Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жібек Бағысованың жарқын сахнасы - АРҚА АЖАРЫ

Жібек Бағысованың жарқын сахнасы

Қазіргі уақытқа дейін әлем және қазақ классиктерінің шығармаларынан 200-ге жуық қойылым қойып, Мысыр, Ресей, Беларусь қатарлы елдермен республикамыздың көптеген өңірлерінде фестивальдарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген, еліміздің алдыңғы қатарлы театрларының бірі Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры XXVII театр маусымын «Алло, мама…» драмасымен ашты.

Авторы, Барзу Абдураззаков, қоюшы-режиссері Тасқын Мажитов. Кезекті театр маусымының ашылуы Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысованың өнер жолында жүргеніне 65 жыл толуы құрметіне арналды.

– Осы орайда, біздің театрымызға Жібек апамыздың жолын берсін! Анамызды ардақтайық, ортада жүргенінде бағасын білейік деген ниетпен биылғы маусымды Жібек Бағысованың құрметіне ашып отырмыз, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрислам Әбділ.

Қойылымда ана мен бала арасындағы мөлдір махаббатты арқау еткен нәзік сезім иірімдері суреттеледі. Алыстағы ұлын сарыла күткен жалғыз басты ананың жай-күйі, ұлына деген алаң көңілі астарлы оймен кестеленеді. Ұлы мен анасы тек телефон арқылы ғана хал сұрасып, сағынысқан шақтары бейнеленеді. Жүрегі кең даладай дарқан ана көңілі жырақтағы перзентіне күн сайын, тіпті сағат сайын алаңдаулы. Көз алдымызда баласы үшін Алладан жалбарына сұраған дұға, тілегі көрерменніңде жүрегіне әсер еткендей толқыныс сыйлайды. Айналамызда көзіне жас алған нәзік жандыларда болды.

Сондай-ақ, театрдың маусым ашарына арнайы облыс әкімі Марат Ахметжанов, қала әкімі Бауыржан Ғайса, қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев тағы басқа да облысымыздың зиялы қауым өкілдерімен бірге студент жастар көптеп қатысты. Ана рөлін сомдаған сексеннің бел ортасына жақындаған сахна саңылағы Жібек Бағысованың шебер ойыны жиналған жұрттың жүрегін баурап алғанын құшақ-құшақ сыйланған гүл шоқтарынан-ақ аңғаруға болады. Қойылым соңында сөз сөйлеген өңір басшысы М.Ахметжанов Жібек Есекеқызына жылы лебізін білдіріп, әкімдік атынан иығына шапан жауып, Алғыс хат табыстады.

– Армысыздар қадірлі ағайын, құрметті театр жанашырлары, жанкүйерлері. Өнерге бас иіп, паш ететін қауым. Бүгін, қасиетті қара шаңырақ ұжымы кезекті 27-ші маусымын ашып отыр. Бүгінгі апамыздың сахнадағы ашып берген маусымы құтты болсын, – деп, 1996 жылы «Ақан сері Ақтоқты» драмасымен шымылдығын ашқан театрымыздың жүріп өткен жолдарымен қойылым жетістіктеріне тоқталып кетті. Және де 65 жыл өмірін киелі сахнаға арнаған Жібек апамыздың өнеріне разы болып, «бір минут, бір секунд бос отырмай осы театрда өмір сүргендей болдық. Бала мен ананың ортасындағы махаббаты, қарым-қатынасы, жанашырлығы, тілеуқорлығы жастарға өнеге боларлық», деп өзінің 85 жастағы анасын есіне алып, ақжарма тілектерімен разылығын білдірді. Өнер жолын, кеңес одағының тұсында бастап, сол заманда бірнеше мәрте құрметке бөленіп, жемісті еңбегінің нәтижесін көрген Ж.Бағысованың сахнадағы сан-тарау жолдарын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Оны арнайы зерттеу мен зерделеуді, ізденісті талап ететін жұмыс деп білеміз. Театр алаңында кеш иесінен бір-екі ауыз лебізін тыңдауға тырыстық.

– Қуаныштымын, толқыпта тұрмын. Театр маусымына осылай көрерменнің көптеп келгені және облыс әкімінің өзі қатысып, қолдау білдіріп жатқаны разы қылды, – деді өмірінің көп бөлігін өнерге арнаған театр жанашыры.

Және де драманың ашыла түсуіне өзіндік үлесін қосқан баланың анаға деген құрметін, ой-санасын, тәтті тілегін көрерменге жоғары деңгейде жеткізе білген бала рөлін ойнаған театрдың жетекші актері Еркебұлан Төлеуовты да сөзге тартып, пікірін білдік. «Бұл қойылым мен үшін ерекше болды. Өйткені, театрымыздың анасы, халық әртісімен бір сахнада ойнау үлкен бақыт деп айтуға болады», – дейді актер. Әр адамның жүрегінен орын алатын ана тақырыбын жеткізе суреттеген әртістерге бізде алғысымызды білдірдік. Жұмыс бабы немесе күнделікті күйбің тірлікпен ата-анаға уақыт бөле алмайтын кездерде болып жатады. Сырлы сахнамен актерлердің шеберлік құдіреті шығар, театрдан шыққан жастар, асығыс анасына қоңырау шалып, «Алло, мама. Мен сізді жақсы көремін» деп жатты.

Сонымен қатар, кезекті маусымын ашқан театрымыздың алдағы жоспарларында айта кетейік. Қазан айының репертуарында «Тартюф» және «Ханума» қойылымдарының премьералары өтетін болса, қараша айында Түркістан қаласында Райымбек Сейітметовтың 85 жылдық мерейтойына арналған театр фестивалімен Атырау қаласында өтетін тарихи қойылымдардың фестиваліне шақырту алған.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар