Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина өңірдегі қызылша ауруы бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
Елдегі эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Өткен жылы қызылша күдігімен 68 мыңнан астам жағдай тіркелді. Оның 30 мыңға жуығы зертханалық жолмен расталды да. Ақмола облысы сырқаттанушылықтың өсуі бойынша елімізде 6-шы орында тұр. Нақтырақ айтсақ, былтыр 379 дәлелденген факт тіркеліпті.
− Желтоқсан айында аймақта қызылшаның 220-дан астам жағдайы тіркелді. Бұл өткен аймен салыстырғанда 2,3 есе көп. Науқастардың 80 пайызы, яғни, 178-і 14 жасқа дейінгі балалар. Жүкті әйелдер арасында қызылша ауруы тіркелген жоқ. Тіркелген 220 жағдайдың 172-сі екпе алмағандар арасында көрініс берді,−деді департамент басшысы.
Қызылшаға қарсы қосымша иммундау 2019 жылы жүргізілгенін айтып өткен жөн. Ол аурудың өршуін оқшаулауға мүмкіндік берген еді. Өткен жылы да қараша айынан бастап 22 мыңға жуық адам вакцинацияланған. Медицина қызметкерлерін иммундау жоспары толығымен орындалды. Мамандар әрқашан ата-аналарды жоспарлы және қосымша екпе алудан бас тартпауға шақырады. Себебі, қызылша ауруынан пайда болатын салдардың алдын-алуға тек вакцинациялау көмектеседі.
Брифинг барысында ведомство басшысы вакцинациялау ККП вакцинасымен жүзеге асырылатынын атап өтті. Айтуынша, бұл 3 компонентті тірі вакцина болып табылады. Яғни, қызылша, қызамық және паротиттен сақтануға мүмкіндік береді. Аталмышвакцина 60-шы жылдардан бастап қолданылып келеді. Сонымен бірге, қызылшаға қарсы иммундау кезеңінде вакцинацияға қатысты ешқандай жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ.
Мамандар облыс орталығынан басқа ең көп сырқаттану көрсеткіші елордаға шекаралас аудандарда байқалатынын айтуда. Демек, қызылшадан қорғанудың бірден-бір жолы – вакцинация екенін ұмытпаған жөн. Бүгінгі таңда егу пункттері демалыссыз жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауарайына байланысты әкімдіктер балаларды емханаларға тасымалдау үшін автокөлік бөледі.
Ал, кей ұжымдарға арнайы топ барады. Сондықтан, бұл қабылданған шаралардың қызылшаның тек облысымызда ғана емес, бүкіл ел бойынша таралуын болдырмауға көмектесетіні сөзсіз.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.