшісі әрі әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасауда.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар