– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында елдегі рфеормалардың бағдары өзгермейтінін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші құрылтай Жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылды. Содан бері, міне, бір жыл өтті. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болды. Біз Ата заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар, еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді. Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты. Кейбір адамдар реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді. Бірақ, біздің бағдарымыз өзгерген жоқ. Ауқымды саяси жаңғыру жоспарын рет-ретімен жүзеге асырдық», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз 2-3 жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгергенін еске салды.
«Бәріміз бір ел болып орасан зор жұмыс атқардық. Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік», — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, биыл Түркістанда өтіп жатқан ұлттық құрылтайдың негізгі отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.
Құрылтай жұмыс секцияларының отырысы кеше басталып кеткен еді.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы былтыр 16 маусымда Ұлытау облысында өткен болатын.
Сол кезде Президент келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынған.