Орманға абай болайықшы!

Табиғаты тамылжыған Көкше өңірінің бір байлығы – ну орманы. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көрікті өңірде орман қоры баршылық. Әйтсе де, табиғаттың сұлу жүзіне кіреуке түсіретіндер де бар.

Орман – елдің байлығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бес жыл ішінде орман қорын еселеп молайту туралы тапсырмасы бар. Қымбат қазынаның экологиялық және экономикалық ресурс екендігі белгілі. Оның үстіне баға жетпес ұлттық игілік.

Бір қарағанда ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның ішінде жүргендей көрінгенімен, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы небары 405,4 мың гектар  алқапты құрайды. Орман жайында орынды сөз сабақтағанда, көкөскін көмкерген алқаптар 225,7 мың гектар жерді алып жатқандығын айта кеткен ләзім. Шынтуайтында облыстың орманды өңірі жалпы көлемнің 2,6 пайызы ғана. Демек, бағалы байлықтың барына мейлінше мән беріп, көздің қарашығындай сақтап, көлемін жыл сайын көбейтіп отыру міндет. Сыңсыған орманның сұлбасы ғана қалып, қоры азайған да уақыт болған. Өтпелі кезеңде облыстың орманды алқаптары ойсырай шығынға ұшырады. Оның ішінде орманның басынан бақ тайдырған оқиға – дала өртінің жиі орын алуы болды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі дала жұмыстары кезінде сабан өртеуі, егістік алқаптарға зиянды химиялық тыңайтқыштар себуі біршама алқаптың жойылып кетуіне себепші болды. Заңсыз ағаш кесу де залалын аз тигізген жоқ.

Үстіміздегі жылы жалпы көлемі 110,2 текше метр болатын заңсыз ағаш кесудің төрт оқиғасы анықталды. Осы заңсыздықтың салдарынан 1186,9 мың теңге зиянкеліп отыр. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол берілмеуі керек. Әрине, орманшылар халықпен жұмыс істеуде. Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде орманды күтіп, табиғатқа тағылық жасамау керектігі туралы мазмұнды мақалалар жариялануда. Тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары өріс алған. Әйтсе де аракідік заңсыз ағаш кесу оқиғалары кездесетіні де шындық. Алдағы уақытта орманға абай болайықшы.

Қадыр ШӘЙМЕРДЕНОВ,
Ақмола облыстық орман шаруашылығы
және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар