Көктемгі авиа есептің қорытындылары бойынша Қазақстандағы сайғақтардың жалпы саны 2 миллионнан асып түскен, ал, кеңес өкіметі кезеңінде ең көп дегенде 1 миллион 200 мың сайғақ тіркелген болатын.
Бүгінгі таңда Орал популяциясы ең көп шоғырланған болып саналады. Мұнда Одақ кезінде 300 мың сайғақ бар болса, қазір олардың саны 1 миллион 130 мыңға жеткен. Алдын ала болжам бойынша биылғы жылдың соңында елімізді мекендеген ақбөкендердің жалпы саны 2,6 миллионнан асады деп күтілуде.
Соңғы уақытта сайғақтардың осыншама көбеюі салдарынан ауыл шаруашылығы алқаптарына елеулі зиян келтіріліп жатқандығы жөнінде шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының арыз-шағымы көбейе түскендігі белгілі. Өйткені, желдей жүйрік жануарлар су, қоректік жайылым іздеп, олардың жетісе бермеуі салдарынан егінді алқаптарға да бас қойып жатқан жайлары бар. Ал, сайғақтар бір өткен жер ауыл шаруашылығы танаптары болса, ондағы егілген егін, басқа мал азығындық дақылдар аяққа басылып, селдіреп, өнім бермей қалуы әбден мүмкін екендігі белгілі жай. Сондықтан, жергілікті тұрғындар тарапынан агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту үшін көбейіп кеткен сайғақтар санын азайту қажеттігі туралы пікірлер де айтылып қалуы, тіпті кейбір кезде мұндай ұсыныстар нақты талаптарға ұласуы кездейсоқ емес.
Айталық, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында сайғақтардың тұяғынан 121,9 мың гектар дәнді дақылдар, 247,7 мың гектар шөп алқаптары және 882,6 мың гектар жайылымдық жерлер зақымданып, шаруашылықтарға 12 миллиард теңгенің көлемінде шығын келген. Бүгінгі таңда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің ғалымдары тор арқылы аулау әдістерін қолдана отырып, сайғақтардың популяциясын ретке келтірудің биологиялық негіздемесін ұсынып отыр. Сайғақтардың санын реттеудің биологиялық негіздемесі мынандай көлемде ұсынылады. Оралдық популяция бойынша ең көп дегенде 20 пайыз, Бетпақдала популяциясы бойынша 15 пайыз.
Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы 2010 жылдың 14 сәуіріндегі №258 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, сайғақтар саны қолдан реттелетін болып отыр. Бұл бұйрық 2023 жылдың 6 қазанында күшіне енді. Жоғарыдағыдай белгілі бір шектеумен іске асырылатын бұл жұмыс «Охотзоопром» ПО» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының арнайы күштерімен атқарылатын болады. Сайғақтар популяциясына ден қоюдың негізгі мақсаты олардың ауыл шаруашылығы саласына кері әсерін азайту, яғни, ауыл шаруашылығы алқаптарының тапталып, бүлінуінің алдын алу, сөйтіп, өңірлердегі аграршылардың маңдай терімен еккен егіндерінің жарамсыз болып қалуларына жол бермеу болып табылады.
Осыған орай, «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі тиісті орындарға қатынас хат жолдап, бұл жұмыстың Ақмола облысында қалай іске асырылатынын қадағалап, тетіктерін белгілеп отыр. Онда Қазақстан Республикасының Үкіметі 2023 жылдың 16 тамызында №686 кбп «Сайғақтардың популяциясын басқару жөніндегі шаралар туралы» Қаулы қабылдап, сайғақтардың санын реттеу мерзімін 2023 жылдың 15 қыркүйегінен 30 қарашасына дейін белгілегені еске салынады.
Сайғақтар санын ретке келтіруді тормен аулау арқылы облыстың Атбасар, Қорғалжын, Егіндікөл аудандарының аумақтарында жүргізу көзделуде. Соның ішінде Қорғалжын ауданының Құлтай, Сұлукөл жерлерінде бір тор қолданылады. Егіндікөл ауданында да сайғақтарды аулау бір тормен Жалманқұлақ ауылдық округінің Еспесай жерінде ұйғарылып отыр. Атбасар ауданында да Шұңқыркөл ауылдық округінің Қайрақты, Тайкеткен жерлерінде ақбөкендер, яғни, сайғақтар бір тормен ауланады. Бұл ретте, тордың ұзындығы 500 метр не бір шақырым болатындығын айта кеткен жөн.
Жалпы, ретке келтірілетін жоспарлы сайғақтар саны 44718 бас. Шамамен бұл жұмыстарды 2023 жылдың 6 қазанынан бастау жоспарланған. Іс жүзінде солай болып, бүгінге дейін сайғақтыңалғашқы екі аталығын тормен аулап ұстау жүзеге асырылды. Алдағы уақытта да жаппай ауланып, сойылатын бұл жануарлардың еті ет комбинатында өңделіп, консервілер шығарылады деген сөз бар. Аумақтық инспекция осы атқарылатын жұмыс көлемін жергілікті атқарушы орындарға жеткізіп, оны іске асыру барысында мамандардың ветеринарлық заңдылықты сақтауларына, басқа да ескерілетін жайлардың талапқа сай орындалуына бақылауды жолға қоймақшы. Сонымен сайғақтар санын қолмен шектеу мәселесі шындыққа айналып, осы іс әне-міне басталып жатыр. Бұл қаншалықты тиімді болатындығын алдағы уақыт көрсетуі тиіс.
Қ.КӘКЕНОВ.