Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шәмшінің Көкшедегі күндері - АРҚА АЖАРЫ

Шәмшінің Көкшедегі күндері

Ән әлемінің падишасы, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы халық әндері мен халық композиторларының мұрасынан тамыр тартады. Соның ішінде Біржан мен Ақан әндеріне ынтықтығы ерекше еді. Шәмші өткен ғасырдың жетпісінші жылдары сол сал-серілердің еліне сапарлаған да екен. Сол кезде Көкшетау облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері Болат Исабаев композиторды күтіп алып, сұлу Көкше жерін аралатты. Бұл таныстық ұзақ жылғы достыққа, отбасылық араластыққа ұласты. Болат Елубайұлы қазір Астана қаласында тұрады. Жақында ақсақалмен кездесіп, ескірмес естеліктерді санасында жаңғыртуды сұрадық.

– 1974 жылдың сәуір айы болатын. Облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков мені шақырып алып: «Шәмші Қалдаяқовты білетін боларсың» деді. «Әрине, білемін» деп жауап бердім. Еркін Нұржанұлы: «Ендеше білсең, композитор біздің елде жүрген көрінеді. Алексеевка кентінде (қазіргі Ақкөл) аурухананың бас дәрігері Амангелді Сұрағанов деген досы бар екен. Соның үйінде жатыр дейді. Сен Шәмшіге барып, кездесіп, таныс. Қанша уақытқа келгенін, қандай жоспары бар екенін біл. Көкшетауға келемін десе, осында алып кел» деген тапсырма берді. Айтқанын істедім. Шәмші анық жоспарын айтқан жоқ. Тек: «Көкшетауды көруге келдім. Қанша болатынымды дәм біледі. Көкшені сырттай ғана жақсы білемін. Осы ел мен жерге, Бурабайға құмартып жүруші едім. Өзім әндерін сүйіп тыңдайтын Ақанның, Біржанның елін, жұртын көрсем бе деп ойлағанмын» деді. Мен: «Көкшетауға қашан бару ойыңызда бар?» деп сұрадым. «Қазір барсақ та дайынмын» деп жауап берді. Онда жиналыңыз, ала кетейін» дедім, – деп бастады әңгімесін Болат Елубайұлы.

Содан Шәмшіні және еңбек демалысында жүрген Амангелді Сұрағановты Көкшетауға ертіп алып келді. Шәмші сыралғы досы, композитормен шығармашылық байланыста болған сол уақыттағы «Социалистік Қазақстан» газетінің Көкшетау облысындағы меншікті тілшісі, ақын Еркеш Ибраһиммен кездестіруді сұрады. Еркеш Шәмшінің келетінін біледі екен. Ақын мен композитор «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясында кездесті. Еркеш Шәмшіні қонақүйге түсірмей, болар да болмай өз шаңырағына алып кетті. Ертеңіне обкомға келді. Сапар жоспары сол жерде жасалды.

– «Ең алдымен Ақан серінің зиратына баруым керек. Соны көрсем деп едім. Ел-жұртын аралап, Ақанның көзін көрген адамдар болса, солармен кездескім келеді» деді Шәмші. Сапарды содан бастайтын болдық. Сол кездегі Володар, қазіргі Айыртау ауданының басшыларына хабарластым. Олар «келіңдер» деді. Аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Тимур Іргебаев жол бастады, – дейді Болат ақсақал.

Шәмші Ақанның еліне барғанда ағайындарымен кездесті. Бір қарт кісі серінің көзін көргенін, туысы екенін, бала кезінде Құлагерді талай суарғанын айтты. Композитор Көкшетау ауданы аумағындағы Ақан серінің зиратына тәу етіп, дұға оқыды. Артынша Сырымбет мектебінде композитормен кездесу ұйымдастырылды.

