– Көкшетауда Қылшақты өзенінің арнасынан асып, тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, көшелер мен үй аулаларын су басуына байланысты Төтенше жағдай жарияланды.
«Көкшетау қаласында қалыптасқан жағдайға байланысты, яғни Қылшақты өзеніндегі судың деңгейі шамадан тыс көтерілуі тұрғындардың өмір сүруіне қолайсыздық туғызды. Жағдайды тұрақтандыру үшін Төтенше жағдай енгізілді. Соның шеңберінде келтірілген шығын көлемі анықталып, комиссия арқылы материалдық көмек мәселесі шешілетін болады. Су тасқынынан келтірілген залалдарды жою бойынша жедел штаб құрылды. Су басқан аймақтардағы тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде, қазіргі кезде 100 жуық адам арнайы дайындалған орындарға орналастырылды. Жерлестеріме жағдайды түсінгеніңіз үшін және су тасқынына қарсы күресте қолдан келгенше көмек көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын»,- деді қала әкімі Бауыржан Ғайса.
Айтуынша, су тасқынынан зардап шеккендер көкшетаулық 8775 666 99 08 (Ватсап) телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Айта кетсек, қазіргі таңда Көкшетау қаласында су тасқынынан зардап шеккен қала тұрғындарына қоғам белсенділері, меценаттар, еріктілер және басқа да азаматтар көмек қолдау көрсетуде.
Еске салайық, бұдан бұрын Көкшетауда су тасқынына байланысты 52 адам эвакуацияланғанын жазған едік.