Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Болат құрдастың қарекеті - АРҚА АЖАРЫ

Болат құрдастың қарекеті

Сүмбіленің жауыны сәл саябыр тапқан. Ел қыстың қамында. Мал қораларының жанынан қоянжон маялар үйіліпті. Аулаларда отын кесіліп, бұтақ бұталып жатыр. Біз іздеп келген Болат Сәменов те ақ қайыңның кесінділерін жаңғырыққа салып жарып жатыр екен. Жүзі жалт-жұлт еткен қайың сапты балтасын құшырлана сілтейді. Үй іргесіне келіп ат басын іріккен жолаушыларды көрген соң маңдайынан бұршақтаған терді бір сыпырып тастап, басын көтерді. Әуелі амандық-саулық сұрасқанбыз. Өзінің ғана емес, Бәйтерек ауылын жайлаған жерлестерінің. Қапсағай денелі, шымыр жігіт ел амандығын жеткізген.

–Жасыңыз жер ортасынан асқан соң қауырт қимыл жасау қиын емес пе? – деп сұрадық біз мүмкіндігі шектеулі жанның қимылына көзіміз сүйсініп.

–Е, тәйірі, – деді Болат Ерғазыұлы, – арасында осылай шалт қимылдап жұмыс істесем, денемнің құрыс-тырысы жазылып, бір жасап қаламын. Күзде жұмыс көп қой, картопты қазып алу, бақшаны тазалау керек.

Осы арада ауылдық жерде жұмысқа мойны жар бермейтін кей ағайынның өз үйіне пайдаланатын отынды кісі жалдап жарғызатын, үйгізетін әдет шыққандығын да айта кетелік. Он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін азаматтар. Ел ішінде екі қолға бір күрек таба алмай, босқа сенделіп жүрген жастар жалданып кесімді ақыға бар жұмысын істеп береді.

Әлден соң өткен өмір сорабын қамтыған әңгіме сабақталған. Басты тақырып, еңбек. Болаттың әкесі Ерғазы Сәменов екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері екен. Майданға сонау 1941 жылы аттанып, туған елдің топырағына 1947 жылы ғана оралған. Кейін «Қараөткел» колхозының төрағасы, Үлгілі бөлімшесінің меңгерушісі. Асқар таудай әкеден тәлімді тәрбие алған. Әсіресе, адал еңбектің ең басты қасиет екендігін, әке ақылын көкірегіне түйген. Оның елге, жерге деген перзенттік махаббатын толайым қотарып алуға тырысқан. Осы өмірінде қиындық көрсе де, сүрінсе де, жығылса да қос қолтығынан демеп, алға сүйрейтін әке аманаты тәрізді. Майдангер әкесі ешқашан қол қусырып қарап отырмапты. Колхоздың зілмауыр жүгін көтеретін кәтепті қара нардай ауыртпалыққа иығын тоса берген. Болат та әкесіне ұқсағысы келетін. Жетінші сыныпта оқып жүрген кезінде оқыс оқиға орын алғаны бар. Жазым қайдан дерің бар ма, күні кеше ғана құлындай құлдырап, шапқылап жүрген бала үшін  жамбас сүйегі зақымданған соң қарға адым жер мұң болып қалды. Ескі Макинка селосындағы ауруханада бір жарым жыл төсек тартып жатты. Жасөспірім үшін тым-тым ауыр күндер басынан өткен. Күні кеше ғана екі аяғын тең басып, еліктей елегізіп жүрген адамға күні-түні сарылып төсек тартып жату қайдан оңай болсын. Емделді, сабағын да оқыды. Ақыр соңында бір аяғынан бір аяғы кем болып қалғаны. Мойыған жоқ, алға ұмтылуға тырысты. Әкеден көрген өнеге, алған тәлім мен тәрбие тіршіліктің қиындықтарына төзуге шақыратын.

1979 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Щучинск қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсті. Қалағаны орман шаруашылығы еді. Өзі де тұмса табиғаттың ғажайып өлкесі – Зерендіде, оның ішінде сан талай жазушының қаламымен өрнектелген әйгілі Қараөткелдің тумасы. Ит тұмсығы өтпейтін орманды бала жасынан көріп, сырын ұғып, көркіне көзін тойдырып өскендіктен бе екен, туған жердің табиғатын ет жүрегі елжірей сүйетін. Ат жалын тартып мінгеннен кейін өзі де осы табиғаттың қорғаны болсам деп қиялдайтын. Талпынып жүріп, бұл мақсатына да жетті. Қазіргі күні «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Орманды бұлақ бөлімшесінде жұмыс істейді.

– Биылғы жаз адам айтқысыз ыстық болды ғой, – дейді Болат Ерғазыұлы, – күні-түні кірпік ілмей, күзетте болдық. Еліміздің тұс-тұсында аяқ астынан орын алып, табиғатқа зор зиян шектіріп жатқан өрт туралы естіген кезде иманың қасым болады. Мынау қарағайлар, қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген құтты дала еліміздің баға жеткізгісіз байлығы емес пе, кейде жазатайым тұтанып кетуі де мүмкін. Мәселен, қалың қаудың ішінде жатқан шыны немесе ішіне су толтырылған пластикалық бөтелке де қурап тұрған шөпке тамыздықтай болуы ғажап емес. Міне, сондықтан қарауыл мұнарасында тұрып төрт құбыланы тегіс шолуың қажет.

Еңбекқор Болат қысы-жазы қарап отырмайды екен. Бір өзі екі жұмыс істейді. Біріншісі, орман шаруашылығында болса, екіншісі ауылдық әкімдікте от жағушы, үшінші жұмысы да бар, ол жеке шаруашылығы. Төрт түлік малды өсіріп, үй іргесіндегі бау-бақшасын күтеді. Соңғы бірер жылда үй салуға қаражат қажет болып, қорасындағы малдың біразын сатты.

–Орны толар, – дейді Болат, – қазір төбесін жауып, есік-терезесін орнатып алдым. Ішін қыста да қолым қалт еткенде істей беремін ғой.

–Қолың босағаны  қалай? Қыста орманшының жұмысы жеңілдейді ғой, – дейміз біз.

«Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» дейтін атам қазақтың ақыл сөзі ып-рас, – дейді Болат, – мынау орманның бауыры тұнып тұрған несібе. Жаз бойы жеміс-жидек, саңырауқұлақ тереміз. Далада шашылып жатқан ен байлықты көтеріп алуға ерінетіндер бар. Негізінде ауылда тұрып та тәп-тәуір күн көруге болады. Оның үстіне жолаушылар тасымалдаумен айналысамын. Кәдімгі патенті бар такси жүргізушісімін. Көлігімді жаңалап алдым. Еріну деген жоқ. Өкпек жолаушылар қай уақытта хабарласса да, аттанып кетуге әзірмін.

Болат құрдасымның еңбек туралы жүрекжарды сөзін естіп отырып, өмірге деген құлшынысына разы болғаным. Ең бастысы, тырбанып тіршілік етуге деген ұмтылысы бар. Көбімізге жетпей жатқаны сол шығар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар