1917 жылы Ресейде болған Қазан Революциясынан кейін, сол кездегі Қазақтың бір топ зиялылары, елді егемендікке жеткізудің жалғыз жолы оқу, білім екенін түсінген болатын. Осыған орай, олар мектептер ашып, халықты оқу, білімге шақырып қана қоймай, өздері оқулықтар мен мұғалімдерге арнап әдістемелік құралдар да жазды. Солардың бірі М.Жұмабаев болды. Оған оның өмір жолы куә. Егер де Мағжанның ағартушылық, ұстаздық жолына қысқаша шолу жасайтын болсақ, төмендегі жәйттерді аңғаруға болады. 1913-1917 жылдары ол Омбы мұғалімдер семинариясында оқиды. Бұл оқуды ойдағыдай бітірген соң «Үш Жүз» деген партияның жаласымен 5-6 ай Омбы түрмесінде отырады. Одан шыққаннан кейін бірден оқу-ағарту жұмысымен айналысады. Осы қалада қазақ-қырғыз жастары үшін ашылған мұғалімдер курсының жетекшісі болады және тарих, әдебиет пәндерінен дәріс оқиды. Кейін Омбыны Колчак басып алған соң әрі мұғалімдер үйінің өртеніп кетуіне орай, курс 1920 жылы маусым айында Петропавл қаласына ауыстырылып, қазақ мұғалімдерінің Омбы губерниялық курсы осы Петропавлда ашылады. Мұнда да ол курс директоры болады және курсанттарға дәріс оқиды. Мағжан өз қолымен толтырылған анкетада негізгі мамандығым «киргизская словесность» дегеніне қарамай, педагогикадан, қазақ тілі мен ұлт тарихынан лекциялар оқып келгенін жазыпты.
Және де ол тек ағарту саласымен айналысып қана қойған жоқ. Ол, сол заман үшін де, бүгінде өз маңыздылығын жоймаған оқу, әдістемелік құралдар жазған. Солардың ең бастысы, әрине «Педагогика» оқулығы. Айта кететін нәрсе, Ы.Алтынсариннен кейін қазақ тілінде педагогикадан оқулық жазған осы М.Жұмабаев болды. Сонымен бірге, оның қаламынан «Пeдaгoгикa» оқулығынан басқа, «Жазылашақ оқу құралдари hәм мектебіміз», «Сауатты бол», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы», «Бала тәрбиелеу жолы», «Қызыл әскер әліппесі», «Ана тілі», 1931 жылы шыққан «Ересек шаласауаттылар программасы», т.б. еңбектері шықты. Ескерте кететін жәйт, «Педагогика» оқулығын 1920-1930 жылдары Орта Азияның барлық педагогикалық жоғары оқу орындары пайдаланған. Бүкіл Орта Азияда ол осындай жалғыз оқулық болған. Мағжан көркемсөздің шебері ғана емес, сонымен бірге, педагогика саласының да шебері және білгірі. Оның 1922 жылы шыққан «Педагогика» оқулығы сол заман үшін де, бүгінгі күн үшін де өз құндылығын жойған жоқ.
