Конституция күні – барлық қазақстандық үшін қасиетті мереке. Конституция біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыздың сақталуының, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның дамуының сенімді кепілі.
Ақмола облысында аталмыш мереке аясында 5 000 жуық адамды қамтыған 500-ге жуық іс-шаралар аталып өтті, деп хабарлайды Ақмола облысының мәдениет басқармасы.
30 тамыз күні Көкшетау қаласы Жағалауында Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған «Оркестрлер шеруі» open air кеші өтті.
Мерекелік кешті «Көкшетау» мәдениет сарайының «Көкшетау» халықтық би ансамблі «Шашу» биімен ашты.
Қала тұрғындары мен қонақтарын Конституция күнімен құттықтап, Целиноград ауданынын Айнур Байнулдинова, Олжасұлы Сүлеймен, Руслан Базаров, Зеренді ауданынан Айтолқын Жарылқапова, София Флейшгауэр және Көкшетау қаласынан «Достар» триосы, Евгения Короткова, Айдын Қабділмажит, Анастасия Марина өнерлерін паш етіп, көрермендерін өзінің ерекше дауысымен тәнті етті.
Мерекелік кештің ең басты оқиғасы – Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі және эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі әуенінің әсемдігі мен сырлы сазы әрбір көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көңілінен орын тапты.
Көрермендер назарына Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», Түркеш «Көңіл ашар» күйлері, Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», Ақан Серінің «Балқадиша», Абайдың «Айттым саған Қаламқас», «Тор жорға», Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», Н.Тлендиевтің «Сарыжайлау» және шетелдік авторлардың танымал әндері ұсынылды.
Өнер ордасының «Гәкку» би ансамблі мың бұралған биімен кештің сәнін келтірсе, солистері Аякөз Қалмағанбетова, Сәрсенбай Хасенов, Жанат Есов, Серікболсын Бекмолдин, Жанар Сақтағанова, Жамиля Джаркимбаева, Эльмира Толеубаева, Ляззат Идрисова, Марина Зяблинцева, Нурлан Рахимжанов және Дмитрий Петюль көңілді әндері мен әуенінің ырғағымен тындармандарды әсерлі сезімдерге бөледі.