«Достар» мәдениет сарайы қызметі халықтың мәдени бос уақытын ұйымдастыруға, халық шығармашылығы және көркемөнерпаздар шығармашылығы саласында мәдени жұмыстарды жүргізуге бағытталған заманауи көпсалалы мәдени орталық болып табылады.
Оның қабырғасында тұрақты түрде концерттер, фестивальдар, шеберлік сыныптары мен байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Хор, вокал, би, сәндік-қолданбалы өнер жанрлары бойынша 40 үйірме жұмыс істейді, оларға 1330 ересек пен бала қатысады. Мәдениет ошағының жанынан 6 фольклорлық ұжым – «Арай» ансамблі, «Балқадиша» фольклорлық ансамблі, «Асыл мұра» би ансамблі, «Балақай» үлгілі балалар студиясы, «Импульс» үлгілі заманауи би студиясы мен «Таволга» халықтық ансамблі жұмыс істейді. Бұл ұжымдар қазақтың дәстүрлі музыкасы мен биін сақтаумен, дамытумен және насихаттаумен айналысып, облыстық, республикалық байқаулар мен фестивальдарда өз өнерлерін паш етуде.
«Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары мен солистері қалалық, облыстық, республикалық байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Аружан Исабай облыстық «Бұрымды қыз-2023» байқауының бас жүлдесін жеңіп алса, «Шаңырақ» шығармашылық тобының мүшесі Айман Есжанова облыстық «Атам мен әжем» байқауының жеңімпазы атанып, ақшалай сертификатты иеленді. «Достар» мәдениет сарайының әншісі Анастасия Маркина өзге ұлт өкілдері арасында өткен облыстық «Қазақша караоке» байқауында бірінші орынды иеленді. Абылай ханның 310 жылдығына арналған облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауында М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының курсанты Қадыр Дәурен жүлделі ІІ орынға ие болды. Қараша айында «Асыл мұра» фольклорлық ансамблі Алматыда өткен «Гүлденген қызғалдақтар» халықаралық хореографиялық өнер байқауына қатысып, бірінші дәрежелі лауреат атанып, жеңіспен оралды.
Биыл «Достар» мәдениет сарайында 2030 іс-шара өткізіліп, оған 931 500 адам қатысты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Біз өз жұмысымызда жастарға патриоттық тәрбие беруге және балалар шығармашылығын дамытуға аса мән береміз. Жеке жобаларымызды жүзеге асыру аясында «Үздік дауыс – 2023», «Кішкентай ханшайым-2023», «Балауса -2023», «Ер намысы – ел намысы» байқауларын өткізу дәстүрге айналды. Биыл облыстық KÓKSHE телеарнасымен бірлесе отырып, дарынды балаларға арналған тағы бір «TALANT TIME» жобасын іске қостық. Оның мақсаты – білім мен өнер саласында ерекше қабілеті бар жас таланттарды анықтау. Жоба бірден өз аудиториясын тапты, оны ақмолалықтар бүкіл отбасымен көргенді ұнатады.
Жастардың шығармашылық әлеуетін дамытып, дарынды тұлғаларды анықтауға бағытталған «Ақмола жұлдыздары» облыстық байқауына біздің көркемөнерпаздарымыз жыл сайын қатысады. Биылғы гала-концертте де Көкшетау қаласының атынан 45 шығармашылық ұжым өнер көрсетті. Сөйтіп, «Ақмола жұлдыздары-2023» жаңа таланттардың есімдерін ашты. Олар – заманауи әндердің орындаушылары Ақтоты Әбдірахман, Дарина Калинва, Айлара Жетібай, Арина Тыщенко. «New-KZ» вокалдық тобы, «Р-Джигиц», «Diamond» заманауи би ансамбльдері де осы байқауда тұңғыш рет өнер көрсетті.
Бүгінде мәдениет те халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, адамның рухани өсуі мен дамуын қамтамасыз етеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, «Достар» мәдениет сарайы қарттар мен жастардың мәдени сұранысын қанағаттандыратын, музыка, өнер, хореография салаларында шығармашылық қабілеттерін дамытатын бір қоғамдық-мәдени өмірі орталығына айналып отыр.
Ақмарал ЕЛУБАЕВА,
Көкшетау қаласындағы
«Достар» мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі.