Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
 ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! - АРҚА АЖАРЫ

 ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

11 наурыз – Рамазан айының бірінші күні

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді берекелі Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті ауыз бекіткен адамға берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» –деп, оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Демек, шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығын алуға асыққан абзал. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, Аллаға ұнамды барлық құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, сауапты амалдары еселеніп жазылады.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар өзіне дөрекілік көрсеткен кейбір кісілерге: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен көркем мінездің керемет үлгісін көрсетеді. Нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал, сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Мен осы ретте барша отандастарымды қасиетті айда жүзеге асатын қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Сонымен қатар, барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамын.

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

***

Қасиетті Рамазан айының бірінші күні 11 наурызға тура келеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл Рамазан айы 30 күнге созылады. 11 наурыз алғашқы күні болса, 9 сәуір – соңғы күні. 10 сәуірде ораза айты басталады. Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түні – Қадір түні.

Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

Ораза ниеті: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.

Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!

Ауыз бекітерде оқылатын дұға:

 «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә. Уа би сауми ғадин науайту мин шахри рамадан».

«Таңертеңнен кешке дейін Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

***

Ауызашарда оқылатын дұға:

«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә‘аләйкә тәуәккәлту уә‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мә аххарту».

«Я, Аллам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күнінде де ауыз бекітуге ниет еттім. Менің өткен және келешек күнәларымды кешіре гөр!».

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар