«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалында өткен брифингте филиалдыңатқарушы хатшысы Берген Беспалинов журналистергепартияның халықтың сапалы өмірін қамтамасыз ету бойынша әзірлеген Жол картасының орындалуы туралы баяндап берді.
Бүгінгі таңдаАқмола облысы бойынша «AMANAT» партиясының 38 мың мүшесі бар. Сайлау қорытындысына сәйкес, облыстағы 265 депутаттық орынның 209-ын осы партия жеңіп алды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 78 пайызы «AMANAT» партиясының мүшелері.
Облыстық мәслихаттың бірінші сессиясының қорытындысы бойынша әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы болып облыстық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Айнагүл Балташева тағайындалды. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев болғанын айта келе, Берген Беспалинов биылғы жылы облыста Сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша Жол картасының аясында 55 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқандығын алға тартты.
−Бағдарлама аясында 46 ет фермасы, 3 тауарлы-сүт фермасы, 3 егіншілік шаруашылығы жұмыс істейді. Өңдеу саласында 3 жоба басталып кеткен.Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі − үш ауысымды мектептерді жою. Ол үшін Қосшы қаласында 1200 орындық, Жібек жолы ауылында 1300 орындық мектеп салынады. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 5 мектеп және 2 қосымша ғимараттың салынуы жоспарлануда. Целиноград ауданы Ақмол ауылында аудандық аурухана салынып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 3 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталады. Жол картасы аясында биылғы жылы 600 мың шаршы метр тұрғын үй салып, 200 шақырым жол жөнделеді,−дегенБерген Маратұлы Жол картасының орындалуы партияның қатаң назарында екендігінатап өтті.
Облыста 35 партиялық бақылау бекеті ашылды, оған алпыс екі партия мүшесі кіреді. Жұмыс істеп тұрған 35 бекеттің он жетісі өз қызметін аяқтап үлгерді. Атқарушы хатшының айтуынша, апта сайын әлеуметтік маңызы бар өнімдерге, жанар-жағармай мен дәріханаларға бағалар мониторингі жүргізіліп, жергілікті жерде шағын және орта бизнес өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сауда үстемесінің 15 пайыздан асқаны үшін әкімшілік жауапкершілік жөнінде ескертіледі. Ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап мониторингтік топтар 400-ден астам халық тұтынатын тауар бағасына бақылау жүргізді. Жергілікті филиалдар қоғамдық кеңестердің 90 отырысын регламент бойынша өткізді. Ауыл әкімдерінің сайлауында партия мүшелерінен кандидаттар ұсыну жұмысы жүргізілуде. Биыл 11 ауылдық округте сайлау өтіп, онда «AMANAT» партиясының мүшелері жеңіске жетті. Сондай-ақ, спикер «Ауыл аманаты» мен «Жер аманаты» жобалары аясында атқарылған жұмыстардың барысына да тоқталды.
− «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1,2 миллиард теңге бөлінді. Шілде айынан бастап, ол «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. «Жер аманаты» жобасы аясында өңірімізде 302 мың гектар пайдаланылмаған жер қайтарылды. Биылғы жылы тағы 200 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда. Қайтарылған жер учаскелері бірінші кезекте халықтың ұсыныс-тілектерін қанағаттандыру үшін қаралады. Сондай-ақ, партияның қоғамдық қабылдауына келіп түскен 1157 өтініштің 52 пайызы оң шешімін тапса, қалғаны шешілу үстінде,−деді Берген Беспалинов.
Атқарушы хатшыдепутаттармен бірлесіп, «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» сияқты партиялық жобалар белсенді түрде іске асырылып жатқанын айтты. Жыл басынан бері облыс бойынша 5000-нан астам адамды қамтитын 100-ден астам іс-шара өткізілген көрінеді. −Өздеріңіз білетіндей, партияның құрамында«Жастар рухы» атты жастар қанаты жұмыс істейді. Оның төрағасы Ақмола облыстық мәслихатының жас депутаты Сұлтанбек Евгеньевич Бекешев болып табылады. Жастар қанаты«Кеңес Орталығы», «Қауіпсіз қала», «Аула алаңдары» және Жастар Лигасы көңілділер мен тапқырлар клубының ойындары және тағы басқа іс-шараларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Сондай-ақ, диалог және пікірталас алаңдары дажастардың саяси сауаттылығы мен белсенділігін арттыруына көмектеседі. Бүгінгі таңда жастар қанаты мүшелерініңсаны 5000-ға жуық жасты құрайды, − деп түйіндеді өз сөзінБерген Маратұлы.Атап айтқанда, облыстағы барлық іс-шаралар Жол картасына кіреді. Партия басшылығы мен фракция депутаттары әлеуметтік-экономикалық маңызы бар өзекті мәселелерді тікелей өз бақылауларына алып, шешімін қарастырумен келеді.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.