Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қоянды ауылында су тасқыны қаупі әлі сейілген жоқ - АРҚА АЖАРЫ

Қоянды ауылында су тасқыны қаупі әлі сейілген жоқ

– Астана іргесіндегі Целиноград ауданы Қоянды ауылында төтеншеліктер әлі күнге дейін қар суымен арпалысуда. Бұған дейін 3 үй және 2 үй типтес уақытша баспана су астында қалып, тұрғындарды әуреге салған болатын. Бүгінде аталған үйлерден су толығымен шығарылса да, даладан жайылған қар суы ауыл тұрғындарын үрейде ұстап отыр. ҚазАқпарат тілшісі аталған ауылға барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Даладағы қар суы өз алдына, ауыл ішіндегі қардың толық шығарылмағаны бірден көзге түсті. Оның себебі де жоқ емес екен. Ауыл әкімі Бақытхан Солтанбай биыл қар шығару жұмыстарына 55 млн теңге бөлінгенін айтты. Бұл – 108 көшесі бар ауыл үшін аз ақша.

«Қыс бойы жиналған қарды сыртқа шығаруға 55 млн теңге жеткіліксіз. Ең кемі дегенде жарты млрд теңге қаржы қажет. Қолда бар қаржыға қар шығарылды. Қояндының мәртебесі ауыл болғандықтан бюджеттен бөлінетін қаржы да ауылдық деңгеймен өлшеніп үлестіріледі. Шын мәнінде бұл ауыл жыл өткен сайын ірі елді мекенге айналып барады», — дейді ауыл әкімі.

Қоянды
Фото: Оралхан Қожанов/Kazinform

Үйлердің су астында қалуының тағы бір себебі бар. Бертінге дейін үйлер қалай болса солай салынып, су тасқынына қарсы қауіпсіздік шаралары сақталмаған.

«Көптеген үйдің іргетасы жоқ десе де болады. Құрылыс дұрыс жүргізілмеген. Бұрынғы суағарлардың орнына да үй салынып кеткен. Кейін ауылішілік жолдарға асфальт төселсе де суағар қарастырылмаған», — дейді ауыл тұрғыны Бақыт Алуай.

Мұны ауыл әкімі де жоққа шығармайды.

«Бұл ауыл әу баста инфрақұрылым ережесі сақталмай, жүйесіз салынған. Бірінші үй тұрғызылып, кейін жол пайда болған. Жол үйлерден биік тұр. Мәселенің ушығуына бұл мәселе де себеп болып отыр», — дейді ол.

Не десек те, аудан басшылығы мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары қол қусырып отырған жоқ. Жедел штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілік орнатылған.

Қоянды
Фото: Оралхан Қожанов/Kazinform

«Жедел штабқа түскен өтініштерге дер кезінде құлақ асып, су сорғылау жұмыстары жедел жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 80-ге жуық өтініш түсті. Десе де, «қашан өтініш түседі екен» деп күтпей, ауылдың барлық көшелері бақылауға алынған. Бүгінде даладан жайылған қар суынан қауіп бар. Күзде жер қабаты қатып қалып, су әлі күнге дейін сіңіп үлгермей жатыр. Салдарынан ауыл ішіне кіруде. Бүгінде 100-ге жуық ауланы су басты», дейді Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Серік Оспанов.

Целиноград ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Сәбит Кенжебектің мәліметінше, су тасқынының алдын алуға 21 техника және 33 мотопомпа жұмылдырылған.

«Ауыр техникалар арқылы судың арнасын бұрып, мотопомпамен су сорғылау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Жеке құрамнан 92 маман тартылды. Осы уақытқа дейін 80 мың текше метр қар суы сыртқа шығарылды. Су кірген үйлер қаппен қоршалды. Қар суынан әлі қауіп бар. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», — дейді ол.

Белгілі болғандай, 2004 жылы Қоянды ауылында 58 үй болса, бүгінде 5 мыңға жуықтаған. Ауыл әкімі ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір мұнда 25 мың адам тұрады. Ауылдың ішкі жолы – 180 шақырым. Оның 30 шақырымына асфальт төселген.

Айта кетсек, бұдан бұрын Қоянды ауылының тұрғындары су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялауды талап етіп, жолды жауып тастаған еді.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар