Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Халық календары» және оның мән-мағынасы - АРҚА АЖАРЫ

«Халық календары» және оның мән-мағынасы

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Наурызнама» онкүндігі аясында өткен «Халық жыл санауының тарихи негіздері және ерекшеліктері» атты мәдени-танымдық іс-шара «Халық календары» еңбегінің авторы, белгілі математик-ғалым Мыңбай Ысқақовты еске алуға арналды. Дөңгелек үстелге арнайы қонақ ретінде Алматы қаласынан шақырылған М.Ысқақовтың ұрпақтарын Алма Мыңбайқызы бастап келді. Іс-шара модераторы– музей директоры Құдайберлі Мырзабек.  Дөңгелек үстелге Көкше өңірінің қоғам белсенділері Қабыкен Қоңқайұлы, Қайыргелді Қиықов, Кенжебай Мұқышев және тағы басқа азаматтар  шақырылды. Дөңгелек үстелде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректордың қоғаммен байланыс мәселелері жөніндегі кеңесшісі Аманбай Сейітқасымов,  Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері Бибігүл Бейсенбайқызы,  Арман Әбілқадыров, облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени және пайдалану орталығының директоры Жасұлан Үкеев және Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының математика пәнінің мұғалімі А.Дүйсембаева баяндамалар оқыды.

Әлемдік күнтізбелердізерттеген  ғалым Мыңбай Ысқақов Көкшетау жерінде дүниеге келген. Оның «Халық календары»аталған кітабыосыданалпысбір жыл бұрын жарық көрген. Осы мәселелерге қатысты деректерқазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханның еңбектеріндекездеседі (ХІХ ғасыр), сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлкей Марғұланның, тағы басқаларының еңбектерінде де бар. Ал, ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихнамасындабұл мәселені алғашқы болып Мыңбай Ысқақов зерттей бастаған. Диссертацияға дайындық барысында осыдан бір ғасыр бұрын жарыққа шыққан «Қазақ календарын» ашты. Басылым авторлық ұжыммен дайындалып, оған атақты лингвист-ғалым, «Алаш» көсемі Ахмет Байтұрсынұлы, мемлекет  қайраткері, Көкше жерінің тумасы Смағұл Сәдуақас, «Алаш» арыстарының бірі Міржақып Дулатұлы, аудармашы Елдес Омаров, тағы басқалар қатысқан. Бұл еңбекті маңызды мәдени жоба деп атауға болады.

Сонымен, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, математика мен астрономия саласында бірнеше ғылыми еңбектері жарыққа шыққан, проективті геометриядан қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтың авторы – Мыңбай Ысқақов«Халық календары»  кітабымен танымал болды.Бұл кітапта күнтізбелердің даму жолдары, жалпы,әлем Еуразия елдерінің календарлары туралы қызықты деректер берілген. Кітап үш тараудан тұрса, соның біреуі «Қазақ календары және мүшел» деп аталған, бұл тарау көне түркі,  қазақ күнтізбелердің тарихына арналады.  Зерттеу барысында Мыңбай Өтежанұлы Ысқақовбарлық күнтізбелерді талдап, жүйеге келтірген. Мысалы, кіріспе сөзінде ғалым былай дейді: «Календарь –әлем халықтарының алтын қазынасы, асыл мұрасы. Календарь жеке адамдарға да, мемлекеттерге де қажет, ол жалпы адамзатқа қажет. Әлем тарихында египет (мысыр) календары, бабилон күнтізбесі, рим календары, араб күнтізбесі, майя календары, т.б. болғаны мәлім. Бұл кітапта календарь, көбінесе, осы бірінші мағынасында қарастырылады».

Ал, этимологиясына келер болсақ, көне замандарда телевизия саласы, интернет, смартфон болған жоқ қой, сондықтан, бірталай халықтарда жылдың,әр айдың басында бір жерде жиналып, биікке шығып, жаңалықтар, хабарландыру жариялау салты болған. Мысалы, өзбектер мен тәжіктер әрбір жаңа жылдың 1-ші күні «Мәдхал», парсыларда «Наурыз», қазақтарда «Ұлыстың Ұлы күні» деп аталған. Ауғанстанның негізгі халқы – пұштулар әр айдың 1-ші күнін «гуһура» деген. Осы сияқты, әр айдың 1-ші күні латын тілінде «календы» деп аталған. СондықтанНаурыз сөзінің де, Календы сөзінің де этимологиясы, мағынасы бір:«Жылдың басы Наурыз!Жердің басы –Наурыз! Наурыз – бұл береке! Құтты болсын мереке!», – деп айтамыз,ал,«Календы»жылдың басы емес, айдың басы болған.

Қазіргі «календарь» атауы осы көне латын сөзі «календы», «календариум» сөзінен шыққан. Тарихтан белгілі, ертеде Батыс Еуропа елдері Рим империясына қараған болатын. Сол кезде «календариум», қысқаша айтқанда, «календарь» атауы испан, португал, француз, неміс, ағылшын, тағы басқа тілдерге енген. Кейін Азия, Америка, Африка халықтары арасында таратылды. Осылайша, «календарь» сөзі халықаралық терминге айналды. Бір қызығы, баяндамаға дайындық кезінде осы «календы» сөзіне ұқсас қазақ тіліндегі «кәлендер» деген сөз табылды. Сирек кездесетін бұл көне теологиялық сөз – жиһангер, жаһангер, жиһанкез деген мағынаны білдіреді, ал,сингармонизм заңы бойынша жұмсақ айтылады: «кәлендер»,  қазақшадан орысшаға аударғанда – «странник» болады. Мүмкін «календы» аталған айлардың 1-ші күні ел аралап, маңызды жаңалықтар, хабарландыру айтып тұрған адамдарды «кәлендер» деп атаған. Бұл менің жеке пікірім. Азиядан Еуропаға көшпелілердің ұлы қоныс аударуы кезінен Батыс халықтарымен бірге тілі, мәдениеті жалғасып келе жатқандықтан, бұл сөздің де көне түркі тектес екенін болжап айтуға болады.Сондықтанда,ғалым М.Ысқақов «Күнтізбені»  – халықаралық сөзбен«Календарь» деп атаған.

Ерте замандарда Азия халықтары, солардың ішінде түркі тілдес халықтар да уақытты 12 жылдық айналым бойынша есептеген. 12 жыл уақыт 1 мүшел деп аталады. Олар реттік сандар бойынша емес, 12 хайуанның атымен аталады. 1-ші – Тышқан жылы, 2-ші – Сиыр жылы, 3-ші – Барыс жылы, 4-ші – Қоян жылы, 5-ші – Ұлу жылы, 6-шы – Жылан жылы, 7-ші – Жылқы жылы, 8-ші – Қой жылы, 9-шы – Мешін жылы, 10-шы – Тауық жылы, 11-ші – Ит жылы, 12-ші –Доңыз жылы.Мүшел есебі көптеген елдерде – Жапониядан Болгарияға, Бирмадан Сібірге дейін пайдаланылған.Демек, адамзаттың жартысы уақытты мүшелдеп есептеген. Мүшел жылдары Моңғол империясында да қолданылған.

Қазақ жерінде орналасқан Ұлық Ұлыс хандары ХІV ғасырдың басынан бастап, құжаттарда мүшел жылдарына қоса, хижра жылдарын да көрсеткен. Алтын Орда, яғни, Ұлық Ұлыстың ханы Өзібек, Қазақ жерінде – Ислам дінінің кең түрде тарауына жол ашқан, қалаларда мешіттер салдырған, араб елдерінен көптеген қожа-молдаларды шақырып алдырған. Шақырған қожалар осы мүшел календарын хижраға бейімдеп, өзгерткен. Әрі қарай ғалым Мыңбай Ысқақов 12 жылға қысқаша сипаттама береді, ал Доңыз жылына қатысты қызықты деректер келтіреді. Көне түркі ескерткіштері – Орхон жазуларында доңыз жылы лағзын жылы деп жазылған. Бертін «лағзын» атауы, неге екені белгісіз, қолданыстан шығып, жойылды. Ал, «Құдатғу Білікте» лағзын жоқ, доңыз жылы деп айтылған.