Мағжанның қолына алған ісін тыңғылықты, сапалы жасайтыны оның еңбектерінен көрінеді. «Педагогика» өте ертеден келе жатқан пән екенін, «адам тәрбиесі туралы ғылым» екенін, оның ұшар басында әлемнің ұлы ұстаздары: Аристотель, Сократ, Демокрит, Рубинштейн, Ушинский, тағы басқа да педагогтардың болғанын тілге тиек етеді. Өз педагогикасын қазақ жанына жақындастыра отырып, әлемдік педагогикамен жанастырады. Яғни, Ұлт педагогикасының қыр-сырын саралап, қазақ халқының да ертеден келе жатқан өз төл педагогикасының бар екенін паш етеді. Осының өзінен-ақ, Мағжанның ұлтшыл, қазақ халқының жанашыры, патриоты екенін көруге болады. Педагогика оқулығының басына Мағжан тәрбиені қояды. «Шын мәнінде адамның жануарлар әлемінен бөлініп шығуымен бірге тәрбие үрдісі пайда болған» дей келе, «Тәрбие 4-түрлі болады» деп оны теориялық тұрғыдан жеке-жеке талдайды. Тәрбиенің басына «Дене тәрбиесін» қоюында да үлкен мән бар. Баланың дені сау, мықты, жігерлі, ойлы болуы үшін оның денсаулығы болу керек. Әлжуаз бала, аурушаң бала не оқуға, не ел қорғауға жарамайды, сондықтан, «баланың дене тәрбиесін тәрбиелеу керек» деп айтады. Жалпы, «Педагогика» оқулығын Мағжан, 15 ірі бөлімге бөліп, әрқайсысына жеке-жеке тоқтап, сипаттама береді. Егер, біз оны жүйелеп топтастыратын болсақ, былайша көрсетуге болады: 1. Тәрбие бөлімі; 2. Педагогика теориясы; 3.Психология; 4.Дидактика.
Педагогиканы бұлай саралауды тек шын педагог ғалымдар ғана жасай алады. Ол өзінің «Педагогика» оқулығында тұңғыш рет ұлттық педагогиканы психологиямен байланыстыра оқытудың тәсілдерін қарастырып, бала тәрбиелеудің және олармен қарым-қатынас жасаудың жолдарын ғылыми тұрғыдан көрсетті. Оның сол кездегі айтқан озық ойлы тұжырымдары бүгінгі күні де өзекті. «Баланы ұлттық тұрғыдан заманға лайық етіп отырып, тәрбиелеп оқыту керек» деген Мағжанның ойы бүгінгі күн үшін айтылғандай. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ мектептеріндегі оқу-тәрбие мәселесі өзекті болуы заңды. Өйткені, әр ұлт өз болашағын ойласа, ең алдымен ұрпағын ата-баба дәстүріне лайық етіп тәрбиелеуі керек. Сондықтан да, ұлт педагогикасының негізгі мәселесі ұлтжанды, ар-ұяты мол, саналы азамат тәрбиелеу. Педагогиканың басты мәселелерінің бірі – жеке адамның дамуы және оған әсер ететін ықпалды күштер. Жеке адамның дамуындағы ықпалдың көзі – тәрбие, қоршаған орта екендігін ескерсек, бүгінгі жастарды, қоғамдағы келеңсіз дүниелердің әсерінен аман алып қалудың бірден-бір көзі ұлттық тәрбие екендігін біздің ғұлама бабаларымыз айтқан болатын.
М.Жұмабаев: «Жанға дұрыс тәрбие беру үшін жанның жәйін баяндайтын ғылыммен таныс болу керек» деп, қазақ ғұламаларының ой-пікірлерін ғылыми психология негізінде әрі қарай жалғастыра түскен. «Жанның жайын зерттейтін ғылымды психология дейміз» деп, жан туралы ғылымға анықтама береді. «Тәрбиенің басты жолы, адамның өзін-өзі бақылауы… Өзінің бойындағы мінін көрмей, өзіне өзі риза болып, мәз болып жүретін адамды жаны жабайы, мінезі тар адам дейміз… Бақылауы, байқауы көп адамды парасатты, аңғарымпаз адам дейміз. Мүмкін болғанша тәрбиешінің «физиономист» болуы керек» деп, шынайы педагогтың әр ғылымнан хабардар, жан-жақты жетілген азамат болуын талап етеді. Сондай-ақ, баланың ананы сүюі, оған ізгілік тілеуі, туыстық сезімдерінің дамуы, елін, жерін сүюі, ізгілікке ұмтылысы, гуманистік көзқарасының қалыптасуы, т.б. мәселелерін кең көлемде қарастыра келіп, ізгілік, гумандылықтың шарттарына тоқталады. Автор «Кімде-кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, өз елін сүйсе, қала берді, адам баласын бауырым деп санаса, сол адамды ізгі деп атаймыз» деп, сезімнің қалай, қайдан туатынын айқындап береді.
