Биыл облысымызда 1 қыркүйек – Білім күнінде 5 жаңа мектеп өз оқушыларына есігін айқара ашты. Бұл күні Қосшы қаласында да жаңа мектеп-гимназияның салтанатты ашылуы болып өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Білім ошағы қаланың жаңа ауданында салынды. Жаңа оқу жылынан бастап 2,5 мыңнан астам оқушы қазақ және орыс тілдерінде тәлім-тәрбие алатын болады. Жан жадыратар жаңа жоба «Болат Өтемұратов қорының» жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылып, қаланың білім қорына берілді. Қуанышты сәтке «Верный Капитал» инвестициялық тобының бас директоры Ерлан Оспанов, «Болат Өтемұратов қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман және ата-аналар мен оқушылар қатысты. Ақ түйенің қарны жарылған қуанышты сәтте жүздері жадыраған ата-аналар бір-бірін құттықтап, мейірімділік мекенінің жұмысына сәттілік тіледі. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде білім саласындағы түйткілді мәселелердің біртіндеп шешіліп келе жатқандығын айтып өтті.
–Қосшы қаласында тұрғындардың көбеюіне байланысты мектептерде үш ауысымды оқыту жүйесі болды, – деді облыс әкімі, – жаңа мектептің пайдалануға берілуі осы бір күрделі мәселені толығымен шешіп отыр.
Сыңғырлаған мектеп үйінің бар салтанаты жарқырай көрсетілді. Бүгінгі заманның талабына толық жауап беретін материалдық-техникалық базамен толайым қамтамасыз етілген. Үш қабатты білім ошағында 56 оқу және 19 арнайы кабинет бар. Сондай-ақ, екі спорт залы, кең де жарық асханасы, қажетті медициналық құралдармен жабдықталған медицина кабинеті орналасқан.
Көп қуанышы еселене түсті деп айтсақ та болады. Аталмыш қалада тағы бір мектептің ашылу салтанаты өткізілді. Сөз арасында облыстың білім саласын дамытуға 220 миллиард теңге бөлінгендігін айта кетелік. Жаңа оқу жылында төрт мың орындық 6 білім ошағы ашылып отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 1800 орындық қосымша 8 білім беру мекемесін ашу жоспарлануда. Бір қуаныштысы, білім беру нысандарын жаңғырту аясында қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету, жиһаз бен кітапхана қорын молықтыру мәселелері шешілуде. Жаңа мектептерді пайдалануға берумен қатар, бұрынғы мектептер де жөндеуден өткізілуде. Мәселен, соңғы екі жылда облыстың 200 білім беру мекемесін жөндеуге 12 миллиардқа жуық теңге бөлінді.
Осының барлығы мейірімділік мекендерінің жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруіне кең жол ашпақ. Жаңаша түлеген, өзгеше салтанатты кейіпке енген білім ошақтары болашақтың сара жолын оңынан түзуге тиісті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.