Қазақ боксшысы Теміртас Жүсіпов жеткен жетістіктер бұл күнде тек өзін ғана биіктерден бой көрсеттіріп қоймай, сонымен бірге, бүкіл қазақ жанкүйерлерін, соның ішінде өзі туып-өскен Ақмола өңірі тұрғындарын да арда азаматы үшін ерен мақтаныш сезіміне бөлейді.
Ол Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, 33 жасында жасындай жарқырап, Сербияның астанасы Белград қаласында өткен әлем чемпионатында 48 келі салмақта жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Оның алдында Мәскеуде өткен әскерилер арасындағы әлем біріншілігінде алтыннан алқа таққаны тағы бар. Бокс өнеріне құлағын түріп жүретіндер Теміртастың Дүниежүзілік бокс сериясында «Астана Арланс» командасының намысын қорғап, шаршы алаңда талай қарсыласының шаңын қағып, әйдік жеңістерге жеткендігін де жақсы біледі.
Осылайша 35 жасында да бокстағы жігер, қайраты жалындаған жастан кем түспеген саңлақ боксшымыз өткен аптада Астана қаласында мәреге жеткен Қазақстан спартакиадасында тағы да топ жарып, өз салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанды. Оның бұл жеңісі туралы Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» берген мына сұхбатына көз жүгіртсек, Теміртастай тегеуірінді боксшыны осы спорт түріндегі өзіндік бір феномен демеске хақымыз жоқтай.
–48 келі салмақта Теміртас Жүсіпов өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеді. Бокста 48, 51 келі салмақта жұдырықтасу – қиынның қиыны. Сол себепті де 35 жасқа келсе де осындай салмақты ұстап, бабында жүрген Теміртас Жүсіпов сәл атаққа жетсе жалқаулығы ұстап кететін барлық боксшыға үлгі. Қазақстанның 7 дүркін чемпионы Теміртас жасы 30-дан асып кетсе де әлем чемпионы атанды.
Кезінде Серік Сәпиевтен үлгі алыңдар деп айтатын едік, қазір боксшыларға тәртібі мен мінезі бір төбе Теміртас Жүсіповке қарап бой түзеңдер дейміз. Теміртас алда өтетін Азия мен әлем чемпионаттарында медаль алып беретін жігіттердің бірі десем, қате айтпаған болар едім, – дейді бокс өнерінде көпті көрген әйгілі бапкеріміз.
Міне, талапты әрі атақты былғары қолғап шеберіне берілген осынау жоғары баға бәрімізді де Теміртас үшін үлкен қуанышқа бөлейді!
Қазақстан спартакиадасындағы кезекті жеңісіңмен, Теміртас! Алда да биік тұғырлардан көрініп, өзіңнің тілеуіңді тілеп, тақымын қысып отыратын жерлестеріңді қуанта бер!
Қ.КӘКЕНОВ.