Бұл күнді Көрісу немесе Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық, жақсылық тілейді.
Бала кезімізде бұл күні адамдардың жүзі жайнап, үйінде қазаны қайнап, бауырсақтар төгіліп, тәттілермен қосылып,дастарханда жататын. Ол бір мереке еді. Қызарып піскен бауырсақты бал қаймаққа батырып жеп, қос алақанымызды жайып, ата-әжелеріміздің батасын алатынбыз. Алыстау ауылда тұратын туыстарымызда келіп, қой сойылып, қонақ та шақырылатын.
Ағайын-туыс, көрші-көлем дастархан басына жиналып, әңгіменің тиегі ағытылады. Аталарымыз қойдың басынұстап, балаларға құлағын беріп, «таңдайың тақылдаған азамат бол!» деп алақанымызға таңдай салып, жастарға ет асататын. Тіпті, кейде қонақ шақырмаған күнде де үйіміз бірнеше күн бойы көрісе келушілерден үзілмейтін. Өзіміз де жасы үлкендерге көрісіп, ағайын аралайтынбыз. Он бес одақтас республика деген Совет Одағы кезінде де Амал күнінің елеусіз қалғанын көрмеппін.
Иә, бұл сол кездегі жүйенің қазақтың салт-дәстүрінің кейбіріне тыйым салғанымен, оны ұлтымыздың санасынан өшіруге дәрменсіз болғанының бір көрінісі дер едім.Қарашаңырақта марқұм ата-әжелеріміздің көзіндей, тіпті, солардың сөзіндей болып отырған анам бар кезінде де осы үрдіс жалғасатын. Сол күндерді еске алсам, сағынышым ұлғая түседі.
Көрісу күні мен үшін өте ыстық мереке. Бұл мереке осы күнге дейін, Батыс Қазақстан облысында аталып келді. Олай дейтінім, мен студент болған жылдары Алматыда болғанда тек оралдықтар ғана атап өтетіндей көрінетін. Ал, қазір еліміздің барлық аймақтары амал мерекесі ретінде наурыздың 14-інен бастап тойлай бастайтыны мені қатты қуантады. Әрі мен осы бір Көрісу күні арқылы туған жеріме деген сүйіспеншілігімді де арттыра түскендеймін.
Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал, кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады. Жалпы, көрісу күні адамдарды өзара сыйластыққа, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейді.Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп жатады. Сондықтан, бұл күннің жас ұрпақ үшін берері мол деп ойлаймын.
Осы орайда әлеуметтік желіден оқыған бір аңыз ойыма түсіп отырғаны. Ертеде бір адамның отбасында бала тұрмай, ұрпақсыз өтемін бе деп қатты қиналыпты. Өмірге келгені көп кешікпей шетінеп кете берген. Содан құдайға жалбарынып тілеген дұғасы қабыл болып, ұйықтап жатқанда түс көреді. Түсінде оған бір ұлды болатыны, бірақ, ол он жыл өмір сүретіні жайлы аян беріледі. Содан әйелі босанып, ұлды болады. Бала сондай тілалғыш болып өсіп келе жатады. Үйге кім келсе де, дереу қолына су құйып, алдынан үлкен адам кездессе бұрылып барып амандасады екен. Әкесі одан айырылып қаламын деп уайымдап жүргенде, бала он беске толады. Бір күні әкесі ұйықтап жатқанда оған құдай: «Сен менің баламның өмірі он жылдан аспайды деп едің, ол қате болып шықты», – деп ойлап жүргеншығарсың. Иә, оған он жыл өмір жазғанбыз. Алайда, балаң үлкендердің қолына су құйып, сәлемдескен сайын олар: «Балам рахмет, саған Алла разы болсын!», «Алла жар болып, өркенің өссін», деп бата берді. Менің бір есімім Халық! Сондықтан, халықтың ақ тілегін қабыл етіп, өмірін ұзарттым», – деген екен.
Міне, көрдіңіз бе, ғажапты! Әрдайым үлкенді сыйлап, амандасып, батасын алып жүрген бала осылай жақсы болып өседі екен. Сондықтан, көрісу күнінің осындай қасиеті барын біліп жүрген жөн.
Осылай болса, құрметті оқырман Амал мерекесі баршамызға құтты болсын!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.