Бүгін Щучье-Бурабай курортты аймағындағы Абылай хан алаңынан Ақмола облыстық әкімдігі және «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауымен осылай аталатын халықаралық мәдени-рухани экспедиция жолға шығады. 2023 жылдың 4-20 шілде аралығында өтетін халықаралық автокеруен Мысыр елін билеген мәмлүктердің қолбасшысы, қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына, қазақтың ұлы хандарының бірі, мемлекет қайраткері, дипломат және қолбасшы Абылай ханның 310 жылдығына, Алаш қайраткері, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналып отыр.Сапар барысында экспедиция мүшелері «Отандастар қоры» өткізетін Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы ауқымындағы іс-шараларға да қатысады. Экспедицияның ақпараттық қолдаушылары «Qazcontent» АҚ, «Хабар-24» телеарнасы және Qazaqstan tarihy интернет-жобасы.
«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық мәдени-рухани экспедициясы мүшелерінің құрамында Астана, Ақтау, Көкшетау қалалары мен Маңғыстау, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының ғалымдары мен өлкетанушылары, қоғамбелсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Тарқатып айтар болсақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Qazcontent» акционерлік қоғамы Qazaqstan tarihy интернет-жобасының бас редакторы Хумарзах Алтынбек, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері, тарихшы-ғалым Бибігүл Бейсенбайқызы, Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу ауданының өлкетанушысы, кәсіпкер Раббим Борашов пен Айзада Борашева, маңғыстаулық өлкетанушы Мунира Исмағанбетова, қоғам белсендісі, ақтаулық кәсіпкер Талғат Джакиев, Шығыс Қазақстан облысынан Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт маманы, ұлттық спорттан халықаралық төреші Маулетказы Кульджатаев, Астана қаласынан «Хабар24» телеарнасының бөлім басшысы, журналист Дулат Жексенбайұлы мен «Хабар24» телеарнасының операторы Советхан Жагиев, Талдықорған қаласынан Кандидат Рүстемұлы, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Сырымбет өңірінен кәсіпкер Амангелді Нашарбеков пен музей қызметкері Алма Нашарбекова, түркістандық тарихшы Құралай Амантайқызы, ақмолалық дәстүрлі әнші Дәулетхан Мұхтархан, ақтаулық саяхатшы Ерген Сыражанов, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Халықаралық қатынастар және туризм» кафедрасының меңгерушісі Эльвира Жанғожаева және тағы басқалары бар.
Тағылымы мол танымды іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан, Ресей Федерациясы және Моңғолия мемлекеттері арасын байланыстыратын экспедиция жасау арқылы, жоғарыдағы мемлекеттерде тұратын халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпелілер өркениетінің мұрасы мен сол елдердегі тарихи жәдігерлермен танысу, қазіргі дәуірдегі қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарының тарихи негіздерін дәріптеу болып табылады. Ресей Федерациясы мен Моңғолия Республикасында тұратын этникалық қазақтармен рухани байланыс орнату, пікір алмасу, Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұраларын насихаттау назарда болмақ. Сондай-ақ, қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғаларды дәріптеп, олардың қайраткерлік, елдік істерін насихаттауда сапардың басты мақсаттарының бірі.
Сапар Қазақстан, Ресей және Моңғолия аумағындағы шамамен 9 000 шақырым жерді қамтитын болады. Көкшетау (Бурабай) – Астана – Павлодар – Бийск – Горно-Алтайск – Кошагаш – Баян-Улгий – Ховд – Баянхонгор – Хархорин – Номғон – Уланбатор – Налайхан – Улан-Удэ – Иркутск – Красноярск – Новосібір – Омбы – Көкшетау бағыты бойынша барады.
Бұл халықаралық экспедиция елімізде тұңғыш рет өткен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жалғасы. Авто керуен «Абылай ханның қара жолын жаңарту» (2018), «Бетпақдала. Абылай ханның қара жолы»(2020), «Абылай ханның жорық жолдары, Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» (2021) тақырыптарымен еліміздің оңтүстік, шығыс өңірлерінде Мемлекет тарихы институтымен бірлесе отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедицияға Ақмола облысы әкімдігі қолдау білдіріп, «Бабалар рухына тағзым» қоғамдық қоры демеушілік жасады. Биыл сол экспедициямыз халықаралық масштабта сапарға аттанып, қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғаларымыз Сұлтан Бейбарыс, Абылай хан, Мағжан Жұмабаев және тағы басқа қайраткерлерді дәріптеуді мақсат етіп отыр. Үш жүздің басын қосқан Абылай бабамыздың ел мен жерді сақтап қалудағы зор еңбегін паш етіп, оның халықаралық істердегі беделін насихаттауды көздейді. Шынында, Абылай хан өз заманында көршілес Ресеймен ғана емес, оңтүстігі мен шығысында жатқан Бұқар хандығы мен Шың империясымен де жақсы қарым-қатынаста болған. Сондықтан да, үш мемлекетті қамтитын экспедиция жасау арқылы Қазақстан, Ресей Федерациясы және Моңғолияда тұратын халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпелілер өркениетінің мұрасымен танысу, қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарының тарихи негіздерін дәріптеу біздің басты мақсатымыз болып табылады.
Экспедиция қатысушыларының сапары Ақмола облысының тарихи жерлері Бурабайдағы Абылай хан алаңы, «Ботай» археологиялық кешені мен «Бозоқ» тарихи-мәдени ескерткішінен бастау алды. Мұнан кейін экспедиция Павлодар облысында болып, «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, жергілікті тарихшы ғалымдар, өлкетанушылармен кездесу өткізбекші.
Ресей Федерациясындағы қазақтар көп қоныстанған Қошағаш, Новосібір, Омбы шаһарларында болып, қазақ диаспораларымен кездеседі. Аталған қалалардың тарихи орындарына саяхат жасайды. Сондай-ақ, Моңғолиядағы Баян-Улгий, ел астанасы Уланбатор қалаларындағы қазақтармен кездесу ұйымдастырып, ұлы түркі мемлекетінің тарихи ескерткіштері Білге қаған, Құтлық қаған, Күлтегін, Тоныкөк кешендеріне баруды жоспарлап отыр. Одан әрі экспедиция қатысушылары Алтай мен Саян тауларындағы сақ-ғұн, көне түрік кезеңдеріндегі тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарға саяхат жасайды. Жоспар бойынша автокеруен 20 шілдеде Көкшетау қаласында аяқталады.
Экспедиция барысында Уланбатор қаласында Тілейхан Орынұлы атындағы құрылыс университетінде «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық конференция өткізіледі. Жоба соңында экспедиция туралы деректі фильм және кітап дайындалады.
Мұрат ЫДЫРЫСҰЛЫ,
«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық
мәдени-рухани экспедициясының жетекшісі, қоғам қайраткері.