– Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов редакция сауалына жолдаған жауабында Қосшы қаласына газ тарту жұмыстары қай сатыда екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақмола облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, шілде айында Қосшы қаласында жеткізуші және орамішілік газ тарату желілерін жобалау аяқталды. Бүгінгі таңда жеткізуші газ құбырын салу үшін жер учаскелерін ресімдеу жұмыстары жүргізілуде. Әзірленген жобаға сәйкес жобаның қосылу нүктесі Астана қаласының газ құбыры желілері болып табылады. Тамыз айында жобаны мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу үшін «Мемсараптама» РМК-ға жіберу жоспарлануда», — делінген жауапта.
Сондай-ақ Ерлан Ақкенженов жобаға қаржы бөлгізудің тәртібіне тоқталған.
«Осыған байланысты министрлік бюджеттік бағдарламаның әкімшісі бола отырып, Ақмола облысы әкімдігінен Қосшы қаласын газдандыруды қаржыландыруға бюджеттік өтінім түскен кезде бюджет заңнамасына сәйкес қарауға дайын. Республикалық бюджет комиссиясының оң шешімі болған жағдайда жобаны 2024 жылы бастау жоспарланып отыр», — деп жазады вице-министр.