– Қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ, үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес. Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді», — деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, жастарға құндылықтарды дәріптеу ісінде аға буынның алар орны айрықша.
«Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек. Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек.
Ашығын айтсақ, біз кейде өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз. Тіпті, бұл әдет қанымызға сіңген деуге болады. Әрине, қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ, үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес», — деп мәлім етті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бүгін Түркістанда Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтіп жатыр.