Ақмола облыстық мәслихатында білім және денсаулық мәселелері жөніндегі кеңестің бірлескен отырысы болып өтті.
Жиынға қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, облыстық мәслихат депутаттары, білім бөлімінің басшылары мен «Аманат» партиясы облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Жиын барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов мектептердегі тамақтандыру, оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету сияқты түйткілді мәселелер жөнінде тоқталды.
− Биылғы жылға аз қамтылған отбасылардағы балаларға тегін тамақтандыруды ұйымдастыру үшін 2, 3 миллиард теңге бөлінді. Жергілікті жерлерде білім беру ұйымдары жалпы білім беру қаражаты есебінен 17 мың оқушыны толық тегін тамақпен қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2, 3 ,4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыруды қамтамасыз етуге 1, 4 миллиард теңге сомасында қаржы бөлінді. Осылайша 1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушылары мектептерде тамақтанатын болады. Сонымен бірге, 2023-2024 оқу жылында 1-2 сынып оқушыларына арналған «Цифрлық сауаттылық» пәні бойынша электрондық оқулықтарды және қазақ тілінде оқытатын 2 сыныпқа арналған «Орыс тілі» пәні бойынша оқулықтарды, сондай-ақ, информатика және технология пәндері бойынша әдістемелік әдебиеттерді сатып алу жоспарлануда. Инклюзивті білім беру бойынша контингенттің және оқу әдебиеттерінің ұлғаюына байланысты 1-11 сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізіледі. Биыл мектеп кітапханаларының қорын көркем әдебиетпен толықтыруға 180 миллион теңге қаржы бөлінген. Оқу жылы басталғанға дейін оқулықтарды аудандарға жеткізу жұмыстары жүргізілуде, − деп атап өтті өз сөзінде Валерий Гамазов. Сондай-ақ, ол күрделі және ағымдағы жөндеу, қауіпсіздік, жаңа мектептер құрылысы, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша жағдайды да кеңінен баяндады.
9 білім беру нысаны бойынша оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтамау қаупі бар. Білім беру басқармасы білім бөлімдері мердігер ұйымдармен бірлесіп, жөндеу нысандарында жұмысшылар санын көбейту жөнінде қосымша шаралар қабылдауда. Сондай-ақ, облыста үш ауысымда оқытатын 2 мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін Жібек жолы ауылында 300 орынға және Қосшы қаласында 1200 орынға арналған мектептердің құрылысы жүргізілуде. Мектептерді пайдалануға беру ағымдағы жылдың тамыз айында жоспарланған, − деп толықтырды басшының орынбасары.
Қазірдің өзінде 679 мемлекеттік білім беру ұйымында 17 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектептер, колледжер мен университеттерді лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Көкшетау қаласында барлық білім беру ұйымдары 2021 жылдан бастап лицензияланған күзетке толығымен ауыстырылып, бейнебақылау камералары жедел басқару орталықтарына шығарылған еді. Енді, биыл облыстың мектептері толығымен турникеттермен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, облыста өңір кәсіпорындары үшін кадрлар даярлауды 97 мамандық және 165 біліктілік бойынша 32 колледж жүзеге асырады. 17 мың студент тегін негізде оқиды. Нысаналы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кемінде 500 студент оқуға қабылданады, бұл студенттерге жұмыс орындарын бекітуге мүмкіндік береді.
Жиын барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина балаларды сауықтыру нысандардағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жөнінде айтып өтті.
− Балалардың жазғы демалысы қарсаңында балалардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру кезінде санитарлық ережелерді сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда облыста 9528 бала сауықтырылды. Сонымен бірге, мектепке дейінгі білім беру мекемелерін пайдалану кезінде балалардың жаппай улану фактілері тіркелген жоқ.
Алайда, 13 мекеме санитарлық ережелерді бұзғаны анықталды. Тіркелген заң бұзушылықтарға нысандарды пайдалану барысында жол берілген. Облыс аумағында 536 жалпы білім беретін мектептер ішінен сәйкес келмейтін 1 қалалық, 2 ауылдық мектеп тіркелді. Мектептертегі үш ауысым санитарлық ережелерді бұзуға әкеп соғатынын еске салғым келеді, − деді ол. – Зеренді және Жарқайың аудандарының 15 мектебінің пайдалануға рұқсат құжаттары жоқ.
Сонымен, отырыстан туатын ой, білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау кезінде туындаған олқылықтар жылдам жойылып, барлық жоспарланған іс-шараларбелгіленген мерзімде аяқталып, оқушылардың сапалы білім алуына еш кедергі болмаса екен дейміз.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.