Оқыту мен тәрбиенің өзара байланысын да Мағжан естен шығармайды. Осыған байланысты М.Жұмабаев «…Адам баласын, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек. Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең. Адам тілі арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне қажетті бірінші шарт» деп ой түйе отырып, тәрбие мен оқытудың негізгі ұстанымдарына да назар аударады. Тәрбиешінің табансыздығын сезсе, бала онымен сөйлесуден, тілін алудан қалады» деп, орынды ой түюмен бірге, мұғалімдерге аса қажет дидактика мәселелеріне теориялық тұрғыдан айтып өтеді.
Дидактика – педагогиканың бір саласы. Онсыз педагогика тұтас білімді оқыта алмайды. Осы тұрғыдан келгенде Мағжан оқытудың қыр-сырын жүйелі түрде жазған. Мағжан Жұмабаев сол кез үшін де, бүгін де өз құнын жоймаған оқытудың принциптеріне ерекше көңіл бөледі. Белгілі бір тақырыпты түсіндіргенде өткен тақырыппен байланысты, салыстырмалы түрде оқытудың берерінің молдығын дәлелдейді. «Бір нәрсені балаға ашық ұқтырмақшы болсаң, сол нәрсенің қарама-қарсысын алып кел. Мысалы, балаға жер ортасының ыстықтығын түсіндірмекші болсаң, Солтүстіктің суығымен салыстыр» дейді. М.Жұмабаевтың бұл кеңесін мәселен, география сабағында қолдануға болады. Я болмаса, пән аралық байланыста да қолданса артықшылығы болмайды. Айталық, тарих және география пәндерін біріктіре отырып, белгілі бір тақырыпты өткізгенде салыстырмалы түрде пайдалануға болады. Осыған орай, оқыту екі жақты үрдіс екенін, яғни: мұғалім – оқушы – мұғалім схемасын келтіреді.
Мағжан психология ғылымынан да шет қалмаған. Ол психологиялық тұрғыдан ой шығарудың үш түрлі жолын көрсетеді: дедукция, индукция, аналогия. Міне, осы үш түрлі ой шығарудың жолдарын әрі қарай дамыта отырып, баланың саналы азамат болуы үшін осы ұғымдарды жақсы білудің қажеттілігін дәлелдейді. Баланың жақсы оқуы үшін оның ойлау қабілетінің жетік болуы қажет. М.Жұмабаев ойлауды үш бөлімге бөле отырып, әрқайсысына мысалдар келтіре жазады. Ол ойлаудың ұғым, хүкім және ой шығару арқылы түзілетінін көрсетеді. Мұның ішінде ойдың жалпылығы, дерексіздігі, деректілігі, категориялары, т.б. ұғымды білдіреді. Ойдың жасалуы, көлемі, сын-сипаты, ие мен айтылыс арасындағы байламы, т.б. хүкімді білдіреді. Ойдың дедукциялық, индукциялық, аналогиялық сипаттары ой шығаруды білдіреді. Одан әрі хүкімнің жасалуына қарай анализ, синтез деп, санына қарай жалпы, дербес, жалқы деп, сынына қарай бекітетін, бекерлейтін деп, субъект пен айтылымына қарай кесімді, шартты, бөлмелі деп, шындық дәрежесіне қарай мүмкін, шын, міндетті деп жіктеген. Сөйтіп, Мағжан ойлау атты үлкен ұғымды ғылыми психологиялық тұрғыдан қарастыра отырып, мұғалімдерге терең теориялық білім беру мақсатында оның негізгі категорияларын толық қамтуды көздегенін көреміз. Ойдың сыртқа шығуы, негізінен, тіл арқылы жүзеге асырылатыны мәлім.
