Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Көкшетау» мәдениет сарайында биыл орта мектепті үздік бағаға бітірген «Алтын белгі» иегерлерін құттықтап, осындай биік белесті бағындырған 230 түлекке100 мың теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті және оларға алдағы өмірлеріне сәттілік тілеп, ең ізгі лебізін жеткізді.
Марапатқа ие болған мектеп түлектері арасында халықаралық, республикалық, облыстық зияткерлік, спорттық және шығармашылық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты тақырыпта өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын» деген болатын. Сондықтан,сіздерге көп үміт артып отырмыз. Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында», – дей келіп, аймақ басшысыбілім сапарында үздік білімімен көзге түскен бірқатар оқушылардың есімдерін атап өтіп, үздік түлектер мен олардың ата-аналарына, ұстаздар қауымына алғысын білдіріп, ақжарма тілегін арнады.
Салтанатты жиын барысында «Алтын белгі» иегерлері атынанАбай атындағы №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі Егінбай Ақниет сөз сөйледі.
– Біз сіздердің үміттеріңізді ақтап, өз елін сүйетін және оның дамуына барынша үлес қосатын бәсекеге қабілетті маман болуға тырысамыз, – деді Ақниет ізгі ілтипатпен. Айта кетсек, биылғы оқу жылын 4597 түлек аяқтаса, оның 246-сы «Алтын белгі» иегерлері.Олардың16-сы Бурабай ауданындағы бір ғана IQanat орта мектебінің түлектері.
Бір атап өтерлігі, үздік білімімен көзге түскен білім ордаларының арасында Қосшы қаласының №2 орта мектебі бар. Бұл мектепте биылғы жылы 10 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып отыр. Сонымен қатар, Целиноград ауданының Талапкер ауылындағы орта мектепте 8 оқушы, Ақкөл қаласындағы Жайық Бектұров атындағы №3 жалпы білім беретін орта мектептің, Атбасар қаласындағы №8 жалпы білім беретін орта мектептің, Бұланды ауданының Макинск қаласындағы мектеп-гимназиясының, Макинск қаласындағы №1 жалпы білім беретін орта мектептіңәрқайсысында 6 оқушыдан «Алтын белгі» иегері бар.Салтанатты іс-шара соңы Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжі мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің және Жанайдар Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжінің білім алушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, жас өнерпаздар жиналған қауымға ән мен биден шашу шашты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.