Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.
Биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Тайбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 90 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
– Атап айтқанда, 80 миллион теңге немесе кезең жоспарының 100 пайызы толығымен игерілді деп айтуға болады. Сонымен бірге, Олжабай батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға 150 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – деді Нұрлан Мұқатов.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен 60 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Ал, 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша жұмыстар жалғасуда. Екі жоба да Ерейментау қаласында жүзеге асырылуда және оларға бөлінген бюджет толығымен игерілді.
Аудан әкімі өз баяндамасында Ерейментау қаласындағы Мұсабаева 14 және 16 көшелеріндегі 45 пәтерлік екі тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу бойынша жұмыстардың жүріп жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, оның айтуынша Өлеңті ауылында да дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізіледі.
– Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен Ерейментау қаласындағы Әлжанова-Әл-Фараби көшелерінің бойынан жылу магистралінің құрылысы басталғандығын айтқым келеді. Сонымен бірге, «Ауыл – ел бесігі» бойынша 270,4 миллион теңгеге Торғай ауылындағы орта мектеп ғимараты жөнделеді, – деді Нұрлан Мұқатов.
Биылғы жылы Тайбай ауылында, Олжабай батыр және Өлеңтідегі дәрігерлік амбулаторияларды мен Олжабай батыр, Еркіншілік ауылдарындағы ауылдық клубтар күрделі жөндеуден өткізіледі. Сонымен бірге, Тайбай ауылында дүкен ғимаратын клубқа айналдыру қарқынды жүргізілуде.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.