Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұражайдағы қос олжа - АРҚА АЖАРЫ

Мұражайдағы қос олжа

Жылдар көшіп, өмір өтіп, уақыт өз дегенін істей береді. Кеше бар, бүгін жоқ адамның да соның әсерінен бара-бара ұмытылуға айналып, ауызға анда-санда бір алынатыны  біз ашып отырған жаңалық емес. Тағдыр солай. Адамдар кетеді, орнында жас өскіндей жаңа ұрпақ бүр жарады. Сөйтіп, кешегілер бүгінгіге жол береді. Осылай замана ұршығы алма-кезек зыр айналып, зырлай түсуді ғана біледі.

Мұның бәріне көнуің, көндігуің де табиғи заңдылық. Сөйтіп, жүріп әсіресе, жер бетінде барлық адамдардың есімдері сақтала бермесе де, тым болмаса белгілілерінің аты-жөндері жадымыздан шықпаса дейсің. Бұл арада әрине, әркімнің өзіне қымбат аяулылары туралы сөз басқа, әңгіме бөлек.

Сонымен, жақсыдан бір дерек қалуы керек қой деп, біз де ойланып-толғана келе, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Қажым Мүсіпов жайлы бұрынғы Көкшетау, бүгінгі Ақмола облыстық тарихи өлкетану мұражайына телефон шалғанбыз. Сөйтсек, үмітіміз алдамапты. Өңір шежіресін өн бойына сыр қылып өріп, талай ұрпаққа тарту етіп келе жатқан кәделі орында ондай деректер бар екен. Осыны ә деп естігенде, алдымен соған қуанып, одан соң ол қандай құжаттар деп көргенше алаң болғанымыз тағы ақиқат еді.

Енді міне, сол мұражайдамыз. Рас, уақыт еншісінің алға тартар бір дәлеліндей, іші-сырты көне тартқан бұл мекеменің бізге ұсынар қилы-қилы жәдігері жетіп артылса да, қызметкер қарындасымыздың сәл тостырып барып, қолымызға ұстатқан жұқа папкасы біз үшін осы бір сәт солардың бәрінен де қымбат көрінгенін тәптіштеп жатудың қажеті бар ма? Неге десеңіз, бұл өзіміз аңсап, іздеп келген Көкшенің тау тектес бір асыл перзенті Қажым ағамыз туралы біле түссек, қаныға түссек деген мағлұматтар емес пе?Сондай алып-ұшқан көңілмен папкідегі конверт біткенді имене ашып, ішіне зер салып едік, көбі абзал жанның әр жылдардағы фотосуреттері болып шықты. Негізінен, өндірістік жоғары көрсеткіштері үшін Социалистік Еңбек Ері жоғары атағын алғанда және зейнет демалысына шыққан соң түскен сол суреттерінен аға омырауындағы Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын жұлдызы менмұндалап, ерекше көзге шалынады да, кезінде адал еңбектің адам мұратының, адам бақытының негізгі бір өлшемі болғандығын жазбай танытып қоя береді. Осы отырғанда дөңгелек жүзді, қалың шашты, қыран қабақ, қой көзді ағаның келісті түр-тұлғасына да көз алмай қарап, үнсіз сырласа бергің келетіндей. Көпті көріп, жақсы-жаманның өткелінен сан өткен жанның тіпті зейнет жасында да сізге өз қатарластарынан жастау болып көрінуі ненің құдіреті екен?! Ойланып-толғана келе, жүзіндегі байыптылықтан, жан дүниесінің кеңдігінен хабар беретін жылылық пен сабырлылықтан ба дейсің.

Біз үшін мұражайдағы Қажым Мүсіповке арналған осынау папкіден тапқан тағы бір олжамыз – кезінде бұл кісінің осы мекемеге өз қолымен жазып берген өмірбаяны еді. Үш беттен тұратын өмірбаян 1969 жылдың 14 наурызында, яғни, асыл аға елге сіңірер еңбегін сіңіріп, зейнет демалысында жүргенінде жазылыпты. Сонау қызылдар төңкерісінен бұрын туған жанның жазуы маржандай, ол аз десек, орысша сауаттылығы да мұншама жоғары болар ма, әрбір сөзі, әрбір сөйлемі қолмен қойғандай нақты да жатық. Қолға алған бетте-ақ олай-бұлай көз жүгіртіп, осыны да пайымдап үлгергенбіз. Енді сол өмірбаянды зер салып оқи бастадық:

«Мен, Қажым Мүсіпов 1912 жылы қазіргі Көкшетау облысының Қызылту ауданындағы Алабота ауылында дүниеге келдім деп атап көрсетіпті онда Еңбек Ері. Әкем Мүсіп Жаулин орташа шаруа. 1919 жылы қайтыс болды, содан жетімдіктің зардабын тартып, анамның қолында тәрбиелендім. Ол кісі 1956 жылы көз жұмды. Бірге туған  екі үлкен ағам бүгінде Қызылту ауданының Жарқын ауылдық Кеңесіне қарасты ХХІІ партсъезд атындағы кеңшарында тұрып жатыр. Екеуі де зейнеткер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Бір ағам бірінші топтағы соғыс мүгедегі. Өзім үйлі-барандымын, отбасымда 11 адам, соның ішінде тоғыз бала бар.

1928 жылы комсомол қатарына өттім. Ал, 1939 жылдың маусымынан бері партия мүшесімін. Партия қатарына Қызылту аудандық партия ұйымында қабылдандым. Отбасымнан және туыстарымнан ешкім сотқа лекпеген, партиялық-комсомолдық жазаға тартылған емеспін».

Өмірбаянының басында осыны жазып келген абзал аға бұдан әрі енді рет-ретімен бүкіл еңбек жолын тізеді. Одан бұл кісінің 1930 жылы өзі туып-өскен Алабота мектебінде оқығаннан кейін Петропавл уезі Қызылту болысының №7 ауылдық Кеңесінде хатшы болып істегенін, одан соң тегі зеректігінен болар, Қарағанды облысы Қызылту аудандық ВКП (б) комитетінің іс басқарушылығына жоғарылатылғанын көреміз. Ал, 1935-1938 жылдар аралығында Ақмола қаласындағы жоғары ауыл шаруашылығы комсомол мектебінде оқыған. Бұдан әрі Қызылту аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, осы ауданда жер бөлімінің бастығы…

Ел басына күн туып, неміс-фашист басқыншыларының бейбіт халқымызға тұтқиылдан шабуыл жасауы ғана Қажым Мүсіповты осы жауапты жұмысынан қол үздіріп, жаудан кек алуға қан майданға асықтырған. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген нақыл сөздің өзі осынау ержүрек қазаққа қарата айтылғандай-ау, деймін. 1942 жылдан қашан Ұлы Жеңіс күні келгенше оқ пен оттың астында жүрген шыбын жаны әйтеуір, ажал атты қатал үкімнен аман қалыпты. Бірақ, өз қара басы үшін сол қанды қасап кезеңнің оңай соқпағанынекі майданның да ері әрі қарай өз өмірбаянында көз алдымызға былай елестетіп өтеді:

«Өзім 1942 жылы соғысқа кіргеннен қашан 1945 жылы жауды жеңгенше екі рет  жараландым. Бір рет ауыр контузия алдым. Майданда көрсетілген ерліктерім үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен марапатталып, 17 рет Жоғары Бас Қолбасшының алғысына ие болдым».

Он жеті рет! Қазақстандағы тың эпопеясының басты қаһармандарының бірі Қажым Мүсіповтің қан майданда да қасиетті елін, жерін зұлым жаудан қорғауда қасық қанын аямағанын осы алғыстардан-ақ көре беріңіз. Бірінші Украин майданындағы 52-інші армияның 24-інші атқыштар дивизиясында взвод командирі болған есіл ер соғыстан кейін де бейбіт өмірге бірден орала қоймай, туған жер құшағына тек 1946 жылдың күзінде ғана табан тірейді. Жоғарыдағы Сталин жолдастың 17 алғысына қарап-ақ оны Отан алдындағы перзенттік парызын адал орындаған өз кезі, өз заманының хас батырларының бірі деуге әбден болар еді.