Еуразияның орасан зор құрылғының қақ ортасында әлем тарихының дамуына баға жетпес үлес қосқан Түркі өркениетінің мекені – Орталық Азия орналасқан. Осы қасиетті аралықта былтыр Қазақстан-Ресей-Моңғолия бағытында өткен «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық экспедициясына мен де қатыстым. Адамзаттың әлемдік тарихында 3000-нан астам тірі тіл бар, бірақ, олардың тек 200-ге жуығында ғана жазулары бар. Солардың қатарында көне түркі тілінен шыққан біздің қазақ тілі бар. Еуразия тарихындағы әйгілі тұлғалар: Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, Шыңғыс хан, оның ішінде қазақ ханы Абылаймен байланысты барлық тарихи орындарға баруға, сондай-ақ,жоғарыда келтірілген Орхон ескерткіштерімен танысуға мүмкіндік алдық.Ғалым Е.Тұрсыновтың айтуынша, көне тайпалар: арий, ғұндардың этнотопонимдеріАргун, Орһун, моңғолша Орхон өзенінің жағасында бірнеше рет кездеседі. Шамасы, белгілі Арғын тұқымының этимологиясы Аргұн (арий-ғұн, ар-ғұн)этнотопонимінен тығыз байланысты. Толық нұсқасы республикалық «Қазақстан тарихы» порталында жарияланды.

Алғашқы адамдарда уақыт есебі болған жоқ. Календардың негізгі ұғымдары: тәулік, ай және жыл. «Тәулікте неше сағат бар?» деген сұраққа жұрттың көпшілігі: 24 деп жауап береді. Ал, жұлдыздық тәулік 23 сағат 56 минут 4 секундтан тұрады. Алайда адамның ғұмыры жұлдызға емес, Күнге байланысты. Сондықтан, уақыт күн бойынша есептелінеді. Астрономия бойынша тропиктік жылдың басы – 22 наурыз, ал, календарлық жылдың басы – 1 қаңтар. Бүкіл Жер шары 24 меридиан арқылы 24 сағаттық белдікке бөлінген. Англия мен Франция нөліншісіне, Германия мен Италия біріншісіне жатады. Қазақстан Республикасы бесінші белдікте орналасқан.Сондықтан Англиядағы Гринвич обсерваториясының (нөлінші белдік) көрсететін уақыты дүниежүзілік уақыт деп аталады.

«Заман» сөзіне келер болсақ,ғалым Мыңбай Ысқақов былай дейді: «Заманның басталған уақытын дәуір деп атайды. Халықтардың бәрі бірдей жылдарды біздің заманымыз бойынша есептей бермейді. Азия мен Африканың көптеген елдері жыл есебін өз заманы бойынша жүргізеді. Ғалымдардыңайтуынша, осындай заман календардардың саны 200-ден асады.Мысалы, ежелгі Үнді кітаптарында уақыт есебі  бірнеше миллион жылдан тұрады. Оларда 4 миллион 320 мың жыл бір кальпа немесе зон болады айтылған. Бұл замандар былай аталған: девайюга – Алтын заман, третайюга – Күміс заман, дванарийюга – Мыс заман, калиюга – Темір заман. Үнді дін қызметшілерінің айтуынша,қазір осы «темір заман» өтіп жатыр».

Ал, біздің заманымыз «Христиан заманы» немесе «Христостың туғанынан бастап есептелетін заман» деп аталады. Діншілердің айтуынша, Иисус Христос деген адам христиан дінінің негізін салған. Мұсылман діні бойынша ол «Айса пайғамбар». Бір қызығы, осы заманның хронологиясын Сақ тайпаларынан шыққан, римдік монах Кіші Дионисий ұсынған болатын.Ал, шала сауатты кардиналдар сол жиналыста қарар қабылдап, тез арада шешім шығарған. Алайда,ғалым Мыңбай Ысқақовтың айтуынша, 532 жыл ұғымының Христосқа ешқандай қатысы жоқ. Ал, Кіші Дионисийдің тегі Сақ болса да, 40 жылдай Рим қаласында тұрып, үлкен монастырьдыбасқарған, білімді сопы болып есептелген. Айта кетерлік мәселе, христиан хронологиясын көп уақыт бойы елдер қолданбай жүрген, Х ғасырда Рим папасының бұйрығы шықса да, тек бес ғасырдан кейін, яғни,ХV ғасырдан бастап Еуропа елдері қолдана бастады. І Петр патшалығы кезінде орыс жыл санауы бойынша 7209 жыл болған еді. Ал, Петр Ресейде жыл санауды өзгертіп, сол кезден  бастап 1700 жыл деп жариялады. Әрі қарай Мыңбай Ысқақов былай деп жазады: «Қазір тарихшылар мұқият зерттеп, Христостың дүниеде мүлде болмағанын, оның тек Жюль Верннің фантазиялық романдағы адамдар сияқты әдеби кейіпкер ғана екенін толық дәделдеді».Қандай маңызды дерек! «Ал, қазіргі 1980 жыл қайдан шығып отыр?» деген сұраққа, дәл біз деосындай риторикалық сұрақты қояр едік: «Ал, қазір ХХІ ғасырдың 2024 жыл  қайдан шығып отыр? Дәлелдейтін жауап жоқ – парадокс!?»

