Ақмола облысының аумағында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар мен ұйымдардың небары 48 пайызы ғана кәсіподақ ұйымын құрып, ұжымдық келісім-шарттар жасасқан. Қалғандары бұдан өз еріктерімен бас тартқан. Басты себеп – олардың кәсіподақ ұйымдарының қызметін дұрыс түсіне бермеулерінен. Бұл туралы облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Қали Рахметов өңірлік коммуникациялар қызметінде аталмыш ұйымның жұмыс қорытындылары мен алдағы жылға жоспарланған іс-шараларына қатысты өткен брифингте қынжыламәлімдеді.
Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығына жалпы саны 74504 адамды құрайтын 1244 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіретін 11 облыстық салалық және жергілікті кәсіподақтар, сонымен бірге 10 ірі кәсіподақ ұйымы кіреді. Бұл облыста ресми тіркелген кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлерінің 48 пайызы ғана.
– Біздің қызметіміз Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясына негізделген. Бұл құжат еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруге, лайықты еңбек жағдайларын жасауға, кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қорғауға, еңбек даулары мен жанжалдарының алдын алу мен шешуге, Еңбек және кәсіподақ заңнамасын жетілдіруге қол жеткізе отырып, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Айталық, өткен 2023 жыл Қауіпсіз еңбек жылы аясында өтті, – деп Қали Сұлтанахмедұлы республикалық кәсіподақтар федерациясының өткен жылғы жұмыс қорытындысын тілге тиек етті. Айтуынша, кәсіподақтар федерациясы өткізген түрлі байқаулардың қорытындысы бойынша Көкшетау қаласындағы №14 жалпы білім беретін мектептің шаруашылық бөлімін басқаратын,еңбекті қорғау техникалық инспекторы Қанай Мұстафин «2023 жылдың ең үздік техникалық инспекторы» атанса, «Щучинск» шипажайы «Жылдың үздік шипажайы» аталымын жеңіп алыпты.
Төраға облыстық кәсіподақ орталығыныңжоспарға сай өткізген іс-шаралары мен отырыстары туралы баяндай отырып, орталықтың ықпалымен «Көкшетау Жылу», «Көкшетау автобус паркі», «Көкшетау су арнасы», «Степногорск Жылу электр стансасы», «Шаңырақ», «Родник», «Степногорск электркешені» секілді серіктестіктердің қызметкерлерінің еңбекақыларын 15-25 пайызға дейін көтерілгенін алға тартты.
Есепті кезеңде облыстағы өндірістерде 51 жазатайым оқиға орын алып, 54 адам зардап шеккен, оның 12-сі қайғылы аяқталыпты. Өндірісте жүріп, ажал құшқандар саны да14-ке жеткен. Бұл – айтты-айтпады, өкінішті жағдай.
– Бұл жазатайым оқыс оқиғалар орын алған 51 кәсіпорынның тек 21-інде ғана кәсіподақ ұйымы құрылып, ұжымдық келісім-шарттар жасаған, ал, 30-ында ондай қарастырылмаған. Қызметкерлері кәсіподақ ұйымына өтпегендіктен, тиісінше оларда өндірістік кеңестер құрылмаған және техникалық инспекторлар жоқ. Осы жағдайлардың 34-іжұмыс берушілердің кінәсінен орын алған, алтауында қызметкерлер өздері сақтық шараларын ескермеген және 11 оқиғада екі жақ та кінәлі болған. Жалпы, жазатайым оқиғалардың жартысынан көбі, яғни, 60-тан 100 пайызға дейін жұмыс берушілердің кінәсінен болады. Егер кәсіпорында қайғылы жағдай орын алса, онда жұмыс беруші жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін кінәлі болып табылады. Егер қайғылы оқиға орын алған кәсіпорында ұжымдық келісім-шарттар болмаса, кәсіподақ орталығы оларға ештеңе істей алмайды. Кәсіпорында кәсіподақ ұйымы бар болса, онда зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп, заңды шаралар қолға алынады, – деп түсіндірді жағдайды төраға.
Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін бүгінде өңірдегі кәсіподаққа тіркелген кәсіпорындарда 912 өндірістік кеңестер құрылып, оларда 1020 техникалық инспектор қоғамдық бақылау жүргізуді қолға алған.
Осы ретте журналистер тарапынан «Неге көп кәсіпорындар кәсіподақ ұйымдарына ресми тіркелуден бас тартады?» деген сауал қойылып, оған көптеген серіктестіктердің қызметкерлері өздері кәсіподақтарға төленетін жарнаны төлеуден бас тартып, одаққа өткілері келмейтіндігі айтып түсіндірілді. Көбіне қызметкерлер кәсіподақтар бұрынғыдай тек жаңа жылдық тәттілер таратып қоя салады деп ойлайды, ал, кез-келген қиын жағдайда оларға құқықтық-заңды көмек көрсетілетіндігін, олардың құқықтары қорғалатынын ескермейді. Сонымен бірге, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар ашықтан-ашық кәсіподақ ұйымдарын құрмай, әртүрлі себептер айтып, ұжымдық келісім-шарттар жасауға қарсылықтарын білдіруде.
– Біздің алдағы кезеңге арналған жұмысымыздың негізгі міндеті ҚР кәсіподақтар федерациясы қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру және бірінші кезекте еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Ағымдағы жылы біз 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасындағы қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жүзеге асырылуына бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Әсіресе, жазатайым оқиғаларды жасыруға жол бермеу үшін өз қызметімізді күшейтеміз, – деп кәсіподақтар орталығының төрағасы алдағы жылға жоспарланған жұмыстарымен де ой бөлісті. Биылғы 2024 жылды кәсіподақтар Лайықты еңбек жылы аясында өткізбекші.
Әлеуметтік желілерде көрсетіліп, айтылып жүрген халықтың орташа айлық табысы 500-600 мың теңге деген статистикалық мәлімет біздің облыстың ғана емес, барша республика тұрғындарының шамына тиетін, зығырданын қайнататын басы артық цифр. Қарапайым халықтың айлық табысы 150-300 мың теңгенің арасында ғана екені аян. Бұл сауал халықтың мұң-мұқтажын жеткізуші көпір ретінде журналистер тарапынанда көтерілгені дұрыс. Себебі, халықтың орташа еңбекақасы осыншама жоғарылаған екен деп азық-түліктен бастап, коммуналдық қызметтер, керек-жарақтар, тіпті баспанасыз жүргендердің пәтерақысы да өскен үстіне өсе түсетіні анық. Кәсіподақ орталығының төрағасы бұл сауалға: «Алтынтау» секілді табыс молірі кәсіпорындарда мұндай еңбекақы бар шығар, ал қарапайым халықтың еңбекақысы 170-200 мың теңгенің әр жақ, бер жағында» деп ұйымға кәсіподақ мүшелерінен келіп түсетін түсімдерді ескере отырып, ашық жауап берді. Дұрыс жауап. Ендігі арада статистика мекемелері халықтың айлық табысының орташа мөлшерін шығарғанда бірнеше санаттарға бөліп, көрсеткені жөн болар. Мәселен, министрлік, Парламент, бюджеттік ұйым өкілдерінің табысымынау, қалған салаларда мынау дегендей. Сонда халық тамұндай асыра көрсетуге шамданып, билікке реніші туындамас еді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Василий ВЕРЕЖНИКОВ.