Ақмола облысының ардагерлер кеңесі 1-қазан Қарттар айлығы қарсаңында бильярд спортынан дәстүрлі облыстық турнир өткізді. Оған облыстың аудан-қалаларынан өз аймақтарында іріктелген он екі адам қатысты.
Зейнет жасына жетсе де, аттан түсіп, тақтан түспеген, қоғамның белсенді мүшелері саналатын ардагер спортшылар жарыстың көрігін қыздырды. Көкшетау қаласындағы «Старт» бильярд клубында өткен шараны Ақмола облысының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл ашты. Спортшылар алдында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, облыстық кеңестің тұрақты комиссия төрағалары Боранбай Бегалин және Қабдуәли Құлышев сөз сөйлеп, жарыс жолына шыққан бильярдшыларға жеңіс тіледі.
Ақмола облыстық спорт басқармасының бөлім басшысы Қуаныш Қағауылов жарыстың тәртібін түсіндіріп, кесте жасап, алғашқы жұптарды белгіледі. Осылай үш топқа бөлініп ойнаған алты спортшы соңғы кезеңге өтті. Сөйтіп, ардагерлер арасында еліміздің бес дүркін чемпионы, жетпіс тоғыз жастағы Марат Досқожин жеңімпаз атанды. Ал, қалған жүлделі екі орынды Ғосман Ізбасаров (Астрахан ауданы) және Владимир Чумотов (Целиноград ауданы) иеленді.
Ойындардың бәрі аса тартысты өтті. Кеңесбек Бектасов, Амангелді Ақынов, Василий Зимин, Борис Зенченко, Қайыргелді Бимендин, Ерболат Шахатов, Берік Қанафин, Жұматай Әбілқасов, Серік Сүлейменов бильярд ойынының шеберлері екенін өздерінің ойын өрнегімен көрсете білді. Жеңіс бар да, жеңіліс те бар.
Біз алдағы уақытта да спорттың бұл түрінен турнир өткізуді дәстүрге берік енгіземіз. Салауатты өмір сүру – адамның жасына да қарамайды. Ал, аталған турнир көптің көңілінен шыққанына еш шүбә жоқ.
Жарыстың соңынан аймақтардан келген спортшыларға арналып ас берілді.