Ислам күнтізбесі – Мұсылман әлемінде қолданылатын календарь. Жыл санау жүйесі  «Тарих әл-һижра» деп аталады,  Аллаһ Елшісі ﷺМұхаммед пайғамбармен байланысты. Ислам күнтізбесі жылдың басы жылжи береді, һижраның Күн қозғалысына қатысы жоқ, ол тек Айға негізделген. Ауа райы ыстық болғандықтан, Араб елдері күндіз демалады, түнде Айдың жарығымен жұмыс жасайды. Ислам календарының шығуының басты себебі де осы.

Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы кеңес заманында еуроцентристік тұрғыдан ұсынылған болатын. Ал, МыңбайЫсқақов ешқандайцензураны қорықпай, кітаптың екінші тарауында былай  жазады: «…Батысқа, яғни, еуропалықтарға табынған тарихшылар ұзақ уақыт бойы Орта Азия халықтарының тарихын бұрмалап, жоққа шығарып, қазақ, өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ, тағы басқаларын«тарихты жасай алмаған» халықтар ретінде көрсетіп келген. Бұл – шапқыншылық пен соғысты жақтайтын колониализм сандырағы. Шынында, біздің халықтар – тамаша тарих жасаған, дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттіңдамуына үлес қосқан халықтар болды. Атақты ғалымдар Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби, ӘбуӘли ибн Сина, Әбу Райхан Бируни, Тарағай Ұлықбек, тағы басқалары көп жерлерге белгілі болған.

Мыңбай Ысқақовтың пікірі бойынша, дүниежүзі халықтарында болған ең жақсы күнтізбелердің бірі – Омар Хайамның календары. Омар Хайам –  ұлы ғалым, ойшыл-философ, дарынды ақын. Бұл күнтізбе 1079 жылғы 15 наурыздан – хижра бойынша 471 жылғы 10 рамазан айынан қолданыла бастаған. Алайда бұлкүнтізбе тек 12 жыл ғана қолданыста болған.  «Наурызнама» атты еңбегінде Омар Хайам ай атауларының алғашқы мағынасын сипаттайды, зодиакпен байланыстырады. Хайамның Наурызы кейін Қазақ календарына да ауысқан. Аңыздар бойынша, парсылар Жаңа жыл күнін Наурыз деп атайды (нау – жаңа, руз – күн деген сөз). Қазақтың Наурызы осыдан шыққан. Мехрам сөзінен мейрам сөзі шыққан. Жаңа жыл астрономиялық есеп бойынша 22Наурызға келеді.  Наурыз мейрамын «нау» сөзі де сипаттайды, ол бірталай тілдерде сақталған: орысша – нов(ый), немісше – нойе, латынша – нео, тағысын тағы. Сонда «нау» үнді-еуропалық халықтардың даралануынан бұрын пайда болған сөз болып шығады. Оған кемінде 5000 жыл болды!

Ғылымның кәрісі де, жасы да – астрономия. Ол өзге ғылымдардан әлдеқайда бұрын шыққан. Қазақстанның ежелгі тайпалары Күн мен Айдың қозғалысы, көптеген жұлдыздардың туатын, бататын кездерін, орындарын жақсы білген. Сол білімдер ауызәдебиеті арқылы атадан балаға мирас болып қалып отырған. ДауылпазСәкен тілімен айтқандай: «Ертегі болмаса да, хатта қалған, Аузында шежіренің – қартта қалған. Қарттардың баян қылған әңгімесін, Есіткен кейінгілер жаттап алған» («Көкшетау» поэмасы). Қазақта «алтын Күн, күміс Ай, маржан жұлдызды» жырға қоспаған ақын жоқ деуге болады. (Мыңбай Ысқақов, «Халық қалендары». Алматы,1980 жыл, 201 бет).