Алайда, тағдыр осы бір адамға одан кейінгі тың және тыңайған жерлерді игеру дәуірінде де ел алдында ерен еңбегімен жарқырап көзге түсуді жазғанын атам қазақ айтатын бармақтай баққа қоса, таудай талапқа да балаған жөн шығар. Өзінің өнегелі де өрісті еңбек жолындағы осы бір шырқау шыңға дейін Қызылту аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары, осы ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы сияқты тағы бірқатар биік лауазымды қызметтерден өткен Қажым аға бұдан әрі де өз өмірбаянында тың және тыңайған жерлерді игеру басталған 1954 жылы СОКП Орталық комитетінің белгілі қаулысына сәйкес Отыз мыңыншылар қатарында «Ұялы» колхозына басқарма төрағасы болып барғандығын жазады.

Араға үш жыл салып, осы шаруашылықта ғой, Қажым Мүсіповтың жұлдызы оңынан туып, атақ-даңқының бүкіл елімізге жайылғаны. «Колхоз экономикасын көтерудегі зор жетістіктеріміз және егіншілік саласындағы толымды табыстарымыз үшін 1957 жылдың 2 қаңтарындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен маған еліміздің бір топ озат ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қатарында Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылды. Сол сияқты, сыйлыққа арнайы «Победа»  жеңіл автокөлігін алуымды да үлкеннен кішісіне дейін бүкіл шаруашылық еңбеккерлерінің маңдай тері мен табысы деп есептеймін».

Дәл осы тұста бар атақ-абыройды, бір өзіне телімей, елдің де қажыр-қайратын ұмытпаған аға бойындағы қарапайымдылықты айтсайшы. Сөзі жалаң болмауы үшін осы арада іскер басшы өзі жазған өмірбаянына колхоз жетістігін де сала-сала бойынша жіктеп тұрып, саралап келтіре кетеді.

Мәселен, 1954 жылы шаруашылықта небары 1565 гектар ғана егістік жер болса, араға үш жыл салып, ол 15600 гектарға дейін өседі. Ірі қараның өзі 400, қойдың өзі 1800 басқа көбейіп, астықтан сол 1956 жылы гектарына орта есеппен 21,5 центнерден өнім алынады. Сөйтіп, колхоздың жылдық таза кірісі 12 миллион 600 мың сомнан асып түседі. Мүмкін, қазір бұл цифрларға ауыл шаруашылығының жағдайы мәз болмай, оның үстіне өткеннің бәрі құбыжық болып көрініп тұрғанда, тереңдеп мән бермеуіміз де мүмкін. Ал, ол тұста бұл дегеніңіз, адал маңдай тер, істі жетік білумен ғана келіп, бүкіл елді елең еткізген үлкен еңбек нәтижесі еді.

Ендеше, осынау толымды көрсеткіштер жолында қажымай-талмай, күн мен түн қатудың лайықты өтеуі болғаны анық ол шырқау-атақ! Егде тартып, зейнеткерлікке иек артқан жасыңда өзің кешкен ғұмырдың мәнсіз өтпегеніне бір марқаю да бақыт екен ғой дейсің осы өмірбаянның аяқ жағына да көз жүгірте отырып. Онда Қажым ағамыз: «соңғы төрт жылда Карл Маркс атындағы кеңшарда мен жетекшілік еткен мал шаруашылығы саласы да табысты салаға айналды. Сол үшін 1966 жылы жоғары жақтағы басшылардың ұйғаруымен маған алты айлық жалақымның мөлшерінде 1110 сом ақшалай сыйлық берілді. Ал, 1968 жылдың 1 шілдесінен бастап жасымның келуіне байланысты КСРО Министрлер Кеңесі Одақтық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындады», – деп ағынан жарыла бір-ақ қайырыпты.

Міне, өнегелі ғұмыр иесі өз өмірбаянын көңілі тола, осылай тұжырымдаған. Ендеше, еліне елеулі, халқына қалаулы осынау жанның көзі тірісінде бар саналы өмірін кейінгілерге қолмен қойғандай аманаттап кеткен бұл құжатын мұражайдағы өзіміз тап болған үлкен олжадай көрсек, несі мін?!  Жақсылар ешкім екі келмейтін өмірде осылай жасап, елі мен халқы үшін шуағын осылай төкпес пе?!