– Халық көп жиналды. Зайкен Атығаева деген оқу ісінің меңгерушісі бар екен. Кездесуді сол жүргізді. Ұстаздар мен оқушылар Шәмшіні «Менің Қазақстаным» әнімен қарсы алды. Шәкең өзінің өмірі, шығармашылығы жөнінде әңгімелеп, сұрақтарға жауап берді. Кейбір әндерінің тарихын айтты. Соның ішінде «Менің Қазақстаным» қалай, не себеппен жазылғанын әңгімеледі. Өте жақсы кеш болды. Оқушылар да белсенді екен. Қысылмай сөйледі. Кешке Зайкен Атығаеваның шаңырағында дәм берілді. Оған ауылдың белгілі адамдары, әншілер, Қайранас деген жыршы қатысты, – дейді Болат Елубайұлы.

Шәмшінің бұл сапары сұлу, көркем табиғатты тамаша­лаумен жалғасты. Композитор Бурабайды аралауға, Біржан салдың бейітіне баруға ниет танытты. Бурабайды аралаған соң, Степняктағы Біржанның басына зиярат етті. Шөкей көлін тамашалады.

– Көкшетауға қайтып оралғаннан кейін композитордан «Енді нені қалайсыз?» деп сұрадық. Шәмші Бурабай оған ұнағанын, сонда бір-екі апта демалғысы және Зерендіні көргісі келетінін айтты. Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, соғыс ардагері, Социалистік Еңбек Ері, аймаққа белгілі адам Баян Жанғалов еді. Оған хабарластым. Ол кісі: «Жарайды. Келіңдер. Аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Мұхит Қабдешевке тапсырма беремін» деді. Біз бардық, олар қарсы алды. Зерендіні аралап, табиғат аясында бәріміз суретке түстік. Аудан басшысы Шәмшіге арнап дәм берді, – дейді Болат Елубайұлы.

Зерендіден кейін Шәмші Көкшетауға біраз күн аялдап, қаланы аралады. Музейге, Мәдениет сарайына, облыс­тық газет редакциясына барды. Еркеш Ибраһим композитор жайында мақала ұйымдастырды. Сол кезде Шәмші шабыттанып, Еркеш ақынмен бірге «Көгілдір Көкше», «Кел, Бурабайға», «Биші қайың», Еркін Әуелбековке арнап «Ақ бидай – Маржан» әндерін жазды.

– Шәмші бір аптадай шаңырағымызда жатып, қонақ болды. «Көгілдір Көкше» әнін дәл біздің үйде нотаға түсірді. Еркештің үйінде он шақты күн жатты. Содан соң облыстық кәсіподақтар кеңесімен келісіп, «Светлый» деген демалыс үйіне жолдама алып бердік. Онда он екі күн демалды. Одан алып қайтып, үйге алып келдік. Содан шаңырағымыздан Алматыға шығарып салдық. Сол сапарында композитор Көкше елінде бір айдан астам уақыт болды, – дейді Болат ақсақал.

Қайтарында Болат Елубайұлы мен оның зайыбы Майра Әбдіқожақызына риза болып, демалыс үйінде түскен суретін ескерткішке сыйлады. Суреттің артына мынандай қолтаңба жазып берді: «Орыстарда Лермонтов­ты жақсы көрсем, өзімізде Ақанды сүйіп, айтатыныма сай – оның бейітін тұңғыш рет көрсеткен һәм менің Көкшедегі демалу сапарымның прологі де, эпилогі де болған ардагер, абзал дос Болат пен үлкен сәскеде серуенге шыққан сексен қыздың ішінен таңдай қосылған қаз омырау, ай дидарлы, аққу мінезді Майрасы екеуіне осы суретімді анда-санда мені де естеріңе ала салғайсыздар деп ұсынамын. Ізгі ниетпен Шәмші. 25/V/74 ж., Көкшетау қаласы».

Осы сапарынан кейін Шәмші Қалдаяқов пен Болат Исабаев отбасымен араласа бастады. Алматыға барғанда Шәмшінің шаңырағында талай рет қонақ болды. Композитор Көкшеге екінші рет 1977 жылы келді.

