Өткен жылы Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен бөлінген 500 миллион теңгеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізілген Софиевка ауылдық мәдениет үйінің іші-сырты жайнап тұр екен. Мұны өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турына қатысушылар бірден аңғарды.
Бұл күні Софиевка ауылы тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі еді. Күрделі жөндеуден өткен ауылдық мәдениет үйінің көрермендер толы залында Целиноград ауданының 95 жылдық мерейтойына орайсалтанатты шара барысында үздік қызметкерлер марапатталды.
−Павлодарлық «КазЕвроСтрой» фирмасы заманауи талаптарға сай барлық қажетті жұмыстарды жүргізген. 320 орындық мәдениет үйінде бір жылдан бері домбыра, вокалдық, хореографиялық үйірмелер, спорт секциялары, тренажер залы жұмыс істейді. Сондай-ақ, 20 метрлік жарықдиодты экран, кинопроектор, спорттық жабдықтар, музыкалық аспаптар, концерттік костюмдер де бар. Өткен жылы біздің мекеме«Ақмола облысының үздік ауылдық мәдениет үйі» номинациясында Гран-при иегері атанды. «Домбыра сазы»атты домбырашылар ансамблі де үлкен жетістікке жетуде. Мәдениет үйі қайта ашылған күні үйірмеге бірден 84 бала жазылды,−деді Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сүйінжанова.
Сонымен бірге, 119 жас «Әсем-ай» би ұжымының мүшелері, 40-тан астам бала «Шебер қаламдар» үйірмесіне қатысады. Көркем оқуды, қолданбалы шығармашылықты, бейнелеу өнерін, шахмат пен дойбыны, гитарада ойнауды, пернетақта аспаптарын, сазсырнайды сүйетіндер өте көп. Балалар волейбол, баскетбол секцияларына қатысып, футбол ойнайды. Айгүл Үкіметқызы енді бір сәт БАҚ өкілдерін осы уақытта жергілікті жастар жаттығатын кең спорт залына бастады. Спортзалындағы жүгіру жолы да бос емес екен. Себебі, тренажерда жастар ғана емес, қарт адамдар да спортпен шұғылданады.
Софиевка ауылдық округінің әкімі Бекзат Сүгірәлиев туған өлкені дамытудағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
– 2021 жылы біз құны 2 миллиард теңгеден асатын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жобаны іске асыра бастадық. Яғни, 15 шақырымға жуық автомобиль жолдарын асфальттап, су құбырларын өткіздік. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Жаңа ғимараттар тұрған жерде тротуарларды жабдықтау, жол белгілерін орнату керек. Электр жарығы бойынша жобаның екінші кезеңі 684 миллион теңгеге қаржыландырылды, қыркүйек айында жұмысқа кірісеміз. Ауылдың ескі шағын ауданындағы су құбыры 2009 жылы салынды, қазіргі уақытта 430 үй орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталды, ал, жаңа шағын ауданда өткен жылы құны 500 миллион теңгеден астам сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту басталды. Газтарту әлі жоспарда жоқ,−деп түсіндірді Бекзат Сүгірәлиев.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2021 жылы Софиевкада 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынды. Медициналық мекеме заманауи жабдықтармен жабдықталған, штатта 12 қызметкер жұмыс істейді. Алайда, ауылда дәрігерлік амбулаторияға дәріхана қажет екен.
−Бізге дәріхана керек, бұл үшін сөрелермен және басқа жабдықтармен жабдықталған бөлме дайын. Жергілікті инвесторлар шығынға ұшырамау үшін өз пайдасын ойлайды. Біз бизнес құру және жұмыс орындарын қамтамасыз ету үшін оларды өзімізге тартуға тырысамыз, –деп Бекзат Дәулетұлы бұл өзекті мәселені шешу керектігін атап өтті.
Жалпы, амбулаторияға 3300 адам тіркеліпті. Оларды екі жалпы тәжірибелік дәрігер емдейді. Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған науқастар көптеп кездеседі.
−Бізде физиокабинет, аудандық емханаға талдауларды жіберетін зертхана жұмыс істейді, жаңа жедел жәрдем көлігі бар. Қазір бізге стоматолог қажет, стоматологиялық жабдықтары бар кабинет те жабдықталған, ал, егер пациенттердің саны көбейсе, педиатр дәрігер де қажет болады,−деді аға дәрігер Бауыржан Бөлеген.
Софиевка ауылында әлі шешілмеген проблемалық мәселелер де жоқ емес, бар. Соның бірі ауылшаруашылығы құрылымдарымен байланыстыратын аудандық маңызы бар көпірді күрделі жөндеу болып табылады.Көпір апатты жағдайда және жыл сайын Қоянды өзені оны шайып кетеді. Сондай-ақ, қаңғыбас мал мен иттер де ауыл тұрғындарының наразылығын тудырып, берекесін қашыруда. 500 метр қашықтықта орналасқан ауылдық округтегі рұқсат етілмеген табиғи қоқыс алаңы да өзекті мәселеге айналды. Мұнда жыл сайын қаптама жасалып, бюджет есебінен қоқыстар жиналғанымен, жағдай әлі де көңіл көншітпейді.
Софиевканың жас тұрғындарына спорт алаңы да өте қажет. Нысанды салу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасалып, өткен жылы бюджеттік өтінім берілгенімен, қаражат әлі бөлінбепті. Осыған байланысты ауыл тұрғындары бұл мәселелерге жақын арада назар аударылады деп жоғары жаққа үміт артып отыр.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.