«Педагогика» оқулығында Мағжанның ерекше тоқталған мәселесі –тілдің ұлттық сезіммен байланыстылылығы. Ол туралы: «Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тымық, біресе құйындай екпінді сары далада, үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі, бәрі көрініп тұр» деп тебірене, шабыттана жазған. Осымен байланысты Мағжан бала тіліне отбасында аса ұқыптылықпен қарау қажеттілігі туралы: «Кейбір адамдардың баланы өз тілінше сөйлеп, балаға тез ұқтырам деп, яки баланы еркелетіп, әдейі тілдерін бұзып балаша шолжаңдап, сақау болып сөйлейтіндер бар. Бұл зор қате» деп одан сақтандыра жазған. Сонымен қатар, «Баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын – мектеп» деп мектептің бала тілін ұстартып, қалыптастырудағы қызметіне баса мән бергенін толық құптаймыз.
Ұлт пен тiлдiң арасындағы тығыз байланысты түсiнуге Мағжанның келесi сөзi көмектеседi: «Бiр ұлттың тiлiнде сол ұлттың жерi, тарихы, тұрмысы, мiнезi айнадай ашық көрiнiп тұрады». Шынында да, тiл, халықтың тарихы, шежiресi, халықтың барлық өмiрiнiң жаңғырығы мен iзi, одан сол тiлдi жасаушы халықтың барлық өмірі мен үмiтi, қайғысы мен қуанышы, барлық рухани өмiрiнің үнi естiлiп тұрады. Осыған орай, орта және жоғарғы мектептің мақсаты – қазақ тiлiн қазақ халқының тiлi ретiнде оқыту, тiлдiң қоғамда атқаратын барлық қызметiн көрсете бiлу. Бұл жерде маңызды талаптың бiрi мынадай: тiл жүйесi арқылы халықтың танымын, басқа халықтармен қарым-қатынасын түсінуге үйрету. Тiлдi тек жалаң грамматикалық схема ретiнде емес, ғасырлар бойы жиналған халықтың, философияның, психологияның, педагогиканың, тарихтың жинағы ретiнде кұрастыру қажет. Қазақ халқының тiлiн үйрену – сол халықтың қоршаған ортаны игеруiн түсiну деген сөз.
Сонымен қатар, Мағжан шебер мұғалім де бола білген. Ол туралы 1922 жылы Мәскеу Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқыған Бейсенбай Кенжебаев: «Қазақ тілі, қазақ әдебиетін М.Жұмабаев оқытқан еді. Ол ғалым, тәжірибелі, шебер оқытушы, асқан методист-педагог еді. Мысалы, ол шәкірттеріне «Өздерің білген бір ертекті жазып келіңдер, соны класта оқып, бәріміз бірге талқылаймыз» деп тапсырма береді. Сөйтіп, ол бізге әрі әдебиетті, әрі дұрыс жазуды, әрі шығарма жазуды үйретті… Мағжан сабақ өтіп жатқанда ешқандай қағаз пайдаланбай суырып салма әдісімен өз ойын ортаға салып, оны өлеңдер, мақалдар, шығармалардан үзінділерді жатқа оқып дәлелдеп отыратын» – дейді.
М.Жұмабаев сондай-ақ, үлкен әдіскер-ғалым дер едік. Ол: «Мұғалім бір сөзді ұзыннан ұзақ соза берсе, шәкірттің іші пысады, мұғалім үсті-үстіне төпеп, түрлі білімді бір түрлі айта берсе, бала мезі болып, іші пысады. Мұғалімнің шеберлігі өзі білген білімнің бәрін балаға тез білдіруге емес, еппен, басқыштап білдіруде. Сабақ оқытуда мұғалім сөзі жинақы, жігерлі, қызықты болуға тиісті. Сонда ғана ол баланың абайын (назарын) өзіне қарата алады. Сабақ үстінде балалардың ойнауы, тыныш отырмауы, бір-бірімен сөйлесулері мұғалімнің жинақы, жігерлі бола білмегендігінен» дейді. Мағжанның әдіскерлігінің өзі міне, осында жатыр.
