Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша былтыр 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Конституциялық реформа – Президенттің 2022 жылғы наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара болып табылды.
Республикалық референдум арқылы іске асырылып, ел халқы ұйымшылдықпен қолдаған Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылды. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және конституциялық құқық саласының мамандары әзірледі. Оған Конституциялық Кеңес оң бағасын берді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың барлығы өзара байланысты және бір мақсатты көздеді. Халыққа түсінікті болу үшін бұл түзетулер Ата Заңның нақты баптары мен тармақтары арқылы көрсетілген бірнеше бөлікке бөлінген.
Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндік берілуінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Конституцияның 43-бабына 4-тармақ қосылды. Онда «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ» деп көрсетілді.
Конституциялық реформаның нәтижесінде тиісті аумақтағы ахуалға жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдардың жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару өкілеттіктері кеңейді. Сондай-ақ, Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көзделді. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгерді.
Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясына сәйкес енді оларды Президент облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, дауысқа салады. Дауыс беруге қатысқан депутаттардың көпшілігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады. Осылайша жергілікті билікке қатысты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдердің қолына жинақталды.
Сайлаушылардың бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарынан мандатты кері қайтарып алу құқығы енгізілді. Соның нәтижесінде демократия дәстүрлері нығая түсті, депутаттар мен сайлаушылардың арасында өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасты.
Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту үшін негізгі Заңда жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады. Жоғарыда айтылғандай, Мәжіліс депутаттарын аралас сайлау жүйесімен: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды жүйе бойынша, сондай-ақ, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау ұсынылды. Әрі бұл өткен Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда заңды түрде іске асырылды. Сол сияқты, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болды.
Өлім жазасын жою туралы шешім конституциялық деңгейде түпкілікті бекітілді. Прокуратураның құзыреті, оның жасақталуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауды күшейтуге тиіс.
Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормалары Адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет берді. Ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды, ешкімге есеп бермейді. Ол өз жұмысында Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалды.
Осылайша конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырды және саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландыру жолына салды деп толық сеніммен айта аламыз.