Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қосшы деген жас қала бар - АРҚА АЖАРЫ

Қосшы деген жас қала бар

Бүгінгі таңда Қосшы – халқы тығыз орналасқан, тұрғындар саны жыл сайын өсіп келе жатқан жас қала деп сеніммен айта аламыз. Соңғы уақытқа дейін мұндағы білім беру ұйымдарында оқушылар орнының тапшылығы қатты сезілумен келеді.

2021 жылы үш ауысымда жұмыс істейтін үш мектеп бар еді. Осы жағдайды түзету үшін қазіргі таңда Қосшыда үш мектеп салынуда.Биылғы жылдың соңына дейін 2700 оқушыға арналған оның екеуінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Ал, қазірдің өзінде құрылысы жеке инвестицияның есебінен қаржыландырылған 1500 орындық мектеп-гимназия салынып болып, 1 қыркүйекте алғашқы шәкірттерді қабылдағалы отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турынан белгілі болды.

Өткен жылдың қазан айында біз мектептің алғашқы қадалары қағылғанына куә болдық, бүгінде міне, заманауи мектеп-гимназия пайдалануға 100 пайызға дерлік дайын.

– 2021 жылы Қосшы қала мәртебесін алғанда, ең бірінші көтерілген сұрақтардың бірі мектептердеоқушыларға орынның жетіспеушілігі болды. Екі жыл бұрын бірінші сыныптар арасында 1-ші «ы» сыныбына дейін болғаны туралы әңгіме бәрінің есінде шығар. Біз бұл мәселені кезең-кезеңмен шешіп жатырмыз. Былтыр 1200 орындық мектеп аштық, онда қазір 2500 оқушы оқиды, – деді Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов.– Жаңа мектепке де қазірдің өзінде 2500 бала өтініш білдіріп отыр. Ал, жалпы, онда 3000 оқушы екі ауысымда оқитын болады. Демек, орын мәселесі сәл бері сырғығанымен, әлі де толық шешімін таба қойған жоқ. Өйткені, қалада мектеп жасындағы балалар көп.

Қала басшысы біздің назарымызды ғимараттың кіре берісіндегі жас еменге аударды. Оны инвесторлар даму мен білімнің символы ретінде отырғызған. 7,5 миллиард теңгеге бір жылдың ішінде салынған заманауи гимназия, әрине, көңіл қуантады. Ол бірден кіре берістегі қауіпсіздік жүйесімен қорғалған, 54 оқу бөлмесі, дәліздердегі жайлы демалыс орындары, цифрлық кітапхана, үлкен спорт алаңы, екі үлкен спорт залы, қымбат дыбыс жабдығы бар әдемі акт залы және энергияны үнемдейтін жарықтандыру жүйесіне қосылған дәретханаларыбар мектеп сөз жоқ, көңілден шығады.

– Асханаға кірерден бұрын санитарлық аймақта ойластырылған. Балалар қолдарын жуып, тамақ ішуге кіреді және бір-біріне кедергі жасамай, екінші бағыттан шығады. Бірінші қабатта тек сары түске боялған бастауыш мектептің оқу кабинеттері ғана бар. Мұны инвесторлардың өздері осылай шешті, – дейді мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Жанар Балдекова. – Бастауыш сынып оқушыларының партаға бір-бірден отыруы – бұл да инвесторларға қойылған шарттардың бірі.

Екінші қабатта ортаңғы буын білім алатын парталар жасыл түске боялған. Ал, жоғары сынып оқушыларының парталары көк. Физика, химия, биология кабинеттері де осында орналасқан. 25 оқушыға арналған жайлы кабинеттер смарт, маркер және бор тақталарымен жабдықталған. Пән кабинеттері, мұғалімдерінің жұмыс орындары заманауи моноблоктармен жабдықталған.

–Қалада тағы қандай жаңа нысандар мен инфрақұрылымдар салынуда? –деген баспасөз турында қойылған сұраққа:

–Бүгінгі таңда Қосшыда бірнеше маңызды нысандар салынуда. Атап айтқанда, өрт сөндіру бекеті, спорттық-сауықтыру кешені. Соңғысын келесі жылы тапсырамыз, – деп сендірді қала әкімі. – Қаламызға белсенді түрдежеке инвестициялартартылуда. Өйткені, халық саны артып келеді, ал, қаланың өзі елордаға өте жақын. Бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен адамдар келеді, бұл оның даму қарқынына да әсер етеді.Ресми түрде қалада 52 мыңнан астам адам тұрады. Ал, бірақ, іс жүзінде тіркелмеген тұрғындардың саны әлдеқайда көп. Бұл көптеген мәселелерге байланысты, мысалы, әлі көпсалалы аурухананың жоқтығы. Бірақ, биыл қалалық емхана ашылды.

Қосшы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлкен Тойынбеков қала жолдарының қазіргі жағдайы туралы хабарлама жасады:

– Біздегі қала ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы 185 шақырымды құрауы тиіс. Қазірдің өзінде 95 шақырымын салдық, қазан айына дейін тағы 30 шақырым жолды төсейміз. 8 шақырым грейдер жол салу жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша өткен жылы қаланың алты көшесінде басталған күрделі жөндеу жұмыстары биыл толығымен аяқталады. Мектеп-гимназияға қалалық әкімдік есебінен инженерлік желілер тартылды, кіреберіс жолдардың бірінші қабаты асфальтталды, екінші қабаты осы айда аяқталады. Автотұрақтар дайын, жол белгілерін, жаяу жүргіншілер өткелдерін жасаймыз.

– Ақпан айында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, біз оны ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – дейді алматылық бас мердігер «Construction Company» АҚ компаниясының өкілі. – Жобада үлкенді-кішілі бассейндер, күрес, фитнес және тренажер залдары қарастырылған.

– Бұл біз үшін құны 1 миллиард 100 миллион теңгені құрайтын өте маңызды нысан. Себебі, қалада әзірге спорт нысандары жоқ. «Лесная поляна» шағын ауданында халық тығыз орналасқандықтан, кешенді №2 мектептің жанына арнайы орналастырдық. Мұнда күрделі жер жұмыстары жүргізілді, өйткені, бассейндерді сапалы салу керек. Бұған қаржы жеткілікті, құрылыс мерзімінен бұрын жүріп жатыр, мердігерлер бізді жерге қаратпай, нысанды ойдағыдай тапсырады деп сенеміз, – деді осы тұста қала әкімі Гайдар Қасенов.

Иә, қала мәртебесін кеше ғана алғандай болған Қосшының осылай заман талабымен үндесе дамуы көңілге жылылық ұялатады. Ендеше, жасарып, жарқырай бер, жас қала!

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.

Қосшы қаласы.

Суретте: Жаңа мектеп-гимназияда сары түске боялған бастауыш сынып оқушыларының оқу кабинеті шәкірттерді қабылдауға дайын.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар