Соңғы жылдары партияның бастамасымен әрі мемлекеттік қаражат есебінен ауылдық жерлерде спорттық нысандар бой көтеріп, халық игілігіне беріліп жатыр. Солардың бірі — Біржан сал ауданына қарасты Баймырза елді мекенінде заманауи үлгіде салынған шағын футбол алаңы. Футбол алаңының құрылысына облыстық бюджеттен 32 миллион теңге қаржы бөлініп, екі айдың ішінде бой көтерді.
Партияның сайлауалды бағдарламасына кірген нысан қазіргі уақытта толығымен аяқталып, пайдалануға берілген спорт алаңы балалар мен жастардың футбол, волейбол және тағы да басқа спорт түрлерімен айналысатын ең қолайлы орнына айналды. «Ауылымызда 100-ден астам оқушы енді жаңадан салынған жасанды төсенішпен жасақталған шағын футбол алаңында доп қуалап, жазғы демалыстарын қызықты өткізбек. Осыған себеп болған «Amanat» партиясына ризашылығымызды білдіреміз»,- дейді ауыл тұрғыны Айгүл Хаметова.
Тұрғындардың бірнеше жылғы өтінішін жерге тастамаған партиялықтар Баймырза ауылында спорт алаңын ашуды 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаға енгізіп, шілде айында толығымен аяқтап отыр. Өтініш-тілектерін елеп ескерген жергілікті тұрғындардың партиялықтарға алғыстан басқа айтары жоқ.