Степногорск қаласында Көкшетау жоғары медициналық колледжі бөлімшесінің салтанатты ашылуы Білім күніне орайластырылды. Жаңа оқу орнының ашылу салтанатына Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков қатысты.
Көкшетау жоғары медициналық колледжінің бөлімшесі Степногорск көпбейінді ауруханасының базасында жұмыс істейтін болады. Жаңа оқу орны ең заманауи жабдықтармен және сабаққа арналған оқу кабинеттерімен жабдықталған. Колледж бөлімшесінде медициналық білім беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен – Виртуалды кеңістіктегі оқушылардың алгоритмдері мен дағдыларын өңдеуге арналған Виртуалды шындық симуляторы, «ПИРОГОВ» интерактивті-сенсорлық 3D анатомиялық кешені, «Academix3D» виртуалды 3D пациенттері бар интерактивті-сенсорлық үстел орнатылған. Алғашқы оқу жылында колледжге 56 адам қабылданды. Студенттер алдында сөз сөйлеген Нұрлан Ахильбеков медбикелер жұмысының маңыздылығын атап өтіп, медицина қызметкерлеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына да тоқталды.
–Дәрігерлерге жатақхана беру, жалдау төлемдерін бірлесіп төлеу, балабақшаларда орын бөлу, жұбайын немесе зайыбын жұмысқа орналастыру сияқты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы ауылдық жерлерге тартылатын мамандар үшін көтерме қаражатты 2,5 миллион теңгеден 5 милилон теңгеге дейін, қалалық жерлер үшін 1,5 миллион теңгеден 2,5 миллион теңгеге дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде. Дәрігерлік персоналдың жалақысының өсуі орта есеппен 30 пайызды, соның ішінде орта медициналық персоналдың жалақысы 20 пайызды, ал, кіші персоналдың жалақысы өсуі 15 пайызды құрайды,– деді бұл орайда, басқарма басшысы.
Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Әбілова жаңа медициналық кадрларды даярлау мен жұмысқа тартудың маңыздылығы туралы айтты. Колледждің ашылу рәсімінен кейін оқу орны бойынша экскурсия өтті. Оның барысында білім ордасының оқу бағдарламалары мен материалдық-техникалық мүмкіндіктері ұсынылды. Практикалық сабақтар Степногорск қалалық көпсалалы ауруханасының базасында өткізіледі, бұл оқу процесінің тәжірибемен ұштасу деңгейін арттырады. Бұған қоса, жыл сайын жергілікті бюджеттен резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант бөлінеді. Бұған қоса, орта буын медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінуі қарастырылған.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА,
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз хатшысы.