Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алаштың арманы орындалған күн - АРҚА АЖАРЫ

Алаштың арманы орындалған күн

Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші рет аталып өтеді. Республика күні 2001 жылдан бастап 2009 жылға дейін ұлттық мерекелер тізімінде болған. Он үш жылдан кейін 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Президенттің бұл бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді. Сөйтіп, былтыр Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет жоғары дәрежеде атап өтті.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осы ретте Мемлекет басшысы да Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтқан болатын: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», сондай-ақ, 16 желтоқсан тағзым ету күні деп жарияланды:  «Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».

Еліміз тәуелсіздігін қалпына келтіргеніне отыз жылдан асты.. «Осы уақыт аралығында біз қай жерге келіп жеттік?», деген сұраққа жауап берсек, еліміздің әлемдік саясаттағы және әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктері өздері үшін жауап беретіндей жоғары деңгейде тұр, атап айтқанда, көп бағдарлы сыртқы саясат, ұлтаралық қатынастағы татулық пен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші мен тәуелсіздік символына айналған – елордамыз Астананың өсіп-өркендеуі. Қазақстан Республикасының 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі біздің ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктеріміздің әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы болып табылады. Жоғарыда аталған жетістіктерімізге көз жүгіртсек, егемен елде өмір сүріп отырған біз қандай бақыттымыз деген ой келеді.

Дегенмен, бүгінгі тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойы жүргізген азаттық күресінің нәтижесі болып табылады. Азаттық, еркіндік, тәуелсіздік жолындағы күресте қолына қару алып, ұлт-азаттық қозғалыстарды басқарған қаһарман батырлармен қатар, Алаш қозғалысының өкілдері де өздерінің қоғамдық қызметі мен шығармашылықтары арқылы халықты білім-ғылымға шақырып көзін ашуға тырысып рухани-идеологиялық күрес жүргізді.

XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық зиялы қауым өкілдерін бір тудың астында біріктірген Алаш идеясына талдау жасасақ, ол ақтардың да, қызылдардың да саясатымен үйлеспейтін ұлттық жаңару жолы болды. «Алаш» сөзі қазақ тарихында ертеден кездеседі, оның мағынасы елдік, тұтастық, айбарлық деген бірнеше ұғымдарды жинақтайды. Алаш қозғалысының басында әлемдік деңгейге сай білім алып, демократиялық және азаматтық идеялармен қаруланған, ұлы даланың сан ғасырлық құндылықтарын бойларына сіңірген Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, М.Шоқай, Б.Қаратаев сияқты ұлтжанды тарихи тұлғалар тұрды.

Азаттық идеяны көздеген зиялы қауым саяси-идеологиялық күресте панисламдық және батысшылдық ағымдарды жақтағандарына қарамастан, ұлтының азаттығы жолындағы күресте бір тудың астына біріге алды. Осылайша ұлттық зиялылардың үгіт-насихатының және олардың тікелей араласуымен XX ғасырдың басында бүкіл қазақ даласында азаттық жолындағы саяси күрес өрістеп дамыды.

Бірінші орыс революциясы жылдарында шақырылған I және II Мемлекеттік Дума жұмысына жергілікті ұлттан сайланған депутаттар қатысып, азаттық жолындағы Алаш идеясына дем беріп, күресті жаңа саяси деңгейге көтерді. Мемлекеттік думаға депутат болып сайланған Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаевтар орталық билікке туған халқының мұң-мұқтажы мен солақай саясаттың салдарынан тартып отырған қасіретін ақиқатты түрде жеткізіп, ел сенімін ақтай білді. Орал облысынан  II  Мемлекеттік думаға депутат болып сайланған Б.Қаратаев патша үкіметінің қазақ жеріне қоныс аудару саясаты жөнінде былай деген: «Біз қырғыз-қайсақтар (қазақтар) біздің бауырларымыз шаруалардың жерге деген тапшылығын түсінеміз, біз оларға жер беруге дайынбыз, бірақ артық жер өте аз, ал қазір жүріп жатқан қоныс аудару қырғыз-қайсақтарды (қазақтарды) көшіруге әкелуде… қырғыздарды (қазақтарды) жерлерден емес үйлерінен көшіріп жатыр». II  Мемлекеттік дума таратылғаннан кейін патшаның «3 маусымдағы заңы» шығып, қазақтардан III  Мемлекеттік думаға депутат сайланбайтын болды. Бұл оқиға жергілікті өлкедегі саяси жағдайды одан сайын ушықтырып, азаттық жолындағы күресті шындай түсті. XX ғасырдың басындағы қазақ жеріндегі азаттық пен тәуелсіздікті пір тұтқан Алаш идеясының өрістеп дамуы бүкіл әлемдегі азаттық қозғалыстар толқынымен қатар келіп, ұлттық сана-сезімнің оянуына әкелді. Қазақ даласын түгел қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс барысында азаттық жолындағы күрес жаңа деңгейге көтерілді.

Алаш зиялыларының азаттық жолындағы идеологиялық күресі саяси тұрғыдан әбден пісіп-жетіліп егемен елдің іргесін көтеретіндей дәрежеге жеткенде ұлттық идеяға тірек болып, оны іс жүзінде жүзеге асыратын ұлттық буржуазиялық өнеркәсіптік топ қажетті шамада қалыптаспай, саусақпен санарлы ғана адамдардан тұрды. Дегенмен, ат төбеліндей азғантай ұлттық зиялы қауым өкілдері бастарына төнген қауіп-қатерге қарамастан азаттық жолындағы күресті асқан айбарлықпен үздіксіз түрде жүргізді. М.Дулатовтың «Оян қазағы» мен А.Байтұрсыновтың «Масасы» сияқты Алаш белсенділерінің шығармалары халықтың сана-сезімін оятуда үлкен рөл атқарып, патша үкіметінің озбырлық саясатын әшкерелеп, халықтың мұң-мұқтажын жырлады. «Оян қазақ» идеясының жаңа ұлттық идеяға айналуы 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін іске асырылды. Ендігі жерде 1917 жылдан Алаш идеясы азаттық жолында ашық күреске түсіп, нәтижесінде 1917 жылдың жазында Орынборда жалпықазақ  съезінде  Алаш партиясы құрылды. Он бөлімнен тұратын партияның бағдарламасы 1917 жылғы қарашада «Қазақ» газетінің бетінде жарияланды. Партия бағдарламасының «Мемлекет қалпы» деген бөлімінде қазақ елі Ресейдің құрамындағы автономия болып құрылу керек делінді. Сонымен қатар, баспасөз бетінде партия бағдарламасының басқа бөлімдері де («Жергілікті бостандық», «Негізгі құқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», «Жұмысшылар», «ғылым білім үйрету», «Жер мәселесі») кеңінен жарияланылды. XX ғасырдың басында жанданған тәуелсіздік үшін күрес жүргізген алаш идеясы, тек XX ғасырдың аяғында, 1990 жылдың 25 қазанында іске асырылды.

XX ғасырдың басындағы жергілікті баспасөз құралдары идеологиялық күресті жүргізудің басты құралына айналды. 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетінің редакторы Алаштың ардақты ұлы А.Байтұрсынов болды, оның басқа басылымдардан ерекшелігі, ол ресми бағытты ұстанған жалпыұлттық газет  болды. 1905 жылғы патша манифесі сөзбен баспасөз бостандығын жариялағаннан кейін бірқатар газет, журналдар жарық көрді. 1911 жылы Тройцкіде қазақтың алғашқы журналы «Айқап» жарық көрді, оның редакторы белгілі ақын, журналист М.Сералин болды. 1914 жылдан Омбы қаласында ағартушы Қошке Кемеңгерұлының редакторлығымен «Балапан» қолжазбалық нұсқадағы журналы және 1915 жылдан Уфа қаласында Б.Майлин мен Ж.Тілепбергеннің жетекшілігімен қолжазбалық нұсқадағы «Садақ» журналдары шығып тұрды.

Қарастырып отырған кезеңдегі Алаш азамматтарының жасаған ерліктеріне қарап, қазіргі кезде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен қазақ тілін дамыту сияқты мәселелерді шешуде бабаларымыздың ғасыр бұрын жасаған ерліктерін неге қайталамаймыз деген ой келеді. Иә, кезінде Алаш азаматтары үшін асыл арман болған тәуелсіздік идеясы орындалды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып, әлем елдерімен терезесі тең саясат жүргізеді, ал өз елімізде ұмыт болуға айналған ана тіліміз қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болды. Осы емес пе еді Алаш қайраткерлерінің алға қойған басты мақсат-мұраты. Ұлттық идеяны қорғаған Алаш қайраткерлері «үлкен террордың» құрбаны болды. «Ғалымның хаты өлмейді, ақынның аты өлмейді» дегендей алаш зиялыларының шығармашылығы әрқашан туған халқының жадында, бірақ олар жай ғана ғалым, ақын, ағартушы болған жоқ, Алаш азаматтары қазіргі ұлт тағдырының болашағы мәселесі көтерілген тарихи күрделі кезеңде өмір сүріп, ұлт мүддесін жеке бастарынан жоғары қойған ұлтжанды тарихи тұғыры биік тұлғалар болды.

Қара сөздің шешені халқымыз «өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, қазіргі біздің қол жеткізіп отырған тәуелсіздігіміз үшін күресте атылып кеткен Алаш азаматтарының қоғамдық-саяси қызметін лайықты дәрәжеде зерттеу біздің тарих алдындағы қасиетті борышымыз. Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін жай ғана зерттемей, олардың ұлттық идея үшін күресін болашақ ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуде басты құрал ретінде пайдалану керекпіз. Қазіргі жастарымыздың әрқайсысы өзіне «мен туған елім үшін не істей аламын?» деген сұрақ қойып жатса, егемен еліміздің ертеңінің берік болатынына сеніміміз арта түседі. Өйткені, егемендік біздің ең басты байлығымыз, ең басты бақытымыз, ең басты жетістігіміз және халқымыздың ғасырлар бойғы арманы.

Марат ӨТЕГЕНОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
 Көкшетау университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар