– Көкшетауда үйлерін су басқан тұрғындарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
28 наурызда таңертең Көкшетау қаласында Қылшақты өзені арнасынан асып, бұрын-соңды болмаған су тасқыны болды. Ағын су вокзалы маңы ауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын, жеке секторды, көшелерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік коммуникация нысандарын басып қалды. Осыған байланысты қалалық №12 орта мектептің маңындағы және Абай көшесінің тұсындағы Қылшақты өзені арқылы өтетін көпірлер жабылды, көлік қозғалысы шектелді. Алайда мұз аралас ағын су қалалық №12 орта мектептің маңындағы көпірді шайып кетті.
Көлік қатынасы қиындап, тұрғындар үйлерінен шыға алмай, шыққаны жете алмай қиналды. Кешеден бері жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушылар тұрғындарды қайықпен және жаяу арқалап эвакуациялап жатыр.
«Таңертең үйіміздің кіреберісі суға толып кетті. Сыртқа шығу мүмкін болмады. Құтқарушылар қайықтың көмегімен суы жоқ жерге алып шықты.», — дейді Гаухар есімді қала тұрғыны.
Су тасқынынан жеке сектордың тұрғындары қатты жапа шекті. Үй ішіндегі тұрмыстық техниканың барлығы суда қалған.
«Санаулы минуттардың ішінде үйдің жертөлесі суға толып, еденнің үстіне шықты. Тұрмыстық техниканы биік көтеріп үлгере алмадық. Құжаттарымызды алып, сыртқа жүгірдік. Көршілеріміздің үйлерін де су басты», — деп өкінішін білдірді Жанділдинов көшесіндегі №20 үй тұрғыны Любовь Помаркова.
Дәл осындай жағдайды қала тұрғыны Сырым Рүстемұлы да бастан кешкен.
«Үйіме су кірген кезде жұмыста болдым. Көршілерім хабарлап айтты. Дүние-мүліктің барлығы суға кетті», — деп күрсінеді тұрғын.
Көкшетаулықтар қиын сәтте көмекке келген құтқарушылар мен коммуналдық қызметтерге алғыс білдіріп жатыр.
«Мұндай жағдай бірінші рет басымыздан өтіп отыр. Бұған дейін су тасқыны болды, бірақ мұндай емес. Коммуналдық қызметтер мен құтқарушылар болмағанда жағдай бұдан да күрделене түсер ме еді. Дер кезінде көмекке келген құтқарушылар мен коммуналдық қызмет жұмысшыларына алғысым шексіз», — деп ризашылығын білдірді Анастасия Попова.
Қазіргі таңда Көкшетау қаласында үйлерін су басқан тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша 113 адам эвакуацияланды, оның 30-ы – бала. Көкшетау қаласының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бейімдеу орталығына 50-ден астам адам орналастырылды.
Қылшақты өзенінің арнасынан асуынан 16 жеке үй, 29 жеке аула аумағы және 12 көп қабатты тұрғын үй ауласы, сондай-ақ «Ертөстік» балабақшасының 1 қабатына су кірген. Қазіргі кезде су сору жұмыстары жүріп жатыр. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су тасқынымен күрес үзіліссіз жүргізіледі.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланғанын жазған едік.
Дереккөз: kaz.inform.kz