Көктемгі су тасқынына дайындық туралы аудан-қала әкімдері мен олардың орынбасарларының беріп жатқан есептеріне жүгінсек, облысқызыл суға 100 пайыз тойтарыс беруге әзір. Баяндамаларындағы тасқын судың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарына мін таға алмайсың. Бірақ, іс жүзінде бәрі мүлдем басқаша. Оған Целиноград ауданының Қоянды ауылындағы жағдайды мысал ретінде айтсақ та жетеді. Ал, қосшылықтар қаланы қарғын судың басып алуынан канализациялық қалдықтар сыртқа шығып, көшелері жағымсыз иіске тұнғанын айтып шағымдануда.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Су тасқыны кезеңіне жергілікті атқарушы органдардың дайындығы туралы» кезекті брифингте Қосшы қаласы мен Жарқайың ауданы әкімдерінің орынбасарлары Әсет Мұқанов пен Арман Жаныбеков аймақтағы жағдай бойынша баяндама жасады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі өңірде де дайындық жұмыстары тиісті дейгейде ұйымдастырылған, су басу қаупі жоғары аймақтарда арнайы штабтар мен комиссиялар құрылған, қауырт желі іске қосылған, бюджеттен бөлінген қомақты қаржыға барлық қажетті құрал-жабдықтар алынып, қызыл сумен күреске сақадай сай дайын. Бірақ, Қосшы қаласы бойынша бірқатар мәселелердің бар екенін журналистер алға тартып, халықтың арыз-шағымдарын жергілікті билік өкілдеріне жеткізді.
Қосшы қаласындағы су тасқынының басты екі себебінің бірі – күздегі қолайсыз ауарайы, жауын-шашыннан кейінгі қатты аяздардың салдарынан жердің қатып қалуы, әрі биыл қардың мөлшері жылдағыдан екі-үш есе артық түсуінен. Иә, табиғат құбылысына адам атаулы қарсы тұра алмайды. Десе де, қар шығаруды уақытылы жүргізіп, халықпен тығыз жұмыс жасалса, коммуналдық қызметтердің жұмысы жіті бақыланса, мұндай жағдайлар орын алмас еді. Екінші себеп – қалада суларды ағызып жіберетін құрылғылардың, канализация желілерінің жоқтығынан. Орталық көшелерді дала сулары басып, канализациялық жүйелерге кетіп, салдарынан кәріз жүйесінің қалдықтары, жеке тұрғын үйлердің септиктерінің нәжісі сыртқа шығуда. Осыны көріп жүрген халық «жағымсыз иіс аңқыған шаһарға» айналдық деп ашынуда. Мұндай баламаның қайдан орын алып отырғанын:
–Бұл канализация желілерінің болмауынан орын алған жағдай. Аталған мәселе алдағы жылдары Астана агломерациясы жобасыныңшеңберінде шешіледі. Қалада канализация желісі болмағандықтан, су бұру, ағызу жүйесі де жоқ. 77 канализацияны сору стансалары бар. Алда оларды алып тастап, канализацияны ағызып жіберу құрылғылары жұмыс істейтін болса, мұндай мәселе туындамайды. Жалпы, барлық инженерлік жұмыстар қалпына келтірілген соң, мұндай келеңсіздіктер ретке келеді деп ойлаймын, –деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары Әсет Дінисламұлы.
Жақын арада оқушылардың көктемгі демалысы аяқталады. Осыған байланысты көшелерді «жағымсыз қалдықтардан» тазарту жұмыстары жүргізіліп, қиыршық тастар төселмекші.
Алдағы уақытта «Нұра өзені таситын болса оның салдары қиын болады ғой, оған дайынсыздар ма?» деген сауалымызға:
–Нұра өзені бойынша жағдай күнделікті бақылауда. Біз Астана қаласына жақын орналасқандықтан, жетпей жатқан инженерлік техникаларды елордадан тез арада жеткіземіз. Тайтөбені су алғанда түнгі 3-тер шамасында Астанадан техникаларды шұғыл шақырдық. Барлық жағдайды қадағалап отырмыз. Жалпы, Қосшы қаласының әкімдігі халықпен ашық, тығыз қарым-қатынаста. Менің телефондарым қаланың сайтында жазылған. Тұрғындардың әрқайсысының арыз-шағымы назардан тыс қалмайды, қолымыздан келгенше жәрдем берудеміз. Қала жаңа қалыптасып келеді, сондықтан, мәселелер жоқ деп айта алмаймыз, –деді сөз соңында қала әкімінің орынбасары.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерде: Қосшы қаласындағы су тасқыны.