Соны ойлағанымызша болған жоқ, әлгі бір  мезетте бізді өз бөлмесінде жарқын жүзбен қарсы алып, қолымызға ағаға қатысты осынау папкіні ұстатқан бейтаныс қарындасымыз:

–Аға, сіз Қажым атамыз туралы деректер жинақтап жүрсіз бе? Менің есімімді қойған сол кісі ғой, – деп қалғаны.

–Міне, қызық! Қалайша ол кісі сенің есіміңді қойып жүр? – деп жатырмыз әлгі жерде өзіміз күтпеген бұл сөзге шын таңданысымызды жасыра алмай.

–Солай, аға, біз бір үйде төрт баламыз. Қажым ата болса, жалғыз менің ғана емес, үйдегі тағы екі бауырымның да атын қойған…

Мәссаған! Шынында да мұның өзі қызық болып шыққанына сөз бар ма? Жақсыны жазамын, дерегін біліп, өміріне қанығамын десең, осылай алдыңнан бір шапағатынан соң бір шапағаты қылаң бере беретіні Алланың да жәрдемінен бе екен, ә. Жаңағы сөз құлағымызға шалынысымен, мұның бәрі қалай болып, қалай қойғанын білгенше асыққанбыз. Соны Бибігүл қарындасымыз да түсініп, ә дегенше мән-жайды жеткізіп, ұғындырып жатыр. Оның бәрін ести түсіп те ойдан ой түйесің. Адал, қимас достықта шекара жоқ деген осы екен-ау, шынында.

–Менің әкем Бейсенбай Қожабекұлы Топанбаевтың туған жері Семей. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде осы жақта өндірістік тәжірибеде жүріп, Қажым ата екеуі кездесіп қалады да, бір-бірімен ағалы-інілідей сыйлас болып кетеді. Келе-келе мұның бәрі үлкен достыққа ұласып, әкем Еңбекшілдер ауданы Казгородок ауылында тұрып жатқан жерінен осы кісінің қолқалауымен 1969 жылы  Қызылту ауданының Ақтүйесай ауылына көшіп барады. Сол жерде сырттай Омбы мал дәрігерлік институтын бітіреді де, өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Содан екі үй бір-бірімен тонның ішкі бауындай тіпті жақын болып, осы аралас-құраластықтың арқасында әкем жарық дүниеге келген әр перзентінің атын тек өзі жақсы көріп, сыйлаған Қажым атаға қойғызғысы келеді де  тұрады. Бір жағынан папам  мұны бүкіл елге танымал үлкен кісі, ертең балаларым да осындай болса екен деген жақсы ырымға балағаны да анық. Сонымен, Қажым ата әр жолы әкемнің меселін қайтара алмай, менің атымды Бибігүл деп қойса, бір інім, бір қарындасымның есімдерін Мұратбек және Бибінұр деп қояды. Бұл күнде осының бәрін мақтан тұтып, біз үшін орны бөлек осы үш жанның да аруағына кір келтірмеуге тырысып, жүріп жатырмыз. Өйткені, әкем небары 38 жыл жасап, ерте қайтыс болса, анам Нағиманың да өмірден өткеніне биыл төрт жыл, – деп сөз аяғын амалсыз мұңды сезімге әкеп тіреген Бибігүлге тілектестігімізді білдіріп, орнымыздан да тұрғанбыз.

Әркімге де ғибрат боларлық қандай әсерлі әңгіме. Атағы аспандап тұрса да, қарапайымдылығынан танбаған, достыққа берік Қажым аға-ай! Жақсыны тани біліп, сол жолда кісілігі мен кішілігінен жазбағанБейсекеңнің де кіршіксіз көңіліне не дерсіз.

Өз қолымен жазылғандықтан да, Еңбек Ерінің бір артық-ауысы жоқ осы бір өмірбаяны, әрі жан жүрегімізді елжіреткен екі адамның достығы мұражайдан кенелген қос олжамызға айналып, көше бойында тебіреніп бара жатырмыз.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар