Өңірлік коммуникациялар қызметінде Есіл ауданы әкімінің орынбасары Асқарбек Мақсұмханның қатысуымен «Есіл ауданының 2023 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері» туралы брифингі болып өтті.
Жалпы, есепті кезеңдегі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы келесі көрсеткіштермен сипатталады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,1 миллиард теңге немесе 90,6 пайыз, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 2,3 миллиард теңгені құраған. Нақты көлем индексі 103,7 пайыз, өткен жылдан 3,5 пайызбен жоғары болған. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10,3 миллиард немесе 48 пайызды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 миллирд теңгені құраған. Инвестициялар көлемі де осылай жалғасады. Ағымдағы жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 471,8 мың гектар, оның ішінде дәнді және бұршақ дақылдары 449,7 мың, бидай 399,9 мың, арпа – 41,2 мың, сұлы – 5,3 мың, жасымық – 2,4 мың гектар болған. Осы жылдың жеті айында негізгі капиталға салынған инвестиция 5,7 миллиард болса, өсімі 2,3 миллиард теңгеге жеткен. Жеке инвестициялар арқылы «Кәсіпкерлікті қолдау» картасынан тыс жобаларды іске асыру аясында осы жылы он жаңа жұмыс орнын құрумен 2,4 миллиард теңгені құрайтын тоғыз инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Елді мекендердің көше-жол желісінің жай-күйін жақсарту мақсатында ағымдағы жылы жолдарды жөндеу бойынша он төрт жобаны іске асыру жоспарланып, оның барысында жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге елді мекендердің 15,8 шақырым көше-жол желісін жөндеу жоспарланған. Алайда төрт жоба аяқталмаған. Бүгінгі күні мердігерлік ұйымдарға өздерінің шарттық міндеттемелерін орындамау бойынша талап-арыздар берілген. Жалпы, әкім орынбасарының мәліметінше, жол жөндеу саласында жауапты мердігерлердің жұмысты талапқа сай орындамайтыны, олармен келісім шартты бұзуға дейін баратын жағдайлар көп болып жататыны айтылды.
Ал, сумен жабдықтау мәселесіне келетін болсақ, Заречное және Дальный ауылдарын сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау жұмыстарына «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 416 миллион теңге қарастырылған, Знаменка ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту жұмыстарына 822,106 миллион теңге бөлініп, жобаны іске асыру 2024 жылы жоспарланғанына қарамастан, жұмыстарды аяқтау 15-ші қазанға көзделген. Сол секілді Красивое ауылының сумен жабдықтау жүйесін 878,613 миллион теңгемен қайта құру жұмыстары басталған. Ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен Есіл қаласындағы қазандықты ағымдағы жөндеуге 350,8 миллион теңгеге материалдар сатып алынған. 2023-2024 жылыту маусымына «Виктория» шаруа қожалығымен қатты отын сатып алуға келісім-шарт жасалып, бүгінгі күні қаланың орталық қазандығына 6,1 мың тонна көмір жеткізіліп, белгіленген кесте бойынша жылу беру маусымы басталған. Берілген ақпаратқа сүйенсек, ауданның білім және мәдениет нысандары 2023-2024 жылыту маусымына 100 пайыз дайын.
Сонымен бірге, білім беру саласындағы ақпараттарға көңіл бөлсек, Есіл қаласы С.Серіков атындағы мектепте 828 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары 2021 жылы басталған. Өкінішке орай, «ГрандСтройСервис» мердігерлік ұйымының кінәсінен аяқтау мерзімі кешіктірілген. Енді, жұмысты 5-ші қарашаға дейін аяқтау жоспарланған. Двуреченск орта мектебінде екі жылдық күрделі жөндеу аясында осы жылға жоспарланған барлық жұмыс түрлері аяқталған. Сондай-ақ, қала бойынша балаларды мектепке тасымалдау ұйымдастырылып жатқаны белгілі болды. Бұзулық ауылындағы монша-кір жуу кешенін ауылдық клуб пен спорт алаңына айналдыру жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 251 миллион теңге қаражат бөлініп, «Көкшетау-2015» ЖШС жұмыстарды аяқтауды осы айдың соңына жоспарлаған. Және де, Есіл қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сметалық құны 728,8 миллион теңгені құрайды. Облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыру сомасы 10 пайыз. Знаменка, Сұрған және Двуречный ауылдарында балаларға шағын футбол, спорт-ойын алаңдарын салу жұмыстары аяқталған.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.