Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау – мәдениет пен достықтың мекені - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау – мәдениет пен достықтың мекені

Осындай деген тақырыппен Ақмола облыстық орыс драма театрында Көкшетау қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған театр мамандары мен сыншыларының шығармашылық бағыттағы халықаралық мәдени форумы болып өтті.

Өнер мен мәдениеттің бұл мерекесі түрлі іс-шараларға, шығармашылық пен достық байланыстарға, болашақ ынтымақтастық жоспарларына толы болды. Форумның ашылуына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, қатысушылардың алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, игі тілектерін арнады.

–Құрметті форумға қатысушылар, Көкшетау қаласының мерейлі жылы Сіздерді осындай шығармашылық алаңында қарсы алып жатқанымызға қуаныштымыз. Көкшетау ежелден бері өзінің батырларымен, ақындарымен, сал-серілерімен танылған киелі мекен. Форумның арқасында мәдени, шығармашылық байланыстарымыз нығая түседі деп сенеміз. Біздің ынтымақтастығымыз театр өнерін дамытуға, өзара достық көпірін  нығайтуға қызмет етеді, – деп ол облыс әкімінің атынан Ресейден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды құттықтады.

Театрлардың мәдени ынтымақтастығы

«Қазақстан және Ресей театрларының мәдени ынтымақтастығы: қазіргі жай-күйі, болашағы мен жоспарлары» атты дөңгелек үстелде қатысушылардың әрқайсысы актерлер мен режиссерлердің шеберлігі мен талантының арқасында бізге, яғни, көрермендерге көріне бермейтін мәселелерді талқыға салды. Пікірлестердің ойлары мен көзқарастарынан кейін, олардың қандай қиыншылықтарды қалайша еңсеріп жатқандықтарына таң қалмасыңа болмайды. Қарап отырсақ, алғашқы театрлар Қазақстанда да, Ресейде де осыдан жүздеген жылдар бұрын ғана пайда болыпты.

Іс-шарада мамандар: «Қазіргі заманғы драматургия өте әлсіз дамуда. Бүгінгі күннің келелі мәселелерін суреттейтін жақсы пьесалар саусақпен санарлық. Сонымен бірге, жас режиссерлер мен драматургтер де жеткіліксіз, ал, оларсыз театр дамымайды». Немесе, «Егер қазіргі драматургияның әлсіздігін өзекті деп санасақ, онда жарық қоюшы суретшілер мен кәсіби дыбыс инженерлерінің болмауы трагедияға айналуда». «Актерлерді дайындаймыз, оқытамыз. Тәжірибе жинағаннан кейін олар еліміздің танымал, беделді театрлары мен кино әлеміне кетіп қалады». Осындай пікірлерді тыңдай келе, Ресейдің театр өнері институтының (ГИТИС) ректоры, театр сыншысы Григорий Заславский:

–Біз бір нәрсені айта бергенмен, ештеңе шықпайды, одан да бір-бірімізге қандай көмек бере алатынымызды талқылайық, –деп өзінің ойларын ортаға салды.

Форумға қатысқан қазақстандық театрлардың директорлары ГИТИС-тің жобаларын жоғары бағалады: түлектері Ресейдің әртүрлі аймақтарында және одан тыс жерлерде де спектакльдер қояды.

– Жобаның нәтижесі – тек спектакль ғана емес, бұл бір жарым айлық шеберлік сыныбы деуге сай келеді. Мұнда тек ертеден бері айтылып келе жатқан режиссура, актерлік шеберлік мәселелері ғана емес, дыбыс қою мен жарық түсіру бойынша да жұмыс істелді, – деді Қостанай облыстық орыс драма театрының директоры Юрий Ивлев.

– Биыл біз драматургия факультетіне студент қабылдай бастаймыз, –деп ГИТИС ректоры жарық суретшілерін тек Мәскеу мемлекеттік университетінің студия мектебінде даярлайтындығын алға тартты.

