Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәстүрлі турнир жалғасын тапты - АРҚА АЖАРЫ

Дәстүрлі турнир жалғасын тапты

Туабіткен табиғи талантымен халық арасында аты аңызға айналған кемеңгер тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековті еске алу құрметіне 13-14 маусымда грек-рим күресінен республикалық турнир өтті.

Дәстүрге айналған бұл спорттық сайысқа Астана, Алматы, Көкшетау қалалары және Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарынан 2008-2010 жылдары туған жас балуандар қатысты.Аталған шара алдымен Еркін ағаның ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталып, «Оқжетпес» балалар-жасөспірімдер футбол мектебінде ашылу рәсімі болды. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев Еркін Нұржанұлының туғанына 95 жыл толуына орай Көкшетау қаласының тарихы музейінде жеке зал ашылып, ескерткіші орнатылған аллеяда субұрқақ жасалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілетіндігін айтты.

Еңбек ардагерлері Теңбай Ыбыраев, Айдар Мурзин, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев, облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл ел ардақтысы Еркін ағаның ғибратты ғұмырынан естеліктер айтып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Ал, «Еркін Әуелбеков қоры» қоғамдық қорының төрағасы Оразкен Нұртазин республикалық турнирді жоғары деңгейде өткізуге айрықша үлес қосқаны үшін Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұхтар Усинге Еркін Әуелбековтің ескерткіш медалін табыс етті. Боз кілем үстінде Көкшенің абыройын асқақтатып жүрген талантты шәкірт тәрбиелеумен бірге, Мұхтардың өзі де үлкен спорттан қол үзген жоқ. Мамыр айының соңғы аптасында Семей қаласында ардагер спортшылар арасында самбодан өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ендігі ойы – Азия және әлем чемпионатына қатысып, бағын сынау.

Екі күнге созылған тартысты жарыста 13 салмақ дәрежесі бойынша бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленген спортшылар дипломмен, ақшалай сыйлықпен, сондай-ақ, кубокпен марапатталды. Бұл жолы бозкілем үстінде ақмолалық палуандар шеберлік танытып, жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленді.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар