Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жексенбі күні алапат орман өрті болып жатқан Абай облысында болып, «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өртті тоқтату жұмыстарының барысымен танысып, жедел штабтың мәжілісін өткізді және қатаң талаптар қойды. Қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен кездесіп, кешірім сұрады, көңіл айтты.
Жалпы Президентіміз экология мен қоршаған ортаны сақтау мен қорғау, табиғатты ұқыпты да тиімді пайдалану мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының пәрменімен «Өсімдік әлемін қорғау» туралы қабылданған Заң осының айғағы.
Ал енді Семей орманының өрті расында да ірі бір апат болып отыр. Кісі өлімі бар. Қаншама орман өрт құшағында.
Дәл осы бір кезде күннің жексенбілігіне қарамастан және де Вьетнамға мемлекеттік сапарын кейінге қалдыра отырып Қасым-Жомарт Тоқаевтың өрт аймағына, яғни, Абай облысына баруы Мемлекет басшысының өз елі мен халқының мүддесін бәрінен де жоғары қойып келе жатқандығын тағы бір айғақтай түседі.
Президент пәрменімен қайтыс болғандардың барлығы да Мемлекеттік наградалармен марапатталады және де маусымның 12-сі Қазақстан бойынша Аза тұту күні болды.
– Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен кездескен сәтінде.
Абай облысындағы жағдай қалың қазақ елін алаңдатып отыр. Және де өрт кезінде опат болған 14 бірдей адамның кім екендіктерін білген сайын жүрек ауыратын болды. Президентіміз айтқандай «сабыр сақтап, бекем болыңыздар!» Қазақ елі сіздермен бірге, сіздермен бірге аза тұтады.
Президентіміз жедел штабтың отырысы кезінде Абай облысының әкімі мен Төтенше жағдайлар министрінің орынбасарына орынды ескерту айтты. Жалпы бізде әлі де болса жауапсыздық пен немқұрайлық қай салада болмасын басым жатыр. Талап босаңсып кеткені бар. Еліміз бойынша қаншама апаттардан қаншама адамдар қаза тауып жатады. Кісі өліміне тіпті бой үйреніп алғандай.
Мұның себебі, бір жерде бір апат болса, сол мекеме «апат болғандардың отбасына пәленбай миллион теңге төлейтін болдық» деп төрткүл әлемге жар салатын үрдіс қалыптасты.
Адам өмірінің құндылығы ақшамен өлшенетін мораль қалыптастырдық. Тіпті қарапайым халықтың өзі бір жерде апат болған жағдайда «қанша ақша төлейтін болыпты» деп бірінен-бірі қымсынбастан сұрауға да көшті.
Адамның ажалы мен қыршыннан қиылған өмірден де біздің қоғамда Ақша бәрінен де жоғары тұрды. Бұл келіп ең әуелі адам өміріне, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндердің жауапкершіліктерін төмендетіп жіберді.
Және де кісісі өндірісте, жұмыс үстінде опат болса, не ауыр жарақат алса, не мүгедек болып қалса осыған жол бергендер солардың отбастарына бірден ақша беріп, былайша айтқанда «ауыздарын жауып» отыратын амалға көшіп алды. Зардап шеккендерді айыптаудан аулақпыз. Қайтсын енді, тиын санап күнін көріп отырғандар малданып қала береді.
Жауапкершілік деген қайда?! Әсіресе, шет елдік компаниялардың өндірістерінде болып жататын түрлі өндірістік апаттар үшін кім жауап береді?
Қазір жағдай басқа, талап та қатаярына сенемін. Президентіміздің жаны күйзеле отырып, қаза болғандардың отбасына көңіл айтуы және де «қандай көмек керек маған тіке айтыңыздар», «бәрін өз бақылауымда ұстаймын» деген адал сөзі адал ниеттен туғаны анық.
Өрт тезірек сөніп, халық ала көңіл болмайтындай қалыпты жағдай орнықса екен деп тілейміз!Өрт кезінде қаза болғандардың алды жарық болсын, отбастарына, ағайын туыстарына сабыр берсін!
Әйтеуір азаң да, қазаң да аз болсыншы Қазақ елі!
Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.