– Бірде Шәмші: «Ән жинағым шықты. Димекең (Дінмұхамед Қонаев) қабылдап, жаңа пәтер берді. Көлік алдым. Енді Жәмила мен балаларға Көкшетауды көрсетіп, Бурабайды аралатсам ба деп отырмын. Қалай қарайсың?» деп телефонмен хабарласты. Мен: «Шәке, келіңіз, қарсы аламыз» деп жауап бердім. «Ендеше Жәмила мен балаларды пойызбен жіберіп, өзім көлікпен шығамын» деді. «Байқаңыз, жол ауыр» деп ескерттім. Арада бірнеше күн өткенде пойыз­дан Жәмиланы, Әбілқасым мен Мұхтарды күтіп алдым. Композитордың балалары онда музыка мектебінде оқитын еді, – дейді Болат Елубайұлы.

Соңдарынан көлігімен Шәмші де жетті. Отбасымен Көкшетау қаласы мен Бурабайды, Зерендіні аралады. Зерендінің демалыс үйіне төрт адамға жолдама алып, сонда демалды.

– Зерендіден біздің үйге алып келдік. Сол кезде жаңбыр басталып, бірнеше күн бойы нөсерлетіп жауды. Шәмші келді деп естіген жұрт күнде қонаққа шақырады. Мен кешке қарай ғана жұмыстан босайтынмын. Содан соң Шәмшінің көлігімен Алексеевкаға, басқа ауылдарға да бардық. Лосевка ауылында бір ағайым тұратын. Композиторды соған апардым. Қара топырақты жер, қазіргідей жол жоқ. Көлік сазға батады. Итеріп шығарамыз. Содан шаршаған болуым керек, бір күні үйде отырғанымызда: «Шәке, ертең ешқайда бармаймыз, осында боламыз» дедім. «Неге?» деп сұрады. «Радионың соңғы хабарынан ертең жаңбыр болады деп айтты» дедім. «Соңғы хабарды кім оқыды?» деген сұрақты қойды. «Қожантаев оқыды» деп едім, «Ол білмейді. Байжанбаев айтпаса, басқалардың хабарына сенбе» деді. Сөйтсем, Әнуарбек Байжанбаев екеуі жақсы дос екен, сол туралы күлдіргі әңгімелерді көп айтатын. Сол сапарында да Шәмші Көкше жұртына риза болып кетті, – дейді Болат ақсақал.

Шәмші Жамбыл облысының Дунгановка ауылына кеткенде де Болат Елубайұлы Алматыға жол түскенде шаңырағына бас сұғып, Жәмила апайға сәлемдесетін. 1992 жылдың 29 қаңтарында композитор өмірден озды.

– Сол уақытта аласапыран заман болып кетті. Мен қыз­мет істеген радиокомитет жабылды. Облыс әкімдігі әлі ұйымдасқан жоқ. Сол екі ортада жұмыссыз отырып қалдым. Шәмшіге топырақ та сала алмадым, – деп аяқтады әңгімесін Болат ақсақал өкінішпен.

 P.S: Таяуда Шәмші Қалдаяқовтың қайтыс болғанына 30 жыл болды. Әйгілі композитордың әсем әндері ел аузында. Шәмшінің әндерінсіз той да, кез-келген отырыс та өтпейді. Шәмші жайлы айтылатын аңыз да көп. Біз ақиқат әңгімені сөйлеттік. Болат Елубайұлы композитордың Көкше сапарынан сыр шертетін суреттерді, Шәмші қолтаңбасымен өзі сыйлаған «Сағынышым менің» атты ән жинағын көздің қарашығындай сақтап отыр. Ал ақсақалдың қызы Жұлдыз елордадағы Ш.Қалдаяқов көшесіндегі №1 үйден пәтер алды. Бұл да Құдайдың бір құдіреті шығар. Болашақта қолдарындағы Шәмшінің суреттері мен ән жинағын композитордың туған ауылындағы мұражайға немесе Ұлттық музейге тапсыру да жоспарларында бар.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ.

(«ASTANA AQSHAMV» газеті, 15 наурыз 2022 жыл). 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар