ХХ ғасыр ішіндегі қазақтың сыншылық өнері тарихында, Абайтану, Әуезовтану ілімдерінің өсу, өркендеу жолында ерекше еңбек сіңірген, сонымен қатар суреткер шеберханасы мен психологиясы, әдеби сынның шығармашылық, публицистикалық, философиялық және ғылыми сипаты, әдеби тіл мен сөйлеу тілінің ерекшеліктерін саралау, көркемдік құбылыстардың ішкі мазмұнын көрсету, ұлттық ойлау жүйесі, шығарманы өңдеу және жазылу тарихы, талдау методологиясының әдіс-тәсілдері, әдеби дәстүр мен жалғастық жайында кесек ой-тұжырымдар қалдырған әдебиет тарихшысы һәм сыншысы Айқын Нұрқатов (1930-1965) еді.
Сыншы тұлғасында еркін, дербес ойлау, кеңінен кемел толғау, ұшқырлық, тапқырлық, логикалық жүйелілік, белгілі бір құбылыстың даму үдерісі туралы жинақталған көркемдік-әлеуметтік тәжірибе, идеялар, қағидалар және көзқарастар жүйесі бар еді. Оның 1959 жылы Қазақстан Жазушыларының ІV съезі қарсаңында жарияланған «Өсуден өскен талап» дейтін мақаласында («Социалистік Қазақстан», 1959 жыл, 5 март): «Сыншы, ең алдымен, халықтың мүддесін, ой-тілегін білдіруші, қалың көпшілік пікірінің өкілі. … Сыншы – әдеби туындының төрешісі ғана емес, сонымен бірге оның жанашыр тілеушісі, ақылшысы да» деп жазады. Расында, «өткір тіл өрт сөндіреді» дегендей, ойы дәйекті, тұжырымы тастүйін сыншы Айқын Нұрқатовты азулы жазушыларымыз мойындаған. Бұған бір мысал. Айқын Нұрқатов осы мақаласында академик-жазушы Сәбит Мұқановтың: «Мықты болса өздері сондай шығарма жазып көрсін!» деген пікірін келтіреді.
Айқын Нұрқатовтың сыншылық-шығармашылық еңбегіне әдеби фактілерді ересен мол қамту, жинақтап қорытушылық, синтездік сипат, философиялық-дүниетанымдық тәсілдер (сынның өзі қоғамдық-философиялық мәселе) тән.
Айқынның өзі сыншы өнеріне 1) публицистикалық өткірлік, 2) уақыт философиясын айтуға ұмтылушылық, 3) өмірдің де, әдебиеттің де барлық процесін күрделі күйінде тұтас қамтуға икемділік, 4) көркемдік көрегендік тән деп көрсетеді.
Әдебиет сыны – көркем, шебер жазылуға керек. Бұл ретте білімді, ойшыл, талғамы биік, парасатты Айқын Нұрқатовтың: «М.Әуезовтен кең тұрғыдағы әдеби салыстыруларға икемділікті, С.Мұқановтан әдеби фактілерді мол қамтушылықты, Ғ.Мүсіреповтен логикалық тұтастық пен пікір айқындығын, М.Қаратаевтан стиль сындарлығы мен шабыттылықты, Е.Ысмайыловтан қызу темперамент пен айқындықты үйренер едік» дейтін ғылыми-теориялық тұжырымынан оның әдебиеттанушылық зор қабілетін көруге болады.
Дархан дарын, майталман сыншы, аудармашы Айқын Нұрқатов әлем әдебиетінің сөз зергерлері хақында қалам тербеді. Олар: Жоржи Амаду, Низами, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Толстой, А.Толстой, Н.Г.Чернышевский, Н.Гоголь, Т.Г.Шевченко, М.Горький, Ғафур Ғулам, В.Маяковский және т.с.с.
Сонымен бірге Шоқан, Абай, Ақан сері Әуезов, Б.Майлин, С.Дөнентаев, Сұлтанмахмұт, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин хақындағы кесек еңбектерін, бұған қоса 1948-1965 жылдарда жарық көрген жүздеген шығармаларға (проза, поэзия, драматургия, әдебиеттану, көркемөнер бойынша) сыни пікірлержазуын, рецензиялары мен мақалаларын, «Венгер әңгімелерін» (1952), Н.Венгров пен М.Эфростың «Дмитрий Фурманов» романын (1960), Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесі мен «Сыпайшы» әңгімесін қазақ тіліне тәржімалағанын қоссаңыз – өнімді әдебиеттанушы, сыншы, әдебиет тарихшысы Айқын Нұрқатовтың қаламгерлік тұлғасы, шығармашылық әлеуеті анық танылады.
1960 жылдың ақпан-наурыз айларында КСРО Жазушылары одағының делегациясы құрамында М.Әуезов, Л.Леонов, С.Щипачев, О.Гончар Америка Құрама Штаттарында болады. Сонда М.Әуезов Нью-Йорктегі Ұлт әдебиеттері кітапханасына барғанда Айқын Нұрқатовтың кітабын көріп, елге оралған соң, Қазақстан Жазушылар одағында былайша айтқан екен: «Әңгіме ол кітаптың мен жөнінде жазылғандығында емес, қазақтың бір жас ғалымының кітабы орыс тілінде басылып, ол сонау мұхиттың арғы бетінде, мүлде бейтаныс жат елде алдыңнан шығып қарсы алып жатса, ол кімге болса да ғанибет емес пе!» деген екен.
Ұлы суреткер Әуезовтің пікірін жандандыра түссем, тұтастай қазақ зиялылары, әдеби жұртшылық, оқырман қауым зердесінде Айқын Нұрқатовтың қаламгерлік, қайраткерлік, ұйымдастырушылық, адамшылық тұлғасы ұмыт болмаған. 2012-2013 жылдарда Айқын мұрасын жинақтаумен, зерделеумен, жариялаумен шұғылданып жүргенде, көптеген әдебиет, мәдениет, ғылым өкілдеріне «Сіз, Айқын Нұрқатовты білесіз бе?» академик Сайын Балмұханов (1923-2014) «Ол – талантты!» еді деді. Осы сауалымды академик Жабайхан Әбділдинге қойғанда: «Ол мынау жаратылыс сияқты көркем, таза және ойшыл сыншы» деп түйіндеді.
Сөз зергерлері Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова Айқын Нұрқатовтың 5 томдық шығармаларын өндіріске дегенде тебіреніп, көңілденіп: «Шыққан соң қолымызға тигізші!» деген-ді. Тағдырға не шара, о кісілер көре алмай, дүниеден озды.
Задында, ұлы ұстазы Әуезовше айтқанда, «қазақтың бір жас ғалымының» ғұламалық, сыншылық, кісілік болмысы жөнінде жазылған естеліктерді, мақалаларды топтастырып және сыншының 5 томдыққа енбеген жазбаларын қосып ұсынып отырмын. Сондай-ақ, ақын-жазушылар Нұрғожа Оразов пен Дүкенбай Досжанның естеліктерін арнайы жаздырттым. Айқын Нұрқатовтың жасампаз рухы, асыл ойлары, адамшылық өнегесі жасай берсін!
СЕРІК НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің профессоры, филология ғылымдарының докторы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.