Сондай-ақ, балаға жаңадан берілетін білім бұрынғы игерілген біліммен байланыстырылып, соған негізделе отырып ұсынылуы қажет. Және жаңадан берілетін білім, болашақта берілуге тиіс білімге әзірлік туғызардай әсер етуі тиіс. Пәнаралық байланысты сабаққа тиiмдi пайдаланудың практикалық мүмкiндiгi ұшан-теңiз. Олар оқу техникасы, проблемалық жаттығулар, есептер, кiтаппен жұмыс, көрнекi құрал, оқушылар тобымен жұмыс iстеудің формалары, лекция, семинар, факультатив, сыныптан тыс жүзеге асырылатын шаралар Сондай ақ сабақ үстінде балаларға жақсы жауаптар бергені үшін «сыйлықтар» беруге мүлдем қарсы. Бұл басқа балаларды «ренжітіп, сабаққа деген ынтасын жояды, және де сол балалар тек сыйлық алу үшін ғана оқитын болады» деген ой айтады. «Ұстаз баланы иландыра отырып, өз қылықтарын адамгершілікпен түсінуін үйрете отырып, дұрыс сенімдерге сай келетін әрекеттерді дағдыға айналдыруын, үлгі көрсете отырып, жақсы нәрсеге еліктеуін, мадақтай отырып, қол жеткенмен тынып қалмауын талап етіп, оны осы бағытта тәрбиелей алу керек. Мұғалім үшін ең маңызды нәрсе – оқушыны алдамау. Оқушылармен етене араласып, оларға сапалы және жинақы білім берудің негізі пәнді жан-жақты игеру және оны оқушы санасына жеткізе білу» деп түйіндеген.
Мағжанның «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім, алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі» деп айтуында үлкен мән бар. Сонымен бірге, әр ұлттың өз мектебі, төл оқулығы болуын ерекше көрсетеді. «Халықтың, мемлекеттің тағдыры өз мектебіне байланысты, оның құрылысына сай келуі керек» дейді ұстаз. Оқулықтың бала жасына сай және бағдарламаға сәйкес жазылу қажеттілігін меңзейді. «Қазақтың өз мектебі, өз оқу тілі, өзінің төл оқулығы болу керек» деген ой айтады. Сонымен қатар, ол «Соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады. Еліміздің саяси ынтымағы һәм шаруашылық тұрмысын жаңа жолға қоймақшы болғанда да, біз еліктеу ауанында тұрамыз. Қазақ жанын қайшылап отырып жат қылыққа салмақшымыз. Жат қалыпты қазақ жанына қабыстыру, яки жаңа қалып жасау тәжірибесіне кірісуіміз қарадай қорқытады» деп, бұдан ғасыр бұрын батыл да ашық айтқан болатын. Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі ой, Мағжанның мол дүниесін оқу-тәрбие ісіне қалай еңгіземіз, пайдаланамыз, мақсат осында. Айталық, сабақта Мағжанның шығармаларын оқығаннан кейін шығарма, мазмұндама жазу, суреттер салу, диспуттар ұйымдастыру, қала берді, шығармаларының негізінде мультимедиалық дүниелер жасау, шығармашылық топтар, жарыстар, өлеңдерін мәнерлеп оқу бала бақша тәрбиеленушілеріне, бастауыш сынып оқушыларына арнап, мультфильмдер жасау, тәрбие сағаттарында сахналық көріністер қою, т.б. шараларды пайдаланса, әлдеқайда балаларға тиімді болмақ. Мағжан ақынның «Батыр Баян» поэмасының желісінде аудио, видео, мультфильм жасау арқылы оқушыларды қызықтыруға болар еді.
Жалпы, Мағжан «Педагогика» оқулығында «біз еліктегіш халықпыз.., ел болайық десек ондай еліктегішті қою керек… Әрбір ұлттың өз мектебі, өз төл оқулығы болу керек деген уәж айтады. Мысалы, мектепте болсын, ЖОО-да болсын, шет елдік оқу бағдарламалары неменеге керек екенін түсінбеймін. Бала бақшадан бастап, ЖОО-ға дейін оқытылатын «Монтессори» педагогикасының қажеті қанша? Әл-Фарабидың, Абайдың, Яссауидың, Игүнеки мен Баласағұнның, Қашғаридың, Мағжанның, Ыбырайдың, т.б. ілімдері кімнен, қай педагогикадан кем? Айта кетсек, қазір көптеген батыстың ЖОО-лары шығыс ғұламаларының еңбектерін өз тілдеріне аударып, оқуда.