Қазақстандықтардың Ресейге оқуға түсуге арналған емтихандары Астана қаласында өтетіндігі белгілі болды. ГИТИС-тің ректоры бұл орайда әр түрлі факультеттерге арнайы емтихан қабылдаушыларды жіберетіндігін де айтты. Осы жерде аталған жоғары оқу орнын бітіргендер кейін туған елінің өнер ордаларына оралулары үшін не істеу керек деген сауал туындады. Бұл орайда, мамандар: «егер жастарға баспана мен қызықты жұмыс, өзін-өзі дамытуға мүмкіндіктер берілсе ғана олар өздерінің театрларына қайтып келеді. Ал, егер жағдай жасалмаса, олар өздеріне ыңғайлы, табысы мол, жағдай жасалатын жерлерге кетеді» деп жатты. Бұл, қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты өте орынды пікір. Бұл ретте, басқа да факторларды жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, ГИТИС-тің бір түлегі, қазақ қызы Душанбеде толыққанды екі актілі балет қойылымын қойып, кейін оған сол жердің Мәдениет министрінен театрдың бас хореографы болу туралы ұсыныс жасалыпты. Ал, ол бас тартып, Еуропаға кететінін айтқан. Әрине, ол қыздың қай жерде, қай елде жұмыс істейтініне өз құқығы бар. Әйтеуір, бір жұбанарымыз – Еуропада мұндай талантты қазақ қызының бар екенін барша жұрт білетін болады, Бүкіл әлем Қазақстанды талантты өнерпаздармен тани түседі.  Бұл белгілі бір дәрежеде елдің имиджіне жұмыс істейді дейді театралды менеджерлер.

–Кеңес заманында сыналған бір әдіс бар. Өткен жылы Қырғызстаннан ұлттық студия келіп, ГИТИС-те оқуды бастады. Болашақ актерлер мен режиссерлер республикалық Мәдениет министрлігінің жолдамасымен оқиды, оларға ведомство стипендия төлейді. Сондықтан, олар міндетті түрде Отанына оралады, –деді ресейлік театр сыншысы Г. Заславский.

Ақмола облыстық орыс драма театрының (АООДТ) директоры Бейбіт Бақтыгереев өз кезегінде Григорий Заславскийге бұған дейін «ТеАрт-Көкше» фестиваль-зертханасын өткізуге көмектескені үшін алғыс айтып, мұнда оқытушылар келіп, қызықты шеберлік сыныптарын өткізетіндігін, жоғары оқу орнының түлектері қоятын спектакльдерді қаржыландыратындай, сол шығындарды төлеуді ГИТИС өз мойнына алатынына ризашылығын білдірді.

Санкт-Петербургтің жас көрермендер театрының директоры Светлана Лавренцова бірнеше қызықты жобалар ұсынды. Соның ішінде «Пьесочница» балалар театр ұжымдарының фестивалі туралы айтып, Қазақстаннан да қатысатын ұжымдар іздеп жүргендігін жеткізді. Бейбіт Салауатұлына театр мерекесіне шақырғанына ризашылығын білдіріп, «Бұл форум бізді бірінші рет біріктіріп отырған жоқ. Осындай керемет іс-шараларыңызға рақмет!» деп шын ниетін білдірді.

Өнер өмірден де бай болуы керек

Форум барысында көптеген спектакльдер ұсынылды. Соның ішінде АООДТ қойып жүрген спектакльдерді мамандардың талқылауы ерекше қызығушылық тудырды. Біз бұған дейін «Голоса в темноте», «Станционный смотритель» қойылымдарын көріп, өз түйгенімізбен  жазып жүрген едік, бірақ, кәсіби театр мамандарының бағасын есту бір бөлек мәселе.

Форумда ұсынылған барлық қойылымдар мамандардың сын тезінен өтті. Қойылымдар ешқандай боямасыз, нақты кәсіби сыни көзқараспен талқыланып, бағаланды. «Голоса в темноте» спектаклі ГИТИС пен АООДТ-ның бірлескен жобасы болатын, режиссері – аталмыш оқу орнының түлегі А.Ғалымов.

