Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
 «Айтылмаған жүректе бір ән жатыр!..» - АРҚА АЖАРЫ

 «Айтылмаған жүректе бір ән жатыр!..»

Тілек СЕРІКҰЛЫ 1995 жылы дүниеге келген.  Бұланды ауданы Макинск қаласындағы №5 орта мектебін бітірген. Аудандық, облыстық мүшәйралардың жүлдегері. Өлеңдері «Тәуелсіздік-тағдырым»  атты жас ақындар антологиясына, «Жасылкөл»  «Өлке шұғыласы»  атты әдеби журналдарға енген. Сондай-ақ, республикалық «Әдебиет порталында»  жиі жарияланып тұрады.

Тілек СЕРІК

 Көңілдің бір сәті

 Атам да жоқ қасымда қорған,
Мойымай келем ғасырға жалған.
Бала күнімнің естеліктері,
Аршалытаудың басында қалған.

Төзіп те келем сынақтарыңа,
Есіл дәуренім жырақтады ма.
Күп-күрең күзде жыр оқып қайтсам,
Тұп-тұнық аққан бұлақтарыңа.

Қозы күрең күн төбеңде қалған,
Сөйлемейді ешкім өлеңге жалған.
Ғаламды түгел жаратып берген,
Жаратушыны шебер де, қарғам.

Арылмағасын басымнан қайғы,
Көріп өскенмін жасымнан бәйгі.
Тектілік біздің бойымыздағы,
Жоқ болып кетті ғасырдан тайды.

Солай да менің түсіме енесің,
Сақтай беремін ішіме несін.
Босата салдым далама дарқан,
Құлын жырды кісінегесін!

***

Жалықтым қалың ойдан қаумалаған

 Жалықтым қалың ойдан қаумалаған,
Жетегінде бұл дерттің қайда барам.
Бабалардың сөйлейді қабірлері,
Төбесіне күмбездер ай қадаған.

Бас алмастан жортамын аптығымды,
Көкжал текті көргенде қасқыр ұлды.
Ақситамын азуымды айға қарап,
Ұрпағыңды қайтейін жат бүгінгі.

Ұрпағыңды қайтейін майдаланған,
Ұлы жұрттың даласын жайлап алған.
Бас сүйегін білмейміз бабалардың,
Қай адырда көміліп қайда қалған.

Қайнап жатса бойымда Арқар демі,
Кең далада бөрідей жортар ма едім.
Айға қарап ұлып ап айбаттанып,
Адырнамды соңғы рет тартар ма еді.

***

Айтылмаған жүректе бір ән жатыр,
Құлазыған көңілім жылапжатыр.
Сары күзді қимаған сағынышым,
Ақ қайыңнан саусылдап құлап жатыр.

Ақ қайыңдар, теректер ырғалады,
Олардың да көңілсіз мұң жанары.
Құстар қайтып барады  сардаладан,
Тізбектеліп көк құтан, тырналары.

Жылап қалдым қалайша жасырамын,
Шырқалмаған жүректе жатыр әнім.
Сары ала қаз ұшады қимай-қимай,
Жұлып алып жанымның жапырағын.

Маңдайынан сипалап қара кердің,
Сағындырған бір әнге сала бердім.
Қарап тұрып құстарға аспандаған,
Жазылмаған жыр оқып қала бердім!

***

Тағат таппай тамыз келсе күйзелем,
Армандарым көп менің де күйреген.
Қайран, уақыт өтіп бізден барады,
Тоқтамастан алға көшін сүйреген.

Қайран уақыт қанатында құстардың,
Өлең болып әуелеген ұшқан мың.
Күрмеуге де келмей қалған күндер-ай,
Неге сонша сағат тілі қысқардың?!

Қыркүйектің келгенін де аңғармай,
Күндер зулап бара жатыр көз жазбай.
Сары ала күз сағынышым бұл менің,
Бала күнге апаратын жолдардай.

Құстар әні естілетін аспаннан,
Мен өлеңмен, өлгенімше дос болам.
Сары ала күз сағынышым сарқылмас,
Бақытымдай оралып кеп кеш қонған.

***

Соқа басым жартасқа соғылды мың,
Болатындай ел жаққа жолым бүгін.
Желіктіріп барады жел қуалап,
Қой жуа исі бұрқырап Орылғының.

Торы жорға тақымда тайпалады,
Көз ұшымда сүтті іңір. Ай қабағы.
Атам жүрген ертеде ат жетектеп,
Амансыңба, көз көрген Қарқаралы?!

Орқаш-орқаш тауларым, сайын далам,
Түлеп ұшқан ұлдарың шайыр болар,
Сары ала қаз ұшатын өзен бойлап,
Сені қатты сағындым, Қайыңды арал.