Ал, Жаңа технология керек болса, ол Мағжанда да бар. Мысалы, Мағжан талай жаңа педагогикалық технологияларды ұсынған. «Баланы заманына сай оқыту» технологиясы, «Жеңілден ауырға», «Мұғалімнің аз сөйлеп, баланы ойландыра оқыту технологиясы», «Аздан көпке», «Ойын технологиясын пайдалану», «Таза тіл технологиясы», «Баланы ұлттық тұрғыда тәрбие қылу технологиясы», «Баланы таза қазақ тіліне үйрету технологиясы», «Заманауи білім беру технологиясы», «Мұғалімнің әдеп, ғұрпы», т.б. осы сияқты технологияларды Мағжан да ұсынған. Ал, осыны неге стандарттарға енгізіп, Мағжан ілімдерін оқымасқа? Шет елдерде біздің ғұламаларды оқып, үйреніп жатса, бізде Мағжанның «Педагогикасы» әлі ресми түрде орысшаға да аударылған жоқ. Тек Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары педагогикалық колледждің ұжымы осыдан бірнеше жыл бұрын осы оқулықты орыс тіліне аударып, оқытуда. Айта кетсек, Стамбул университетінің ғалымдары «Педагогика» оқулығын түрік тіліне 2020 жылы аударғанын білеміз. Қазір оны пән ретінде оқытып жатыр.
Ұсыныс айтатын болсақ, меніңше, ел болып, Үкімет болып, Мағжанның жеке қорын құруымыз қажет. Мағжанның педагогикалық ілімі басшылыққа алынып, жас жеткіншектер Мағжан рухында тәрбиеленсе, еліміздің шынайы патриоттары болып шығары анық. «Мағжан ізімен» тарихи экспедиция ұйымдастырылып, оның болған жерлеріне арнайы іссапарлар ұйымдастырылса, архивтерде іздеу жұмыстарын жүргізе отырып, оның мәңгілік жерленген жерін іздестіру бүгінгі күн тәртібіндегі дүниелер болуға тиісті. Оның мол дүниесі Мәскеуде, Қазанда, Ташкентте, Санкт-Петерборда, Уфада бар. Өзі айтқандай, айдалада «төмпешік болып» еш белгісіз болып жатқан ұлы тұлғаның сүйегін іздеп тауып, елінің топырағына тапсыру борышымыз болуға тиісті. Міне, бұл да Мағжан рухының алдындағы парызымыз деп білемін.
Еліміздің ұрпағын білікті де білімді, ұлтжанды, отансүйгіш қайраткер етіп тәрбиелеуде Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық ілімдерінің мәні зор. Ендеше, ұрпақ тағдыры баршамыздың ортақ ісіміз болуға тиісті. Әр нәрсеге еліктегіш келетін жастарды Батыстың бейресми мәдениеті мен моральдық азғындаушылық іс-әрекетінен аман алып қалудың бірден-бір жолы – ұлтымыздың тарихы мен халық педагогикасы арқылы, сонымен бірге, Ұлт зиялыларының, оның ішінде Мағжанның өнегелі істерінің негізінде тәрбиелеу болмақ. Бүгінгі таңда, елдер арасындағы қарым-қатынас шиленіскен заманда, жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызды идеологиялық міндеттің бірі – Отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Рухани жаңғыру, жақсы киініп, таза сөйлеуде емес. Ең алдымен, әр адам, әр қазақ өткенге көз салып, құндылықтарды жүректен өткізе отырып, сол құндылықтардың байыбына бару керек. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуде педагогтардың рөлі өте зор. Сондықтан, еліміздің туын биікке көтерер білімді, білікті, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу біздің алдымыздағы ең басты міндет. Ұлы ақын, ағартушы педагог Мағжан Жұмабаевтың өмiрi мен шығармашылығын қазақ тілді мектептерде оқып үйрену, одан нәр алу – ұлы парыз.
Сабыр СЕҢКІБАЕВ,
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.