«Спектакль біздің ортақ проблемамыз – қазіргі драматургияның әлсіздігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Қойылым актерлердің шеберлігі мен талантының арқасында ғана сәтті шықты». «Сіз спектакльді Камилла Ибраеваның пьесасы бойынша қойғаныңыз дұрыс болған. Қалай болғанда да, бұл жаңа шығарма. Егер біз драматургке өз туындысын сахнадан көруге мүмкіндік бермесек, онда ол ешқашан өсе алмайды». Спектакльдің «Мәтін толық жетілмеген. Пьесада шығарманың басталуы, шарықтау шегі және шешімі болуы керек. Ал, мұнда бұл классикалық нормалар бұзылған, сол себепті актерлерге ойнап шығу өте қиын. Бірақ олар өз үделерінен шыға алды деп ойлаймын. Бұл жерде мен әртістерді кінәлаудан аулақпын. Оларға қандай рөл берілді, соны алып шықты». Бірақ, бұл пьесадағыдай емес, басқа деңгейде. Өнер өмірден де бай болуы керек».

Міне, «Голоса в темноте» спектакліне кәсіби шеберлер осындай тұжырымдамаларын айтып, драматургияның дамымай жатқандығын сынады.

Бұдан соң біз ресейлік жас режиссер Тимур Кулов қойған «Станционный смотритель» спектаклін тамашаладық. Жас та болса, танылып үлгерген режиссер біздің өнер ордамызда М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінің желісімен «Лютый» спектаклін қойған, ол түрлі фестивальдарда жоғары бағаға ие болған.

–Бұл соңғы уақытта мен көрген ең жақсы қойылымдардың бірі. Тимур Кулов – жаңа формаларды меңгерген жаңашыл режиссер. Спектакль Пушкинді толғандырған эмоцияларды бастан кешіруге және сонымен бірге, өз көзқарасын білдіріп, өзінің «көру бұрышын» ұсынуға мүмкіндік береді. Егер кім де кім менен қай театрға баруға болады деп сұраса:  «Көкшетауға ұшып, барып, «Станционный смотрительді» көріңіз дер едім, –дейді белгілі сыншы Григорий Заславский. –Мұнда кейіпкерлердің әрқайсысы жан-жақты көрінеді. Мұнда нағыз Минский бар (ойнаған актер – Тимур Валеев), барабанмен ұрыс даласын кезген керемет Самсон Выринді (актер – Владимир Овчинников) ойнаған әртіс қандай!  Сыра қайнатушының әйелі (актриса – Нұргүл Жүнісова) қалай ойнайды! Жартылай реңктер мен әртүрлі көңіл-күйлердің ойыны өте тамаша! Мизансценалар да актерлерге деген сенімнің арқасында керемет құрылған.

–Бұл спектакльде мен катарсисті басымнан өткердім. Бұл менде өте сирек кездесетін құбылыс. Мен осы тамаша спектакльдің эмоцияларына шомып, ұшып бара жатқандай болдым! Әрине, Тимур Кулов – керемет режиссер. Бірақ сіздерсіз, құрметті актерлер, ол ештеңе жасай алмас еді. Сіздер рөлдерді соншалықты шынайы ойнап шықтыңыздар. Мен: «олар осыншалық деңгейде қалай ойнай алады?» деп ойға шомып кеттім. Мен үшін Пушкиннің биылғы мерейтойлық жылы Қазақстанда Сіздердің театрда бастау алып отыр.  Сіздерді Санкт-Петербургтегі фестивальде күтеміз, –деді Светлана Лаврецова.

Шымкент қалалық орыс драма театрының директоры Игорь Вербицкий жылы жақтан суыққа ұшып келгеніне бір сәт те өкінбейтіндігін айтып, Тимур Куловқа «Лютый» шығармасынан кейін «ғашық» болғанын жеткізді.

–Мына қойылым – бұл бір айтып жеткізе алмайтын тамаша жұмыстың жемісі. Сіздердің бағындырған жаңа белестеріңіз. Театр мерекесі үшін рақмет! «Станционный смотритель» түрлі фестивальдарда Гран-Прилер алады деген сенімдемін.  Себебі, бұл сол жоғары бағалауға лайықты қойылым!, –деп сөзін түйіндеді.

Нина МИТЧИНОВА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар