Құрметті ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар мен студенттер!
Сіздерді еліміздің ең жарқын мерекелерінің бірі – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – бал тілді бүлдіршіндер бірінші сынып оқушылары атанып, күні кеше ғана білім ұясынан қанаттанған түлектер студент болып, жаңа мүмкіндіктермен қауышатын, толайым табыстар мен жетістіктерге жетелейтін жаңа өмірге қадам басатын айрықша күн.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының дамуына ерекше көңіл бөлуде. Біздің облыста да осы саланы жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Білім беру үдерісіне заманауи формалар мен инновациялық әдістер енгізілуде, мектептерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа мектептер салынуда, заманауи оқу жабдықтары сатып алынуда. Мұның бәрі біздің жас ұрпақтың келешегі кемел, болашағы жарқын болуы үшін жүзеге асырылып жатқан игі істер.
Білім күні қарсаңында ұлағатты ұстаздарға ерекше алғыс пен жүрекжарды ақжарма тілегімді арнағым келеді. Қазіргі қоғамның маңызды құндылықтарының бірі – білікті әрі білімді азаматтар, олардың шығармашылық қызметке қабілеттілігі екендігі анық. Біздің балаларымыздың алатын білім сапасы алдымен мұғалімдеріміздің кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегіне байланысты. Жас ұрпақтың бойында жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсінік қалыптастыратын да, толеранттылық негіздерін үйрететін де, патриотизм мен ұлтаралық келісім, адамгершілік, адалдық сияқты асыл ұғымдарды, жалпы, бар ізгі қасиеттерді дарытатын да – мұғалім!
Құрметті балалар!
Бүгін сіздердің өмірлеріңізде жаңа әрі өте маңызды кезең басталғалы тұр. Сіздердің білім саласындағы жетістіктеріңіз, ең алдымен, оқуға деген ынта-жігерлеріңізге, өздеріңізді тұлға ретінде дамыту жолындағы талаптарыңызға байланысты. Сіздерге жаңа оқу жылында көтеріңкі көңіл-күй, қызықты әрі жемісті жұмыс, адал достар және белгіленген мақсаттарға жетуде зор табыс тілеймін!