«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің комплаенс-офицері және этика комиссиясының төрағасы Бекнұр Амангелдімен кездесіп, пікір алмасты. Кездесу барысында университет қабырғасында сыбайлас жемқорлықпен күрес, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері әңгіме өзегіне айналды.
Комплаенс-офицердің айтуынша, қоғамның ащы дертіне айналған жең ұшынан жалғасу оқиғалары жастар арасында да кеңінен таралып барады. Өз мәселесін тек осы теріс жолмен шешуді үйреншікті дағдыға айналдырғандар да аз емес. Сондықтан жастардың болашағына балта шаппау үшін олардың құқықтық сауаттылығын арттыру аса маңызды. Елімізде бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылып та жатыр.
Өз кезегінде қор өкілі Бақыт Смағұл халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында елдің барлық аймағында «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры белсенділерімен қоғамдық қабылдаулардың ұйымдастырылып, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы да жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
https://adildik.org.kz/manifest/kz