– Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірнеше өңірдің оқу жылына дайындық барысын сынға алып, ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Оқушыларды жаңа оқу жылында қауіпсіз әрі таза мектеппен және қажетті құрал-жабдық, оқулықтармен қамту аса маңызды. 1 қыркүйекте балалардың саналы тәрбие және сапалы білім алуына толық жағдай жасалуы керек. Оған бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар, яғни білім басқармалары жауапты екенін еске саламын. Өңірлер бойынша Атырау және Ақмола облыстарының әлі де толық деңгейде дайын емес екені айтылды. Бұл жерде мәселе қауіпсіздікке қатысты. Әсіресе Атырау облысы бірнеше рет аталды», — деді Ғани Бейсембаев аталған ведомствоның аппарат отырысында.
Сондай-ақ министр Атырау облысы білім басқармасының басшысына оқу жылына дайындық бойынша шұғыл шаралар қабылдау керектігін жүктеді.
«Ақмола облысы бойынша мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарының 1 қыркүйекке дейін бітпеуі мүмкін. Сонымен қатар қауіпсіздік бойынша яғни бейнебақылау камерларын жедел желі орталығына тікелей қосу бойынша да мәселелер бар. Павлодар облысы, сіздерде де күрделі жөндеу бойынша мәселелер бар көрінеді. Ең бастысы балалардың қауіпсіздігі, білім басқармаларының басшылары сол сұраққа сіздер тікелей жауаптысыздар», — дейді ол.
Одан бөлек, ведомство басшысы оқу жылына дайындық барысы Үкімет отырысында қаралғанын және білім бөлімі басшыларының барлық шаруа 1 қыркүйекке дейін бітетіні туралы уәде берілгенін еске салды.