Қазақ халқы – көне түркі тайпаларының жұрағаты екені мәлім. Түркілердің әжептәуір астрономиялық білімі болған, олар көне заманнан мүшел календарын тек өздері қолданған. «Жетіқарақшы», «Үркер», «Темірқазық», тағы басқа атаулар бізге сол түркілерден қалған. Астрономиялық жұлдыздарды бақылайтын абыздарды біздің ата-бабалар «Жұлдызшылар» деп атаған. Бес үлкен планета қазақша былай аталады: Меркурий – Кіші Шолпан, Марс – Қызыл жұлдыз, Юпитер – Есек қырған, Сатурн – Қоңырқай жұлдыз, ал, Венера планетасына келер болсақ, қазақ халқы бұл жұлдызды 7 сөздерімен сипаттайды: Шолпан, Зұра, Зұһра, Өмір зая, Тұл қатын, Керуен жұлдызы.  Астрономияда Құс жолын Галактика  дейді. «Құс жолы» орысша «Млечный путь» деп аталады, мағынасы «Сүт жолы». «Млеко», қазіргі «молоко»сөзінің ескі нұсқасы. Бұл сөз грек тілінен тікелей аударылған.

Біздің заманымыздың І ғасырында кейбір араб тайпалары апта есебін қолдана бастаған, бұл есеп Сириядан келген және былай аталған: яуім әл-ахад – жексенбі, яуім әл-иснайн – дүйсенбі, яуім әс-саласа – сейсенбі, яуім әл-әрбыға – сәрсенбі, яуім әл-хамис – бейсенбі, яуім әл-джұмға – жұма, яуім әс-сәбіт – сенбі. Апта күндерін арабтар қазір де осылай атайды. «Әл-джұмға» – «жинақ» деген ұғымды, ал «яуім» сөзі «күн» деген мағынаны білдіреді. Арабтарда және мұсылман дінін тұтатын басқа да бірталай елдерде апта сенбіден басталып, жұмамен аяқталады, жұма демалыс күні болып есептеледі, аптаның қорытындысы сияқты. Ал, көне Парсы елінде, яғни,Иранда апта күндерінің есебі болған жоқ, бұны  бертін қабылдаған, сол тілде апта күндері былай аталады: шембе, йек-шембе, дө-шембе, се-шембе, чехар-шембе, пендж-шембе, джома. Қазақ тіліндегі күн аттары осыларға жақын екендігі сөзсіз. Мысалы, «пендж»  көне парсы тілінде «бес» деген санды білдіреді, санскритше – «панчан», грекше – «пенте», латынша – «пици», полякша – «пис», серб-хорватша және болгарша – «пет», орысша – «пять». Мағынасы бойынша бір қолдың саусақтарының саны.Түркі тілдес халықтарының апта күндерінің аттары да осы үлгімен жасалған: қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт, түрік, тыва, құмық, қарашай және тағы басқа халықтар.  Ал «апта» сөзі «жеті» деген мағынаны білдіреді. Жеті саны: санскритше – саптан, латынша – септем, грекше – хәпта, румынша – шәпта, парсыша – һәфта, тағы сол сияқты. Қазақ тіліндегі алғашқы түрі «Һапта» болған. Кейде «апта» орнына «жұма» деп айтылады.

Жоғарыда айтылғандай, мазмұны бойынша күнтізбелердіңекі түрі бір, бірі бірінші мағынасында қарастырылды.Екінші түріне келсек, олар тар мағынадағы күнтізбелер: кітапша, анықтамалар ретінде шығады. Мұндай календардың түрлері өте көп: аударылма,жыртпа календарь, кесте,табель-календарь, табиғат күнтізбесі, астрономиялық календарь, әйелдер күнтізбесі, оқушылар календары,тағы басқалары. Осындай күнтізбелердің бірі Көкшетау қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған. Ақмола облысының 1887 жылға арналған естелік кітапшасы, «адрес-календарь» деп аталады. Осында Көкшетау өңірі бойынша географиялық-статистикалық мәліметтер, тағы басқақызықты деректер берілген. Аталған іс-шара барысында «Музей қорындағы күнтізбелер» атты шағын көрме ұйымдастырылды.

Сөз соңында айтарым, Отандық ғылым саласына зор үлес қосқан Мыңбай Ысқақов біртуар дарындытұлға болған. Оның еңбегін құрметтеу, есімін дәріптеу, мол мұрасын  насихаттау – ұрпаққа  парыз.

Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану
музейінің аға ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар