Шығармашылық ұжымдар үшін «Халықтық» және «Үлгілі» атағына ие болу ерекше құрмет. Бұл көпжылдық қажырлы еңбектің нәтижесі. Қазақстанда, бекітілген Қағидаға сәйкес «Халықтық» («Үлгілі») атағы аудандық, қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық маңыздағы фестивальдерге үнемі қатысатын, «лауреат» немесе «дипломант» атағына ие, өзінің орындаушылық қызметінде жоғары шығармашылық деңгейге жеткен, кемінде 5 жыл тұрақты жұмыс істейтін көркемөнерпаздар ұжымдарына беріледі.
– Биылғы жылы Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан вокалдық, аспаптық, хореографиялық, театрлық тәрізді жанрларда жұмыс істейтін 20 көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымы «Халықтық» және «Үлгілі» атақтарына үміткер.
Бұл ұжымдарда мектеп оқушылары, зейнеткерлер, дәрігерлер, педагогтар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері сияқты түрлі кәсіп иелері әуесқой шығармашылықпен айналысады, – деді облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметінен.
«Халықтық» және «Үлгілі» атақтарына үмтікрелердің арасында «Балқадиша» фольклорлық этнографиялық ансамблі (Зеренді ауданы), «Реверанс» хореографиялық студиясы (Сандықтау ауданы), Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы «Жауқазын» студенттік жастар театр студиясы (Көкшетау қаласы), «Қазына» би ансамблі (Степногорск қаласы), «Замандастар» ардагерлері хоры (Қосшы қаласы), «Тұмар» этно-эстрадалық ансамблі (Целиноград ауданы), «Сазды әуен» фольклорлық ансамблі (Егіндікөл ауданы), «Сұңқар» квартеті (Аршалы ауданы), «Карнавал» би ұжымы (Жақсы ауданы), Ақкөл ауданы «Ренессанс» хореографиялық ұжымы, «Арман» драмалық ұжымы (Степногорск қ.), «Очарование» би ұжымы (Есіл ауданы), «Ассоль» би ұжымы (Целиноград ауданы), «Ақкөл арт-ложки» фольклорлық қасықшылар ансамблі (Ақкөл ауданы), «Роммакс» би тобы (Бурабай ауданы), «Оқжетпес сазы» домбырашылар студиясы (Бурабай ауданы), «Алтын күн» би ансамблі (Атбасар ауданы) бар.
Комиссия отырысында көркемөнерпаздар ұжымдары өздерінің бейнематериалдарын, портфолиолары мен шығармашылық нөмірлерін ұсынды.