Жатсам-тұрсам санамнан жыр тілеген,
Жұбанышым жалғыз-ақ шіркін, өлең.
Құлағымнан кетпейді күбір-күбір,
Қобда өзеннің ағысы күркіреген.

Толқындарыжағаныұрғылаған,
Ащыкөлімкөзімненбұлдыраған.
Бірерсәткемызғысамарман бар ма,
Жағасындабұлақтыңсылдыраған!

***

Бұландының аспаны күрсінеді…

Бұландының аспаны күрсінеді,
Жиегіне көңілдің күн сіңеді.
Құлазыған жаныңды жадыратып,
Өлең оқып берейін, жүрші бері.

Сен күлімде, қайтесің мұң жасырып,
Өлең ғана жалғыз-ақ сырласым, ұқ.
Қызғалдақтар әлемін аралатып,
Қайтайықшы жүре ғой, қырға шығып.

Көтеріліп көңілің жайланасың,
Жанарыңнан ақ моншақ тайғанасын.
Жусан исі бұрқырап қыр басынан,
Самала жел шашыңнан аймаласын.

Отырайын мен саған құмарланып,
Жалғанға бұл адамдар жүр алданып.
Айналамыз аңызға кейін біздер,
Соңымызда ескірмес бір ән қалып.

Бұландының аспаны күрсінеді,
Жиегіне көңілдің күн сіңеді.
Құлазыған жаныңды жадыратып,
Өлең оқып қайтайық, жүрші бері.

Ағаны сағыну

Қашан қауышар күн туар жан аға біз,
Тағы келді сарғайып сары ала күз.
Қобдаңғолдың аспанын әнге бөлеп,
Кезіп жүр ме әлі күн даланы аңыз.

Қашан аға сен жаққа жол аламын,
У сепкендей болады жарама мұң.
Аңсап жүрмін бұлағын кең даланың,
Қырға біткен, бітіктас, обаларым.

Құтты қоныс, қазаққа болған дала,
Қыдыр дарып, бақ құсы қонған дала.
Қара шалдың сағынам қара қосын,
Жаным жүдеп, құлазып қалғанда, аға.

Құлақ аспаса дамдар, жырға сірә,
Сағынышын бауырың жүр жасыра.
Әңгіме айтып отырмын атам жәйлі,
Атқа мініп көрмеген құрдасыма.

Қашан бастап барады жолдар аға,
Біздің елге жұрт әлі таңдана ма.
Жалғыз бағып жүрсің бе, қойларыңды,
Қалғыты мен Шуғаты, Қондалаға?..

Жазылмастай жаныңда жара жатса,
Жусан иісі бұрқырап дала жатса,
Аға, сені сағынам елге қарай,
Құстар ұшып аспанда бара жатса.

Сепкендей-ақ болады жарама тұз,
Тағы келді сарғайып сары ала күз.
Аңсап жүрмін ауылды шалғайдағы,
Көріскенше аман бол, жан аға, біз.

***

Қажып келіп жұмыстан шаршағанда,
Ақбас шыңын Алтайдың аңсағанда.
Шығып кеткім келеді кең далаға,
Қыран бүркіт қондырып қансонарға.

Мейірімсіз көрініп қала маған,
Болып кеттім тым қатал, жаман адам.
Сағындырды е, мені қара шалдар,
Бүршік таға атына тағалаған.

Қала сайқал жасайтын жиын, бүлік
Күйбең тірлік барады күйіндіріп.
Көк тіреген тауларға асығамын,
Көк бөрі ұлдар қонақтар тұғыр биік.

Күндерім-ай жетпеген арманға асыл,
Сусып шығып барады жалған ғасыр.
Жалыққанын айтады тас қаладан,
Кеткісі кеп жүргенін майдандас ұл.

Тұлпар мінсем көсілтіп жарыстырып,
Құйрық жалын, шоптығын қарыс түйіп.
Не жетеді жалған-ай, өтсем шіркін,
Жақсылармен үзеңгі қағыстырып.

Қажып келіп даланы аңсағанда,
Қыран бүркіт ұшырып қансонарға.
Шығып кетсем жалған-ай, арман бар ма,
Өлең оқып қайтушы ем, таң самалға.

Қауырсын қанат құс ғұмыр…

Қауырсын қанат құс ғұмыр,
Тағы да міне, түсті іңір.
Сарғайып тұрып бақтардан,
Сары ала болып ұшты гүл.

Тырналар кетті тыраулап,
Уақыт сырғып, жыл аунап.
Жалаңаш қалып қайыңдар,
Жаралы күйде жылар бақ.

Қоғалы көлдер қамысты,
Азагер жел кеп алысты.
Демінен буы бұрқырап,
Дерт келіп, күзге жабысты.

Қарағай басы ырғалар,
Топталып ұшып тырналар.
Бәріне сырын ақтарып,
Сарғайып тұрып күз қалар,
Күз қалар!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар